Зияткерлік мектептің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Итбалық сақшылары» жасағының белсенділері мен Маңғыстау облысы Балық шаруашылығы басқармасының жануарлар дүниесін қорғау қызметі инспекторлары бірлесіп «Эко-көзқарас» атты пікірталас алаңын ұйымдастырды. Кездесу барысында өңірдегі ең өзекті мәселе – Қызыл кітапқа енген Каспий итбалығының қырылу себептері талқыланды. Жас экологтар Каспий теңізі эндемигінің азаю себептерін зерттеуге, өлекселерді жинау және талдау жұмыстарына ерікті ретінде атсалысуға дайын екендіктерін білдірді.
Пікірталаста «Эколидер» клубының ұсыныстарының бірі – итбалық табылған жағдайда әрекет ету алгоритмін әзірлеп, оны туристер жиі баратын жерлерге орналастыру және халыққа кеңінен жариялау мәселесі көтерілді.
«Таза Қазақстан» – тек қоқыстан тазартылған көшелер ғана емес, ол – Каспий жағалауының жүздеген өлі итбалықсыз таза қалпына келуі», деді «Эколидер» еріктілер клубының жетекшісі Бақытгүл Жақсылықова.
Кездесуге «ECOJER» қауымдастығының аймақтық экокеңесі мен «QazaqBalyk» қауымдастығының облыстық филиалы өкілдері қатысып, NIS жас экологтарының бастамаларына қолдау білдірді.
Маңғыстау облысы