Оқиға • Бүгін, 11:27

Отандық такси нарығына жаңа компания келуі мүмкін

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халықаралық Veon компаниясы Қазақстанда цифрлық экожүйе қалыптастыруға кірісті. Bloomberg агенттігінің мәліметінше, компания қазірдің өзінде OLX Group-тың еліміздегі бөлімшесін сатып алу жөнінде келісімге келген. Ендігі мақсат – Kaspi.kz сияқты ірі финтех компаниясымен, сондай-ақ «Яндекс» басқаруындағы жергілікті такси сервистерімен бәсекеге түсу, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отандық такси нарығына жаңа компания келуі мүмкін

Фото: istockphoto.com

Veon бас директоры Каан Терзиоглуның айтуынша, компания өз бизнесін дәстүрлі инфрақұрылымнан цифрлық қызметтерге дейін әртараптандыруға ниетті. Қазіргі таңда Veon жалпы табысының 18 пайызын цифрлық бағыттан табады, ал үш жыл ішінде бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін арттыруды көздеп отыр.

Қазақстанда Veon компаниясы Simply платформасы арқылы қаржылық қызметтерін ұсынып келеді. Терзиоглудың сөзінше, такси мен жеткізу қызметін іске қосу үшін алдағы 12 айда қала таңдалып, жобаның алғашқы кезеңі басталады.

Бұған қоса, өткен аптада Beeline Kazakhstan (Veon еншілес компаниясы) Starlink Direct to Cell жобасымен келісімге келгені белгілі болды. Осы серіктестік арқылы 2026 жылдан бастап Қазақстан тұрғындары спутниктік байланыс арқылы хабарлама жібере алады, ал кейінірек жаһандық желіге тікелей қосылу мүмкіндігі пайда болады.