Оқиға • Бүгін, 12:05

Бірыңғай QR-код: енді ел азаматтары шетелде де төлем жасай алады

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық банк ел азаматтарының шетелде сауда мен қызмет ақысын өздерінің банк қосымшасындағы бірыңғай QR-код арқылы төлеу мүмкіндігін енгізуге кірісті. Алғашқы халықаралық пилоттар келесі жылдың екінші жартысында іске қосылуы мүмкін, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бірыңғай QR-код: енді ел азаматтары шетелде де төлем жасай алады

Фото: Depositphotos

Қаржыгерлер конгресінің кулуарында Ұлттық банктің цифрлық трансформация жөніндегі басшысы Бинур Жәленов  әлемде кең тараған  QR жүйесіне қазақстандық банктер де біртіндеп қосылып жатқандығын атап өтті.

«Келесі жылы барлық банктер жүйеге толық қосылып, сервис тұрақты жұмыс істеген кезде, халықаралық төлем механизмдерін реттеуге кірісеміз. Біздің QR басқа елдердің қосымшаларында да оқылуы немесе олардың QR-лары бізде танылуы үшін Орталық Азия елдерімен, Түркиямен және БАӘ-мен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алғашқы пилоттық жобалар келесі жылдың екінші жартысында басталады», деді ол.

Оның сөзінше, мұндай интеграция QR-кодтарды өзара тану мүмкіндігін қарастырады.

Мәселен, Қытайда олардың терминалдарын өзіңнің қосымшаңмен оқи аласың және керісінше. Сол тәжірибені Қырғызстан, Түркия, БАӘ бағытында да қолдану жоспарланып отыр. Нақты елдер мен жұмыс істеу механизмдері кейінірек жарияланады, деп түсіндірді Б. Жәленов.

Сонымен қатар комиссия мөлшеріне мемлекет тарапынан реттелмейтінін атап өтті. Сондай-ақ, соңғы жылдары комиссия көлемі төмендеп келе жатқанын жеткізді.

Ұлттық банк өкілінің сөзінше,  бірыңғай QR-дың негізгі мақсаты  – азаматтарға қолайлылық жасау. Бүгінде әр адамда кем дегенде 3-4 банк қосымшасы бар, ал сауда нүктелерінде түрлі банктердің терминалдары орнатылған.

«Біз барлық банктерді бір жүйеге біріктірдік. Енді кез келген терминалды кез келген банк қосымшасы арқылы төлеуге болады. Бұл азаматтарға да ыңғайлы, қаржы нарығында бәсекені де күшейтеді. Қазір Halyk, BCC, Home Credit, Freedom, RBK және Altyn Bank толық режимде жұмыс істеп тұр. Басқа банктер қосылу процесінде. Kaspi де жүйеге кіруге ниет білдірді, техникалық интеграцияға бірнеше ай қажет», деді ол.

Сонымен қатар телефон нөмірі арқылы банкаралық  аударым жасау сервисі де кеңейіп келеді. Қазір тоғыз банк қосылған, жақын арада барлық банктер қосылады деп жоспарланған.

Айта кетейік, 13 қарашада Қазақстанда бірыңғай банкаралық QR-төлемдер жүйесі ресми түрде іске қосылған болатын.