Белгілі ресейлік саясаттанушы және аймақтанушы Михаил Виноградов редакциямызға берген сұхбатында Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжылдық серіктестіктің негізін, Президент Тоқаевтың дипломатиялық стилін және қазіргі халықаралық жағдайдағы теңгерімді ұстанымы туралы ой бөлісті.
– Михаил Юрьевич, Қазақстан мен Ресей арасындағы көпжылдық серіктестіктің негізгі бағыттары қандай? Бұл байланыстардың тұрақтылығын не қамтамасыз етеді деп ойлайсыз?
– Менің ойымша, Ресей мен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимыл мен серіктестіктің басты факторы – көрші болуы. Екі елдің ортақ шекарасы, тарихи байланыстары, ұқсас нарықтары және кей жағдайда ортақ сын-қатерлері бар. Осындай географиялық және тарихи жақындық қарым-қатынастың табиғи негізін қалыптастырады.
Көрші болу, бір жағынан, прагматикалық ұстанымды қамтамасыз етеді. Тараптар жедел әрі тиімді келісімдерге келе алады. Әрине, көрші елдердің арасындағы байланыстар әрқашан мінсіз бола бермейді. Бірақ Ресей мен Қазақстан жағдайында өзара түсіністік бар. Кейбір жағдайларда Қазақстанды Ресей үшін Орталық Азиядағы ең түсінікті және болжамды серіктес деп атауға болады.
Президент Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі бұл модельге толық сәйкес келеді. Ол көрші елдермен, соның ішінде Қытаймен де тату көршілік саясатын тиімді жүргізіп келеді. Бұл қазіргі халықаралық жағдайда аса маңызды фактор.
– Қазақстан Президентінің Ресейге сапары екі елдің қазіргі саяси өзара іс-қимылының деңгейін қалай көрсетті деп ойлайсыз?
– Бұл жерде екі маңызды аспект бар. Біріншіден, Қазақстанның айрықша мәртебесі. Қазақстан мен Ресейдің байланыстары тұрақты және прагматикалық сипатқа ие. Бұл – өзара сенім мен теңгерімді диалогтың нәтижесі. Екіншіден, Тоқаевтың Ресей тарапынан толыққанды көшбасшы ретінде мойындалуы маңызды. Бұл кездесу Қазақстан Президентінің халықаралық және өңірлік деңгейдегі беделін нақтылай түседі.
– Сіздіңше сапарда қандай мәселелер мен салалар басымдыққа ие болды?
– Кез келген жоғары деңгейдегі кездесулерде, әрине, кейбір келіспеушіліктер мен айырмашылықтар талқыланады. Дегенмен, мен бұл жағдайды екіұдай деп сипаттар едім. Бір жағынан, Ресейде Қазақстанға деген жылы және түсіністікке толы көзқарас бар. Психологиялық және мәдени тұрғыдан елдеріміз бір-біріне жақын. Екінші жағынан, Ресейдің соңғы жылдардағы ішкі үрдістері, соның ішінде посткеңестік кеңістікке қатысты жабықтық, миграциялық саясаттың күшеюі белгілі бір қиындықтар туғызады. Бұл құбылыс Қазақстан азаматтарына да әсер етеді. Шекарадағы ұзақ тексерулер, интернет шектеулері, еңбек нарығындағы тосқауылдар сияқты жағдайлар жиі кездеседі.
Сондықтан Қазақстан үшін осы мәселелердің шешілуі – өз азаматтарына қатысты кемсітусіз және тең құқықты қатынасты қамтамасыз ету ерекше маңызды тақырыптардың бірі болады деп ойлаймын.
– Сіздің ойыңызше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы өзіндік стилі қандай? Оның ерекшелігі неде?
– Тоқаев мырзаның стилі мен жалпы, Қазақстанның сыртқы саяси бағытының басты ерекшелігі – тепе-теңдікті сақтау. Бұл – нақты ұлттық мүдделерге негізделген прагматикалық саясат. Ол абстрактілі немесе идеологиялық ұрандарға емес, нақты мақсаттарға сүйенеді.
Тоқаевтың ерекшелігі – түрлі державалармен тең дәрежеде диалог жүргізе білу қабілетінде. Ол Мәскеумен де, Вашингтонмен де, Пекинмен де, Брюссельмен де өзара тиімді сөйлесе алады. Бұл үлкен дипломатиялық тәжірибе мен салқынқанды стратегиялық ойлауды қажет ететін қасиет.
Сонымен қатар ол халықаралық қатынастарда жасанды, «қолдан жасалған» даулардан аулақ болуға тырысады. Осындай сабырлы және теңгерімді саясат ұзақ мерзімді сенім мен тұрақтылыққа негізделген. Сондықтан мен Тоқаевтың дипломатиялық стилін стратегиялық тепе-теңдіктің үлгісі деп бағалаймын.