Сурет: damu.kz
«Ala Sintez» бас директоры Юрий Дюпиннің айтуынша, өнімнің мұндай түрін қолданбайтын кәсіпорын кемде-кем. Олар бірінші кезекте бизнес тарихына басымдық береді.
– Бұл ретте, біздің ішкі нарықтан да, сыртқы нарықтан да жасырып қалатын құпиямыз жоқ. Қаржы айналымы түгел ашық, жария түрде жүреді. Біз серіктестермен байланысқа шыққанға дейін бизнес-тренингтеріне қатыстық, жұмысшыларымызды тәжірибе алмасуға жібердік. Қысқасы, өзімізді барлық жағынан бизнес-серіктес бола алатынымызды дәлелдедік. Әріптестіктің мұндай түрі бізді бизнес дипломаты ретінде қалыптастырды. Қазір әлемнің кез келген компаниясымен әріптестік байланыс орнатуға дайынбыз, дейді ол.
Кронен-тығынды дайындау мен төсемдерді қалыптастыру соңғы үлгідегі италиялық жабдықтарда жасалады. Сапа мен технологияның сақталуын бақылауды өз зертханасы жүзеге асырады. Зертхана шикізатты кіріс бақылауынан бастап дайын өнімге дейін өндірістің барлық кезеңдерінде толассыз бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін жабдықтармен қамтылған. Қаңылтырды лактау және литографиялау (кронен-тығын жасалатын негізгі шикізат) осы салада 50 жылдан астам тәжірибесі бар, өз жабдықтарын шығару кезінде заманауи және инновациялық шешімдерді қолданатын Crabtree of Gateshead Ltd ағылшын компаниясының қазіргі заманғы жабдықтарында жүзеге асырылады.
Компания басшысының айтуынша, әлемдік деңгейдегі компаниялармен келісімшарт халықаралық платформалар арқылы жасалады. Қазіргідей интеграцияның өзі цифрланып кеткен заманда мұның түк те қиындығы жоқ. Тек қана бизнес-репутацияң мінсіз болса болғаны. Дамыған елдерде бизнес бәсекелестік жағдайында ғана дамиды. «Ala Sintez» бизнес айдынына желкенін желбіреткен кезде ішкі нарықта бәсеке аз болды. Қалталылар «қақпақтан не пайда» деген ұстанымда болса, қалтасы көтергендер алып-сатуға ден қойды. Әу баста пластик қақпақтарға басымдық берілсе, кейін темір қақпақтың өзін алтын тәжге ұқсатып шығаруды ұйғарған. Сынақ үшін алғашқы партиясы Ирландияға жөнелтілген. Олар қазақ даласынан жеткен қақпақтың сусындағы газды қанша уақытқа дейін сақтай алатынын 1 жыл бойы зерттеп барып, келісімге келді. Содан кейін басқа компаниялардан да сұраныс түсе бастаған.
Өндірісті кеңейту үшін компанияға «Ұлттық жоба» бағдарламасы бойынша 893 млн теңге субсидия берілген, одан бөлек «Өңдеу және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейтін шағын және орта бизнесті қолдау» бағдарламасы аясында 349 миллион теңге жеңіл несие алды. Ал «Өрлеу» бағдарламасымен берілген жеңіл несиенің жалпы сомасы – 130 млн теңге.
«2019 жылы біз алғаш рет «Даму өндіріс» бағдарламасы бойынша мемлекеттің қолдауын пайдаландық. «Halyk Bank»-тен 6%-бен 349 млн теңге несие алдық, қаражат шикізат пен жабдық сатып алуға бағытталды. Сондай-ақ «Даму өндіріс» бағдарламасы бойынша жылдық мөлшерлемесі 6%-бен қарыз алдық, ал жетіспейтін кепіл сомасына «Даму» қоры тарапынан кепілдік түрінде 169,6 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді», дейді Ю.Дюпин.
Саудаға салған капиталдың қайтарымы көп күттірмейді. Ал бизнеске жанкештілік пен төзім керек. Кейіпкеріміздің айтуынша, өндірісте жүрген кәсіпкерлердің баршасы өз елінің нағыз патриоты.
«Кейінгі жылдары ШОБ-тің ІЖӨ-дегі үлесінде өсім бар. Бұған мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде қол жетті. Аталған фактор біздің шетелдегі серіктестеріміз үшін де маңызды. Олар бірінші кезекте бизнес пен билік арасындағы әріптестіктің нәтижесіне назар аударады. Бұл ретте бізге ешкім сын айта алмайды. Өндірісті алға жылжыту үшін бізге қолдау қажет. Әзірге тек 21 пайыздық несие ғана мүмкін болып тұр. Бұл тауар өндірушілер үшін тиімсіз пайыз», дейді Ю.Дюпин.
АЛМАТЫ