Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Президент айқындаған құндылық
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекітті. Құжатта «Қазақстандық патриотизм – мемлекетке, оның рәміздері мен ұлттық мәдениетіне құрметпен қарау, еліміздің тарихи және рухани құндылықтарын қадірлеу, Отанымыздың бүгіні мен болашағына жауапкершілікпен қарау деген мағынаны білдіреді. Азаматтардың отаншылдық қасиеті еліміздегі әлеуметтік-экономикалық және мәдени үдерістерге белсене атсалысу, жалпыұлттық құндылықтарын ұстану арқылы көрініс табуға тиіс» делінген.
Бұл қазіргі қоғамда патриотизмнің азаматтық жауапкершілік, еңбекқорлық және адалдық ұғымдарымен толыққанын көрсетеді. Ендігі міндет – осы құндылықтарды күнделікті тірліктің өзегіне айналдыру, яғни патриотизмді нақты іс-әрекет пен жауапкершілік деңгейіне негіздеу. Ал мұны жүзеге асырудың бір тетігі – жас ұрпақты тәрбиелеу.
Бүгінде мектептер мен жоғары оқу орындарында отаншылдықты насихаттайтын жобалар, әскери-патриоттық клубтар бар. Мәселен, Қазақстан Қарулы күштерінің әскери басқару органдары 3490 жалпы білім ұйымымен тығыз байланыс орнатып, «Ерлік сабақтары» сынды жобаларын жүзеге асырған. Оған мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің 450 мыңы қатысқан. Шалғай елді мекендердің өзінде де 200-ден аса кездесу өтіпті. Сондай-ақ «Ардагер өсиеті» жастар марафоны ұйымдастырылған. Онда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінің өсиеті, батырлығы насихатталады.
Мұндай жобалар отансүйгіштік сезімді жүйелі түрде қалыптастыруға бағытталғанымен, олардың ықпалы көбіне біржақты – әскери сипаттан аса алмай отыр. Демек мәселе – тәрбиенің берілу тәсілінде, патриотизм аясының әлі де тарлығында.
Z және Alpha ұрпақ: ұран емес, шынайылық керек
Бұл пікірді жастармен тікелей жұмыс істейтін мамандар да растайды. «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Ақнұр Тұрдалиева зумерлерге, әсіресе альфа ұрпаққа, патриотизмді ұрандар не кезекті іс-шаралар арқылы сіңіре алмайтынымызды ашып айтты.
– Қазіргі буынның патриотизм туралы түсінігі, жалпы оның салатын идеясы, қабылдануы өзгеше. Яғни отаншылдықты әдемі сөздермен емес, бүгінгі жастар нақты іспен дәлелдегісі келеді. Меніңше, бұл ұғымды насихаттауда тек жүйелілік жетіспейді. Біз әлі «отаншылдық сезімін оятатын» бір реттік іс-шаралардан алыс кеткен жоқпыз. Негізі кез келген жастарға қатысты мәселеде әріптестік формада жұмыс істеу керек. Идеологияны жоғарыдан төмен емес, бірге құруға дағдылану қажет. Сонда ғана өскелең ұрпақ маңызды шешімдердің өздеріне де қатысты екенін түсінеді. Санасында өзін елмен бірге байланыстыра қарайды. Болмысында «менің елім» деген түсінік орнығады, – дейді А.Тұрдалиева.
Бірлестік басшысының сөзінің жаны бар. Кейінгі кездегі жүргізілген халықаралық зерттеулерге иек артсақ, қазіргі жас ұрпақ шынайылықты, түйіп алар ойы бар мысалдарды, нақты нәтижені көбірек бағалайды. Олар әділдік, қайырымдылық және жауапкершілікті алдыңғы орынға қояды. Әрі мұны азаматтық белсенділік таныту, әртүрлі экологиялық, волонтерлік бастамаларға қатысу арқылы көрсетіп жүр. Бұл ойды отандық «Жастар» ғылыми зерттеу орталығы жүргізген сауалнамалық зерттеулер қуаттайды.

– Бұл буынның әрекеттерін түсіндіруде дәстүрлі өлшеммен емес, жаңа әлеуметтік және цифрлық контекспен қараған абзал. Жас ұрпақ еркіндік пен өзіндік көзқарасқа жауапкершіліктің жаңа формасымен қарайды. «Өзіндік болмыс» тек жеке таңдау емес, әлеуметтік қатысудың құралы деп есептейді, – дейді «Жастар» ғылыми зерттеу орталығы талдау және коммуникация басқармасының сарапшысы Лаура Сансызбаева.
Жастармен тіл табысудың ең тиімді жолы – олардың өмір сүру ортасын, яғни цифрлық кеңістікті дұрыс түсініп, соған сай әрекет ету. Осыны ескерген Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы жастардың қабылдау ерекшелігіне бейімделген контент ұсыну қажет екенін айтады.
– Патриотизм мен отаншылдықты насихаттау бағытында мемлекет пен қоғамдық ұйымдар тарапынан түрлі бастамалар қолға алынып жатыр. Мектептер мен жоғары оқу орындарында түрлі тәрбиелік жобалар жүзеге асуда, әскери-патриоттық клубтар, волонтерлік қозғалыстар дамып келеді. Сонымен қатар жастар арасында әлеуметтік желі арқылы отансүйгіштік идеяларын тарату да жиі кездеседі. Дегенмен бұл насихаттың формасы мен мазмұны кейде жастардың қабылдау ерекшелігіне сай келмей жатады. Сондықтан нақты адамдардың оқиғаларына, жетістігіне негізделген әлеуметтік роликтер, сериал, блог, подкаст сынды контент көбірек қажет. Байқасаңыз, қазіргі таңда отаншылдықты насихаттайтын деректі фильмдер аз. Азаматтар бүгінде көп уақытын TikTok, YouTube және Instagram секілді платформаларда өткізеді. Демек патриоттық идеяларды тарату тетігі де дәл осы алаңдарға бейімделуге тиіс, – дейді депутат.
Рөлдік модель маңызды
Бұған қоса қоғамда «нағыз патриот» бейнесін көрсететін заманауи тұлғалар көбірек насихатталуы керек. Әрине, батырлар жыры мен тарихи кейіпкерлер – ұлттық кодтың маңызды бөлігі, алайда бүгінгі ұрпаққа заманауи үлгі де қажет. Патриот тек жауынгер не батыр ғана емес, ол ғалым, дәрігер, фермер, кәсіпкер немесе волонтер болуы мүмкін.
– Бізде рөлдік модельдер көп, бірақ оларды жастар арасында кеңінен дұрыс әрі оңтайлы насихаттау жағы үлкен мәселе болып тұр. Көбіне рөлдік модель ретінде әйгілі спортшы, әнші, т.б. деп қарастырылады. Жастар ауызбен орақ орып, халықтың психологиялық санасындағы проблемаларды алға тартып, көшбасшы болуға ұмтылған азаматтарды емес, нақты іс-әрекетімен Отанның дамуына үлес қосқан немесе шағын аудиториясы болса да, елдік мәселелерде бас болып жүрген тұлғаларды қолдайды. Мысалы, патриотизмнің практикалық сипаты ретінде волонтерлікті алайық. Қазір республика көлемінде игі істе шет қалатын жас буын аз. Көпшілігі кез келген қиындықта, түрлі бастамаларда жұдырықтай жұмылып, әрекет етуге, еріктілікке әр кез дайын. Бастапқыда қоғамда бұл тренд болса, бірте-бірте нақты іс-әрекеттерге ұласты. Сол секілді өзге де құндылықтарды ұстанымға айналдыруға болады. Бұл ретте нақты тұлғалар әсер ете алады. Экологиялық мәселелерді шешіп жүрген жас маман, ғылымның дамуына үлес қосқан ғалым, кәсіпкерлікті ілгерілетуге сеп болған стартапшы секілді түрлі салада мұндай жастар бар. Қоғамға нағыз патриоттың бейнесін көрсете алатын жаңа рөлдік модельдер қажет. Әрине, тарихи тұлғалар да рөлдік модель бола алады. Алайда оларды қызықты форматта жеткізу – уақыт талабы, – дейді «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы А.Тұрдалиева.
Жүйеленген идеология қажет
Ал мұндай рөлдік үлгілердің жүйелі түрде қалыптасуы мен насихаттауда бірізділік қажет. Осы орайда мәжілісмен Жарқынбек Амантайұлы еліміздегі әскери-патриоттық клубтардың идеологиясы мен әдістемелік базасын орталықтандыруды ұсынады.
– Қазір елімізде жүздеген әскери-патриоттық клуб бар, бірақ олардың көпшілігі бір-бірінен тәуелсіз, өз ережесімен жұмыс істейді. Нәтижесінде, идеологиялық және әдістемелік тұрғыдан бірізділік жоқ. Бір өңірде жақсы жүйе қалыптасса, екіншісінде ол мүлде басқаша деңгейде болуы мүмкін. Көп жағдайда Тәуелсіз Қазақстанның емес, ескі кезеңнің идеологиясына сай жұмыс жүргізіліп жатады. Әскери-патриоттық клубтардың ұстанымы, бағдарламасы әлемдік үдеріспен бірге дамып, заманауи талаптарға сай жетіліп отыруға тиіс. Сондықтан бұл клубтардың біртұтас идеологиялық және әдістемелік орталығын құрған абзал.

Мұндай орталық алдымен бірыңғай оқу бағдарламаларын әзірлейді, тәлімгерлер мен нұсқаушыларды даярлайды, жастардың патриоттық тәрбиесіне арналған материалдарды (видео, әдістемелік нұсқаулық, тренинг сценарийлері) жүйелейді. Өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Әрине, бұл айналып келгенде, қаржыға тірелуі – ықтимал. Бірақ отансүйгіш жастарды баулитын әскери-патриоттық клубтардың жұмысын бақылап, жүйелеу ұлттық қауіпсіздікке қатысты мәселе екенін де естен шығармау керек. Жастар үшін қазір патриот болу – тек ту ұстап, ұран салу емес, өз ісінде адал болу, сапалы білім алып, елге қызмет ету, қоғамдағы әділеттілікті қолдау деген сөз. Сондықтан бұл құжат патриоттық тәрбиенің жаңа стандартын қалыптастырады. Енді маңыздысы – осы қағидаттарды жүзеге асыратын нақты тетіктер мен жобаларды іске қосу, – дейді депутат.
Патриотизм – сөздің емес, істің өлшемі. Тек осылай тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген жетістіктерімізді мемлекеттің және жауапкершілігі мол отаншыл азаматтардың жасампаз қызметі арқылы ғана сақтап, еселеуге болады.