Елорда • Бүгін, 16:50

Елорда көшелерінің біріне Марко Поло есімі беріледі

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада «Астана-Арена» спорт кешені мен «Алау» мұз сарайының арасындағы атауы жоқ көшеге әйгілі саяхатшы Марко Полоның есімі беріледі. Сондай-ақ елордадағы тағы екі көшеге жаңа атау беру туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz

Елорда көшелерінің біріне Марко Поло есімі беріледі

Бұл шешім бүгін елорда мәслихатының сессиясында қабылданды. Тиісті ұсынысты Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жариялады.

«Жуырда, қыркүйек айында, елімізге Италия президенті ресми сапармен келді. Осы кездесу барысында Мемлекет басшысы Астанадағы орталық көшелердің біріне Марко Полоның атын беруді тапсырған болатын», деді ол.

Марко Полоның есімі берілетін көше Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарын жалғайтын учаскеде орналасқан.

Сәкен Есіркептің айтуынша, әйгілі саяхатшы Марко Поло (XIII–XIV ғғ.) Еуразия халықтарының тарихын зерттеуге зор үлес қосқан және қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген ата-бабаларымыз туралы құнды деректер қалдырған.

«Ол Жерорта теңізінен Қытайға дейінгі ұзақ сапар шегіп, жол бойындағы елдердің тұрмыс-тіршілігін егжей-тегжейлі сипаттаған. Оның жазбаларында қыпшақтар, түркілер және Алтын Орда туралы маңызды мәліметтер бар», деді ол.

Бұдан бөлек, мәдени ынтымақтастық аясында Қазақстан мен Италия арасындағы байланыс нығайып келе жатқаны айтылды.

«Жақында Италия астанасы – Римде, Вилла Грациоли саябағында ұлы қазақ ақыны Абайдың бюсті ресми түрде ашылды», деді Сәкен Есіркеп.

Сонымен қатар, Астанада тағы екі көшеге атау беру ұсынылды:

  • Е15 көшесіне — Мұхаммед Али Джинна;

  • Е754 көшесіне — София атауы беріледі.