Энергияны сақтау жүйесі дегеніміз – артық өндірілген электр қуатын сақтап, қажет уақытта қайта пайдалану мүмкіндігін беретін ақылды технология. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл жүйе әртүрлі көзден алынған энергияны қорына жинап, сұраныс артқанда қайта шығаратын аккумулятор іспетті. Мұндай жүйе жаңартылатын энергияны тұрақтандырып, электр желісіндегі жүктемелерді теңестіреді. Мамандардың айтуынша, энергия сақтау жүйелері бірнеше маңызды артықшылыққа ие. Біріншіден, олар электр желісінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Екіншіден, шығындарды азайтып, қуатты тиімді пайдалануға жол ашады. Үшіншіден, сырттан келетін энергияға тәуелділікті төмендетеді. Бұл энергияны өте көп қажет ететін жасанды интеллект жүйелерінің қарыштап дамып жатқан кезеңінде ең керек жоба.
Әлем елдері бұл технологияның болашағын әлдеқашан түсініп, жаппай енгізуге кіріскен. Эстонияда 26,5 мегаватт/51 мегаватт-сағаттық «BESS» жобасы іске қосылуға дайын. Швейцарияда 65 мегаватт-сағаттық жүйе құрылысы жүріп жатыр. Ал Грекия, Финляндия, Болгария елдері жалпы қуаты 1,5 гигаватт-сағаттан асатын жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Мұнайлы елдердің өзі – Біріккен Араб Әмірліктері мен Сауд Арабиясы күн және батарея жүйелерін үйлестіріп, жаңартылатын энергия нарығына бет бұра бастады. Бұл үрдіс – әлемнің энергетикалық құрылымында өзгеріс жүріп жатқанын көрсетеді.
Еліміздегі жоба да осы жаһандық бағытпен үндес. Инвестиция көлемі шамамен 350 миллион АҚШ долларына бағаланып отыр. Бұл қаражаттың игерілуі ел ішінде жұмыс орындарын ашып, инженерлік және цифрлық мамандықтарға сұранысты арттырады. Ең бастысы елімізде алғаш рет энергия сақтау жүйелерін жергілікті деңгейде өндіру мүмкіндігі туады. Бұл жаңартылатын энергия көздерін тиімді пайдалануға, энергия тапшылығын азайтуға және электр желісіндегі тұрақсыздықты шешуге көмектеседі.
Сарапшылардың сөзінше, кез келген жаңа технология секілді, мұндай жобаның да тәуекелі бар. Алғашқы инвестиция көлемі жоғары, ал қайтарым мерзімі ұзақ. Батарея өндірісінде экологиялық талаптар қатаң. Қалдықтарды өңдеу мәселесі де қатар шешілуі керек. Сондай-ақ литий мен басқа сирек металдардың бағасы әлемдік нарықта құбылып тұратындықтан, шикізатқа тәуелділік тәуекелін ескерген жөн. Алайда мамандар бұл қиындық жобаның стратегиялық маңызын төмендетпейді деген пікірде. Себебі еліміздің табиғи әлеуеті мен географиялық жағдайы энергия сақтау технологиясын дамытуға қолайлы.
«Материалтану мен инженерия саласындағы жаңа зерттеулер энергия сақтау жүйелерін (BESS) тиімді әрі ұзақ уақытқа шыдамды, экологиялық тұрғыда қауіпсіз етуге көмектесіп жатыр. Қазір әлемде энергия көздерін жаңғырту, яғни көмір мен мұнайдан таза энергияға көшу жүріп жатыр. Осындай кезде жаңа технологиялар елдің дамуы мен тәуелсіздігін анықтайтын басты факторға айналады. Елімізде бұл бағытты дамытуға жақсы мүмкіндік бар. Себебі аккумулятор жасауға қажетті литий, катод материалдары, басқа да маңызды элементтер жеткілікті. Сонымен қатар Nazarbayev University сияқты жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтары осы салаға ғылыми негіз дайындап, технологияны жетілдіруге атсалысып жатыр. Қазір ең маңыздысы – шикізатты қазып, шетелге сату емес, сол шикізатты өзіміз өңдеп, дайын өнімге айналдыру. Яғни литий мен басқа материалдарды байыту, өңдеу, аккумулятор бөлшектерін шығару және сол бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Егер осы толық өндірістік тізбек жолға қойылса, еліміз әлемдік нарықта өз орнын нығайтып, таза энергия мен экологиялық экономикаға көшу ісіне үлкен үлес қосады. Сондай-ақ цифрландыру саласының дамуына жағдай жасайды», дейді Nazarbayev University профессоры Жұмабай Бәкенов.
Меморандумға Вашингтон қаласында өткен C5+1 бизнес-конференциясында қол қойылды. Жоба Қазақстанның энергетикалық ауысу стратегиясындағы маңызды қадам болмақ. Ол елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, жаңартылатын энергия көздерін интеграциялауға мүмкіндік береді. «Clearbrook» компаниясы виртуалды электр стансалары мен энергия сақтауға арналған технологияларды ұсынса, «AG-Tech» – елдің энергетикалық инфрақұрылымына цифрлық шешімдерді бейімдеу мен интеграциялауды қамтамасыз етеді.
«Бұл жоба еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Ол цифрлық инфрақұрылым мен ұлттық технологиялық жобаларды жүзеге асыруда маңызды саналатын тұрақты әрі сенімді энергия жүйесін құруға мүмкіндік береді» дейді Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Энергия сақтау жүйелері зауыты елімізде жаңартылатын энергияны жинақтау мәдениеті мен цифрлық өндіріс мәдениетін дамытады. Болашақта еліміз энергияны «өндіру – сақтау – пайдалану» қағидасына негізделген жаңа модельге өтеді. Бұл өз кезегінде энергетикалық тұрақтылықты күшейтіп, көмір мен газға тәуелділікті азайтады.
«Қазақстан энергетикалық тәуелсіздігі мен цифрлық инфрақұрылымын нығайту бағытында батыл қадам жасап жатыр. «Clearbrook Energy Solutions» компаниясы Қазақстан Үкіметі және «AG-Tech» компаниясымен серіктестік орнатуға мүмкіндік туғанына қуанышты. Бұл серіктестік Қазақстанның цифрлық экономикасын дамыту мен таза энергияға көшуінің негізі болатын заманауи энергия сақтау технологияларын жергіліктендіруге бағытталған» дейді «Clearbrook» компаниясының Орталық Азиядағы төрайымы Марсия-Элизабета Кристиан Фавале.