Инвестиция • Бүгін, 20:17

Ақтөбе облысында өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция тарту мүмкіндігі артып келеді 

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысы – Қазақстанның батысындағы жетекші индустриялық орталықтардың бірі. Өңір экономикасын әртараптандырудың негізгі буыны саналатын өңдеуші өнеркәсіп соңғы жылдары қарқын алып, инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Ақтөбе облысында өңдеуші өнеркәсіпке инвестиция тарту мүмкіндігі артып келеді 

2025 жылы іске қосылған «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы - өңірдің жаңа индустриялық драйвері, сыртқы және ішкі инвесторлардың назарын аударуда. Аумағы 570 гектарды қамтитын АЭА халықаралық әуежайдың аумағында орналасқан, бұл өндірістік және логистикалық жобаларды орналастыруға айтарлықтай мүмкіндік береді. Аймақ қатысушыларына салықтық және кедендік жеңілдіктер пакеті ұсынылады, сондай-ақ қажетті инфрақұрылым кезең-кезеңімен жеткізіліп жатыр.

Сонымен қатар өңірдегі «Хромтау» индустриалдық аймағында да жаңа жобаларға арналған дайын алаңдар құрылуда. 150 гектар аумақта жол, электр, су және газ желілері толық қамтамасыз етіліп, инвесторлардың өндірісті қысқа мерзімде іске қосылуына мүмкіндік бар.

Ақтөбенің географиялық орналасуы да өңірдің тартымдылығын күшейтеді. Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізі, Ресей және Орталық Азия бағыттарына шығатын теміржол торабы, сондай-ақ халықаралық әуежай логистиканың дамуына серпін береді.

Мамандардың айтуынша, бүгінде инвесторлар тек инфрақұрылымға ғана емес, өңірдің салалық ахуалы туралы кәсіби, дәлелді және жүйелі ақпаратқа мұқтаж. Осыған байланысты өңірлерге әр тоқсан сайын талдамалық шолулар мен инвестициялық материалдар дайындау міндеті қойылған. Бұл бағытта жетекші консалтингтік компаниялар тартылады.

Өңірдің кадрлық әлеуеті де маңызды факторлардың бірі. Ақтөбедегі жоғары оқу орындары мен колледждер инженерлік және техникалық мамандықтар бойынша мамандар даярлап, өңдеу саласының кадр тапшылығын өтеуге үлес қосып келеді.

Инвесторлар үшін мемлекеттік қолдаудың да кең спектрі ұсынылады: инвестициялық келісімшарттар, субсидиялар, инфрақұрылым жеткізу, салықтық жеңілдіктер, сондай-ақ «Kazakh Invest» пен өңірлік институттардың толық сүйемелдеуі қарастырылған.

Сарапшылардың пікірінше, өңірдің стратегиялық жоспарында экспорттық әлеуетті арттыру, жаңа өндірістерді іске қосу және экономиканы терең әртараптандыру мақсаты тұр.

Осылайша Ақтөбе облысы – өңдеуші өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру үшін инфрақұрылымдық, институционалдық және экономикалық тұрғыда қолайлы жағдай жасай алған өңір ретінде ерекшеленіп отыр.