Аймақтар • Бүгін, 17:05

Қарағанды облысында азық-түлік бағасы қалай тұрақтандырылмақ?

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып жатыр. Аграрлық секторға салынған инвестиция көлемі екі есе өсіп, 44 миллиард теңгеге жетті. Биылдың өзінде 18 жоба іске қосылған.

Қарағанды облысында азық-түлік бағасы қалай тұрақтандырылмақ?

«Бағаның өсуін тежеу үшін жергілікті өндірушілермен форвардтық келісімшарттар жасасып, нан пісіру кәсіпорындарын қолдап, әлеуметтік павильондар ашып жатырмыз. Онда фермерлер өз өнімдерін делдалсыз, тегін берілген сауда орындарында тікелей сата алады. Бір павильон ашылды, тағы екеуінің құрылысы жүріп жатыр. Бұл – қала тұрғындары үшін сапалы әрі қолжетімді өнім алу мүмкіндігі, ал фермерлер үшін өткізу нарығын кеңейтуге жол ашатын тиімді алаң», деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Облыста егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары қолға алынған. Биыл азықтық дақылдардың көлемі 30 пайызға артса, майлы дақылдар алқабы екі есе ұлғайған. Өңірде сүт өнімдеріне деген ішкі сұранысты жабу басты мақсаттардың бірі болып отыр. Нұра ауданында 1 100 басқа арналған сүт-тауарлы ферма іске қосылып, жылына 9 мың тонна сүт өндіреді.

Ал Осакаров ауданында 6 мың басқа арналған ірі ферма салынуда, ол жыл сайын 55 мың тонна өнім өндіруді қамтамасыз етеді.

Ермағанбет Бөлекпаев Saumal Biotech кәсіпорнын мысал ретінде келтіріп, оның бие мен түйе сүтінен жасалатын лиофилденген қоспалар мен мал азығын өндіретінін атап өтті.

«Өткен жылдан бастап бұл зауыт өнімін АҚШ-қа экспорттап, Қытаймен де серіктестік орнатты. Бұл – отандық өнімнің шетелдік нарықта бәсекеге қабілетті екенін және жоғары сұранысқа ие екенін дәлелдейді», деді аймақ басшысы.

Жалпы, агроөнеркәсіптік секторда 47 миллиард теңгеге 31 жоба жүзеге асырылмақ, соның нәтижесінде 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.

Қарағанды облысы