Digital • Бүгін, 08:18

Білімді насихаттайтын стартап

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Digital Business» пен «Astana Hub» бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында небір мықты жобалар таныстырылып жатыр. Солардың ішінде ерекше көзге түскені – Ерсұлтан Ермановтың «TrustExam.ai» стартабы. Емтихан кезінде айласын асырғысы келгендерді қалт жібермейтін осы бір технология көпшілік көңілінен шығып отыр.

Білімді насихаттайтын стартап

Қалай басталды?

Ерсұлтан алғашқы стартабын студенттік жылдары іске қосқан. Ол әуелде Сингапурдағы Қазақстан елшілігі жанынан «екі travel»-портал құрды. Кейін «Kupi.kz» атты ірі маркетплейсті ашқанымен, уақыт өте келе жобаны аяқтауға тура келген. Осыдан кейін ол білім саласына қажет, сұранысқа ие шешім іздей бастаған. Бір күні Ерсұлтанға ойда-жоқта бір ұсыныс түсіпті. Сол сәтті өзі күліп еске алады.

«2020 жылдың 6 наурызында қызым дүниеге келді. Перзентханада тұрғанымда еліміздегі белгілі бір универ­ситеттің проректоры хабарласып: «Ерсұлтан, қазір пандемия басталды, соған байланыс­ты маңызды сұрақ болып тұр. Сіздердің жүйеде прокторинг бар ма?» – деп сұрады. Мен ол кезде бұл сөздің нақты мағынасын да білмейтінмін, бірақ: «Иә, бар», – деп жауап бердім. Содан соң жобаны бір аптадан кейін көрсетуге рұқсат алдым. Не керек, сол аптада командамен бірге прокторингтің не екенін анықтап алдық. Сөйтсек бұл – «computer vision», яғни камера алдында отырған адамның кім екенін, студент пе әлде жасанды бейне ме, соны анықтайтын технология екен. Жеті күнде прокторингтің демо-нұсқасын жасап, тапсырыс берушіге көрсетіп едік, олар жобамызды қабыл алды. Міне, солай «TrustExam.ai» тарихы басталды. Бұл батылдық па, әлде ақымақтық па, өзім де білмеймін», деп стартап бас­тауын күліп еске алды жоба жетекшісі.

 

Қазір қай кезеңде?

Қазір «TrustExam.ai» – білімді тексерудің онлайн және офлайн форматтарында әділдік пен объективтілікті қамтамасыз ететін біртұтас античитинг жүйесі. 2020 жылы осы жоба тек веб-камерадағы бейнені талдау­мен шектелетін. Бірақ сол кезден бері көшірудің түрлері де айтарлықтай өзгерді. Мысалы, қазір ЖИ-қосымшалар пайда болды. Алаяқтық енді түрлі құрылғылар арқылы да дамып жатыр. Бүгінде ең кең тараған әдіс – арнайы техниканың көмегімен емтихан сыныбындағы компьютер экранын сыртқы құрылғыға трансляциялау. Бұған қоса, микроқұлаққаптар, микрокамералар, қосымша пернетақта мен тінтуір секілді жасырын құралдар қолданылады. «Адамнан айла артылмайды» деген сол. Сынақтан сүрінбей өту үшін тестілеуге қатысушылар осындай жүйенің өзін айналып өтуге барын салады.

лл

«Мұның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Мәселен, жақында АҚШ-тың Флорида штатында адам өлімімен аяқталған жол апаты болды. Тергеу барысында жүк көлігінің жүргізушісі ағылшын тілін мүлде білмейтіні, жол белгілерін түсінбейтіні анықталған. Соған қарамастан, оның қолында жүргізуші куәлігі бар. Кейін белгілі болғандай, мұндай құжаттарды заңсыз рәсімдеуге көмектесетін тұтас ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс істеген. Бұл жай ғана академиялық адалдық мәселесі емес. Егер әңгіме жүргізуші куәлігі немесе кәсіби сертификаттар туралы болса, емтихан барысында көшірудің салдары адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Осы оқиға соның айқын дәлелі. Сол үшін біз 1 миллионнан астам қолданушының деректерін талдап, модельді мықтап оқыттық. Ол 30 түрлі параметр бойынша адамның мінез-құлқын зерттеп, әдеттегі қолданушы мен алдаушының айырмасын әп-сәтте анықтайды», дейді Ерсұлтан.

 

Ендігі меже қандай?

Команда 2026 жылға дейін стартапты Еуропа нарығына толық енгізіп, Азия елдеріне де таратуға ниетті. Компания оқыту, емтихан және кәсіби сертификаттау салаларын біріктіретін толық экожүйе құруды мақсат етеді.

«Қазір шамамен 40 ұйыммен жұмыс істейміз. Соның 60%-ы – елімізден, ал 40%-ы – шетелдік компаниялар. Кейбір тұтынушы­ла­рымыз жылына бір рет қана емтихан өткізсе, енді біреулерінде ол күн сайын өтеді. Бұған дейін біз 20-дан астам университетпен серіктестік орнаттық, бірақ кейін жоғары оқу орындарына античитинг мәселесі негізгі басымдық емес екенін түсіндік. Сондықтан қазір көбірек лицензия алуға қатысты, қауіпсіздікке тікелей әсер ететін салаларға бет бұрдық» дейді жоба жетекшісі.

Осы орайда «стартап иелері табысты қайдан табады?» деген заңды сұрақ туындайды. «TrustExam.ai» жүйесінің қызмет бағасы емтихан уақытының сағатына қарай есептеледі. Компанияның өзіндік құны қызметкерлер штаты мен есептеу қуаттылығына негізделген, ал команда бұл ресурстарды тиімді басқаруды үйренген. Бірыңғай тариф белгіленбеген, яғни әр жоба жеке бағаланады. Мысалы, бағдарламалау олимпиадалары сияқты әлеуметтік бағыттағы іс-шараларда компания ақы алмайды, тек демеуші ретінде өз логотипін көрсетуін сұрайды. Ал техникалық талаптары жоғары коммерциялық жобаларда баға соған сәйкес белгіленеді. Қазіргі уақытта стартап толықтай өз табысы есебінен қаржыландырылып келеді.

«TrustExam.ai»-ға қанша ақша салға­нымызды нақты айту қиын, бірақ бір қағида бар – тапқанымыздан артық жұмсамаймыз. Алғашқы кезде Алматыдағы Самал шағын ауданында кішкентай кеңсе жалдадық. Жертөледе, терезесіз, ең көбі үш адам сиятын бөлме еді. Кейде сервер хостингіне ақша жетпей қалғанда, анам мен болашақ жарым шотқа аздап қаржы ауда­рып тұратын. Әйелім қазір де қалжыңдап: «Мен сендердің бас­ты инвесторларыңмын ғой», – деп күледі. Біздің ендігі мақсатымыз – шетел нары­ғында табысқа жету. Қазір назарымыз соған бағытталған. Елде табыс тауып, өзі­­мізге инвестиция құйып, кейін жа­һандық деңгейге шығып, экс­порттық табысты елімізге әкелу – ең үлкен арманымыз. Біз­дің технологияларға деген сұра­ныс алдағы уақытта тек арта түсетініне сенімдімін. Қазір читинг-индустрия барлық салада қарқынды дамып келеді, тіпті оған венчурлық инвестициялар да тартылып жатыр», дейді Ерсұлтан.

Соңғы жаңалықтар

Ғаламшарлықтар орнатқан имплант

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:30

Арал теңізіндегі құпия

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:28

Ғарыштағы қаралы күн

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 09:25

Торғайдың таңдаулы сәукелесі

Жәдігер • Бүгін, 09:22