Фото: Ерлар Омар
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сондай-ақ, түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығы бұзылуының 6,5 мыңнан астам дерегі тіркелгенін хабарлады.
«Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 3 369 ұйғарым берілді және 428,2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 9,6 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 2 млрд теңге төленді», делінген хабарламада.
Ведомство еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды ерекше назарда ұстап отыр. 2025 жылғы 1 қарашаға дейін еңбек инспекторлары 5 306 тексеру жүргізіп, 6 571 заңбұзушылықты анықтаған. Оның ішінде еңбек саласында – 5 427, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 111, халықты жұмыспен қамту бойынша – 33.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 40 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған.