Форум • Бүгін, 08:05

Әйел – тіршіліктің тірегі

50 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде «Ауыл әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» атты аймақтық форум өтті. Іс-шараға әр өңірден кәсібін кеңейтіп, табыстың кілтін тапқан іскер әйелдер қатысты. Форумды ұйымдастыруға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, облыс, аудан әкімдігі және «Ауыл» партиясы ұйытқы болды.

Әйел – тіршіліктің тірегі

Әртүрлі салада табысты еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, отбасы мен ел ісін тең ұстап жүрген әйелдер қауымы бас қосқан іс-шараны Алматы облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның төрағасы Ғани Майлыбаев өңір басшысының құттықтауымен ашты.

– Бүгінгі форум – ауылдық аймақ­тардағы әйелдердің әлеуетін кеңейтуге, олардың қоғамдағы, экономикадағы, рухани өмірдегі рөлін арттыруға арналған маңызды алаң. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде әйелдердің әлеуметтік, экономикалық мүмкіндіктерін арт­тыруға, отбасы институтын нығайтуға, өңірлердің теңгерімді дамуына айрықша мән беріліп отыр. Ауыл әйелдері – елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық дамуының маңызды тірегі, – деді Ғ.Айдарұлы.

Қазір Алматы облысында ауылдық жерде тұратын халықтың үлесі 80%-ға жуықтады. Биылғы қыркүйектегі ресми мәлімет бойынша облыс халқының саны 1,5 млн адам болса, оның ішінде 1,2 миллионы – ауыл тұрғыны. Бұл көрсеткіш ауылдық аумақтардың әлеуеті зор екенін, сол өңірлердің дамуы облыс пен ел экономикасының берік тірегі екенін дәлелдейді.

Сонымен қатар облыста кәсіпкер­лік қарқынды дамып келеді. Биылғы дерек бойынша Алматы облысында 22 мыңнан астам тіркелген заңды тұлға бар, оның 18 мыңнан астамы шағын және орта бизнес субъектілері. Бұл өткен жылмен салыстырғанда елеулі өсім. Аталған кәсіпорындардың ішін­де әйелдердің жетекшілік ететін үлесі
35%-ға жуық. Демек ауыл әйелдері тек отбасы мен тұрмыстық саланың ғана емес, сондай-ақ экономиканың, өндіріс­тің, аграрлық сектордың, әлеуметтік кәсіп­кер­ліктің де белсенді қатысушыларына айналып отыр.

Мемлекет ауыл әйелдерінің бастамаларын қолдауға ерекше назар ауда­рады. Алматы облысында кейінгі жылдары ауыл әйелдеріне арналған бір­қатар жоба мен бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. «Ауыл аманаты», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы шағын несиелер мен гранттар беріліп, «Бастау Бизнес», «Кәсіпкер ана» жобалары аясында кәсіпкер әйелдерге арналған оқыту курстары мен консалтингтік қолдау жолға қойылған. «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламалары аясында әйелдердің еңбек нарығына қатысу үлесі жыл сайын артып келеді. Тек өткен жылы облыс көлемінде 3 000-нан астам ауыл әйелдері мемлекеттік бағдарламалар аясында өз кәсібін бастауға немесе кеңейтуге қолдау алды.

Әлеуметтік салаларда, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесінде қызмет ететіндердің 70%-дан астамын әйелдер құрайды. Бұның барлығы – әйелдердің өңірдің дамуына қосып жатқан зор үлесінің айғағы.

– Ауыл әйелдерінің табысты өмірі – ауылдың өркендеуі мен елдің дамуының кепілі. Бүгінгі форум – өзара тәжірибе алмасып, жаңа идеялар мен ұсыныстарды талқылауға, қоғамның назарын ауыл әйелдерінің мәселелері мен жетістіктеріне аударуға бағытталған маңызды бастама. Сондықтан сіздердің әрқайсыңыздың белсенділігіңіз, жі­геріңіз, еңбектеріңіз – біздің ортақ табысымыздың негізі, – деген Ғани Айдарұлы іскер әйел-аналардың еңбек­теріне табыс, отбасыларына береке-бірлік тіледі.

Келесі кезекте сөз тізгінін алған Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Ауыл» партиясы орталық аппараты басшысының орынбасары Әйгерім Сәрсенбаева бұл жай ғана іс-шара емес, еліміздің әрбір ауылының тірегі саналатын әйелдер қауымының қоғамдағы рөлін айқындайтын, үлкен үміт пен сенімге толы басқосу екенін айрықша атады.

– Форумның Жамбыл ауданында өтуі – айрықша мәнге ие. Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың маңызды іс-шараларды тек қалаларда емес, шал­ғай аймақтарда, қарапайым еңбек адамдарының ортасында өткізу қажеттігі туралы тапсырмасының нақты орын­далуы. Біздің ортақ мақсатымыз – ауылдық өңірлердің әлеуетін ашу, әрбір ауыл әйелінің мүмкіндігін қа­ладағы әйелдің мүмкіндігімен теңес­тіру. Бұл – әділетті Қазақстанның негізі. Комиссияның негізгі жұмысы – әйелдер мен балалардың құқықтарын заңнамалық тұрғыдан күшейту. Ауыл әйелі – тұтас ауылдың әлеуметтік тұрақтылығын, берекесін қамтамасыз ететін тірек. Ауыл әйелі ана ғана емес, ол – экономиканың қозғаушы күші. Бұл әлеуетті мемлекеттік қолдау ар­қылы нығайту – біздің ұлттық міндетіміз, – деді Ә.Сәрсенбаева.

Статистикаға сүйен­сек, ауыл шаруа­шы­лығындағы әрбір 100 жұмыс­шының 40-ы – әйелдер. Бұл – ауыр ең­бектің тең жартысына жақыны. Ауылдың өзінде әрбір төртінші кәсіпкер – нәзік жандылар (27%-дан астам).

– Жамбыл ауданындағы тәжірибе мен сіздердің ұсыныстарыңыз Президент жанындағы әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның сараптамалық қорытындысына енгізіледі, заңнамалық бастамалардың негізі болады. Ауыл әйелдерінің еңбегі, төзімі мен мейірімі – қоғамның алтын діңгегі. Біз сіздерді бағалаймыз, сіздерге сенеміз. «Ауыл әйелі: Бірлік. Даму. Болашақ» жобасы – еліміздегі барлық ауыл әйелінің жарқын болашағына жасалған нақты әрі стратегиялық қадам, – деген Ә.Арыс­­танбекқызы форумды ұйымдас­тыруға атсалысқан облыс әкімдігіне ризашылығын білдірді.

Келелі басқосуда «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары, Орталық аппарат басшысы Ғалымжан Құсманғали да әйел-аналардың бақытты да табысты отбасын құрып, ел дамуына сүбелі үлес қосудағы ерен еңбектеріне алғыс айтып, дөңгелетіп отырған кәсіптеріне сәттілік тіледі.

Жиында сөз алған Жамбыл ауда­нының әкімі Нұрлан Ертас ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы әйелдердің үлесін айрықша атады.

– Жамбыл ауданы аумағында 24 ауылдық округ әкімдерінің 2-і, 12 бөлім басшыларының 4-і әйел. Аудан әкімдігі жанынан құрылған барлық консультативтік-кеңесші органдардың құрамына әйелдер кіреді. Сонымен қатар барлық ауылдық округтерде шешімдер қабылдауға белсенді қаты­сатын аналар мен ақсақалдар кеңестері құрылды. Отбасы институтын нығайту, отбасы құндылықтарын арттыру, отбасы өмірін жастарға насихаттау мақсатында жыл сайын ауданда «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіліп тұрады. Осы жылы ауданның 12 ауылдық округінен 12 отбасы қатысып, Қарасу ауылдық округінің тұрғындары, Қондыбаевтар отбасы жеңімпаз атанып, облыстық байқаудан жүлделі 3-орынды жеңіп алды, – деген аудан әкімі әйелдердің шағын және орта бизнесті дамытудағы, қоғамдық жұмыстарға атсалысудағы белсенділіктерін ерекше атап өтті.

Алматы облысы әкімінің гендерлік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қоғамдастықтар қоры» қоғамдық қорының атқарушы директоры, «Шелек фермерлері» кооперативінің құрылтайшысы Бақытгүл Елшібаева да өңірдегі кәсіпкерлік саласында жүрген әйелдердің белсенділігіне ерекше тоқталды. Алматы облысы гендерлік саясат жөнінде алдыңғы орында екенін мақтан етті. Өйткені 17 облыстағы 161 ауданның алтауын әйел басқарса, соның бірі Ұйғыр ауданының әкімі Бота Елеусізова екен. Сондай-ақ облыс­та ірі кәсіпорындарды басқаруда 19 әйел барын мысал еткен баяндамашы, әйел дамыған жерде ел де дамитынына, Отаны­мыздың да гүлдене түсеріне сенім білдірді.

«Әлеуметтік қолдау мен мемлекеттік бағ­дар­ламалардың ауыл әйелдеріне қолже­тім­ділігі туралы Алматы облысы жұмыспен қам­туды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ла­ма­лар басқармасы бас­шы­­сының міндетін ат­қарушы Ержан Бай­қоныс баяндады.

Ресми статистикаға сәйкес биыл­ғы жылдың екінші тоқсанының қо­рытындысы бойын­ша Алматы облысында жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыс­тырғанда 0,1%-ға төмен. Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына 38 мыңнан астам әйел жүгінген, оның 18 994-і жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қам­тылған. 16 788 әйел жұмысқа орналастырылып, соның ішінде 10 317-сі тұрақты жұмыс тапқан.

Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына да әйелдер кеңінен тартылады. Атап айтқанда, қоғамдық жұмыстарға – 4 503 адам, жас­тар тәжірибесіне – 565 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 294 адам, алғашқы жұмыс орны жобасына – 314 адам, ұрпақтар келісімшартына – 23 адам, күміс жас бағдарламасына 772 адам тартылды. Сонымен қатар ұлттық жобалар мен тұжырымдамалар аясында жаңа жұмыс орындары ашылып, 1 052 әйел тұрақты жұмыспен қамтылған. «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1 400 әйел кәсіпкерлік негіздеріне оқуға жолданса, 601 әйел қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өткен. Жұмыс іздеуші азаматтарға жыл басынан бері 46 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған 565 жұмыс беруші қатысып, 2 595 бос жұмыс орны ұсынылған. Алыс ауыл­дардағы тұрғындарға да қолжетімді болу мақсатында мобильді жұмыспен қамту орталықтары құрылып, жыл басынан бері шалғай елді мекендерге 66 рет шыққан.

Форумның «Ауылдық жерлердегі әйелдердің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту: өңірлік даму саясатының негізі» атты пленарлық отырысында «Шағын және орта бизнесті дамыту механизмдері» атты тақырыпта баяндама жасаған Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-ин­новациялық даму басқармасы басшы­сының орынбасары Айгүл Манасбаева бүгінде Алматы облысының жалпы өңірлік өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 47%-ға жеткенін мысал етті. Облыста 156 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген, олардың шамамен 45%-ын әйелдер басқаратын кәсіпорындар құрайды. «Әйелдер кәсіпкерлігі, әсіресе, ауылдық жерлерде агроөнеркәсіп, қолөнер, қызмет көрсету, туризм салаларында белсенді дамып келеді», – деді баяндамашы.

Шағын және орта бизнеспен қатар облыста ірі кәсіпорындарға да баса назар аударылады. Облыста қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру мақсатында жалпы ауданы 1 786 гектарды құрайтын 6 индустриялық аймақ құрылды. Атап айтқанда, «Береке» – 27 га, «Қайрат» – 375 га, «Шелек» – 244 га, «Қазыбек бек» – 900 га, «Тасқарасу» – 120 га, «Сұңқар» – 120 га. Бүгінде «Береке», «Қайрат» индустриялық аймақтары толыққанды жұмыс істеп тұр. «Шелек», «Қазыбек бек» аймақтары жобалау сатысында, «Тасқарасу», «Сұңқар» аймақтары қалыптастыру кезеңінде.

Сонымен қатар облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтың тапсырмасына сәйкес қосымша тағы 9 индустриялық аймақ құрылып жатыр. Оның 7-і үлкен Алматы айналма автомобиль жолының бойында орналасып, жалпы ауданы 2 500 гектарды құрайды. Қалған 2 аймақ Қонаев қаласында (300 га), Жамбыл ауданының Үлкен ауылында (400 га) орналасады.

Кәсіпкерлік саласында нар тәуекелге барып, ерлермен үзеңгі қағыстыра еңбек етіп, ел экономикасын ілгерілетіп жүрген аяулы жандар, Алматы облыс­тық әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салааралық кеңестің төрағасы Ләззат Ботабекова, «Нұралы» шаруа қожалығының басшысы, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты Камшат Төлеуова, жеке кәсіпкер, шаруа қожалығының басшысы Юлия Барсукова, Ақмола облысы, Ақкөл ауданы, Еңбек ауылынан келген жеке кәсіпкер Жұма Нұрғалиева, Ақмола облысы, Қосшы қалалық мәслихатының депутаты Динара Райханова өздерінің кәсіпке келудегі алғашқы қадамдарын мысалға ала отырып, мақсаты айқын, сенімі зор адамның алар асуы әрқашан биік болатыны жайлы әңгімелеп берді. Табысқа жету жолындағы қиын да қызыққа толы өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.

Аналардың алқалы басқосуында білім мен еңбектің тізгінін тең ұстап, жарқын идея, айқын мақсатпен жетістікке жетіп жүрген аяулы апалар да белсенділікпен үн қатты. Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылында тұратын зейнеткер, «Ақ ырыс» табиғи үй өнімдерін өндіретін жеке кәсіп иесі Сайыпжамал Өтеп апа өндірісін кеңейту мақсатында солтүстікке қоныс аударуға ниетті екенін ортаға салды.

Сөз кезегін алған ақсамайлы аналар кәсіпті өркендетумен қатар, отбасының өміріне жауапты әйел-аналардың ұрпақ тәрбиесін уыстан шығарып алмауын ұмытпау қажеттігін де қадап айтты. Сөйтіп, еркін диалогте өткен форумнан зор әсер, айқын бағыт-бағдар, келелі кеңес алғандарына ризашылықтарын білдіре тарқасты.

 

Алматы облысы