Логистика • Бүгін, 11:04

Биыл 80 вокзал пайдалануға беріледі

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров теміржол вокзалдарын жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарының барысы туралы бірер күн бұрын Үкімет отырысында айтқан еді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл 80 вокзал пайдалануға беріледі

Фото: Көлік министрлгі

Вице-министрдің айтуынша жобаның тапсырыс берушісі – «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы, ал мердігер ұйымдар жергілікті атқарушы органдар тарапынан ұсынылған.

«Қазіргі уақытта 100 нысан бойынша жобалық-сметалық құжатама мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Қыс мезгіліне дайындық қамтамасыз етілген. Жолаушыларға арналған уақытша құрылыстар мен күту аймақтары әзір.

124 нысанның 121-інде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал қалған 3 вокзал бойынша тарихи-мәдени мұра нысандары ретінде ғылыми-зерттеулер жалғасып жатыр, сол 3 нысанға жөндеу 2026 жылы жүргізіледі», деді вице-министр.

Оның айтуынша вокзалдардың шамамен 70%-ы отыз жылдан астам уақыт бойы жөндеу көрмеген. Техникалық тексерулер нәтижесінде кейбір тіреуіш бағандар мен жекелеген конструкцияларда ары қарай пайдалануға жарамсыз ақаулар анықталған. Осыған байланысты 42 нысан толықтай бұзылып отыр.

«Биыл 80-нен астам вокзал пайдалануға беріледі. Жергілікті атқарушы органдар мен мердігер ұйымдар құрылыс-монтаж жұмыстарының қарқынын күшейтуі қажет», деді ол.