Біріккен Ұлттар Ұйымының мәртебесін арттыра түсетін бұл сурет – әлемдегі ерекше мұрал. Жылдар бойы әлемнің әр түкпірінде аса беделді халықаралық ұйым тақырыбына арналған ірі өнер жобалары жүзеге асқанымен, бұл жұмыс аса беделді халықаралық ұйым мандаты мен орнықты даму мақсаттарының мазмұнын қазақтың көшпелі мәдениетімен ұштастырып, көз тартатын астарлы мәнімен де ерекшеленеді.
«Living Atmosphere» компаниясының бастамасымен Әділ Әубәкіров салған ұзындығы – 36, биіктігі 6 метр ауқымды туындының өмірге келуіне «Shymbulak» курорты, БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесі қолдау көрсетіпті.
Мұралдың салтанатты ашылу рәсімінде БҰҰ Жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек бұл қоғамның, жергілікті әріптестердің ұйытқы болуымен салынғанын тілге тиек етті.
Шымбұлақ биігіндегі мұралдың тұсаукесеріне дипломатиялық корпус пен БАҚ өкілдері қатысып, таулы аймақта туған жобаның тұжырымдамасымен, жасалу тарихы, техникалық шешімдерімен танысты.
«Құрақ көрпемізде әрбір бөлшек маңызды, әрбір бөлік ортақ өрнектің ішінде өз орнын табады. Мұның астары жанымызға жақын – біз де дамуымызды экологиялық жауапкершілікке, сабақтастық пен табиғатқа деген құрметке сүйене отырып құрамыз. Бұл жұмыс «Shymbulak» курортының рухымен үндеседі», дейді «Chimbulak Development» басқарушы директоры Нұрлан Сейітқазин.
«Мұрал тұжырымдамасы көшпелілердің көрнекі де материалдық емес мұрасына сүйеніп, символдар тілін заманауи көркем формаға айналдырады. Әрбір бөлшек өз мағынасын сақтайды. Оларды біріктіре отырып, бізді қауым ететін құндылықтар туралы сыр шертіп, табиғатқа, көршілерімізге, бейбітшілікке деген құрметімді білдіремін. Бұл мұрал – БҰҰ 80 жыл бойы қорғайтын құндылық құрағы ғана емес, болашаққа бағытталған көшпелілердің көзқарасы», дейді суретші Әділ Әубәкіров.
АЛМАТЫ