Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын, өлкетанушы Сұлтанбек Құдайберген «Елеулі есімдер» жобасы аясында өзінің қос кітабын оралдық оқырманға таныстырды. Оның бірі «Жан шырағы» атты өлеңдер жинағы қаламгердің өз шығармалары болса, «Тартуым – дәмі балдай сөздің женті» атты жинақ өмірден қыршын кеткен Бекқали Қарабалиннің өмір жолына арналған.
«Бекқали Қарабалиннің есімін бүгінде әдебиет зерттеушілерінің өзі біле бермейді. Маңғыстаудан Орал қаласына 1936 жылы 16 жасында келген талантты жас аз уақыт ішінде осындағы әдебиет үйірмелеріне белсене қатысқан. Облыстық «Екпінді құрылыс» газетінде көптеген шығармасы жарияланған. Сол кездің өзінде ақын ретінде танылып, 1938 жылы батысқазақстандық қаламгерлер сапында Жамбыл шығармашылығының 75 жылдығына, 1939 жылы Қазақстан жазушылары мен халық ақындарының екінші сиезіне қатысады. Одақ хатшысы Сәбит Мұқановтың кеңесімен Алматы қаласына барады. Әттең, талантты ақынның ғұмыры тым қысқа болыпты. Небәрі 21 жасында қан майданда қаза тапқан. Ақын Бекқали Қарабалин арада 86 жыл өткенде Орал топырағына кітап болып оралып отыр. Жиырмадан асқан жасында жоғалған қазақ жырының бір жебесін іздеп тауып, мұрасын түгендеген Сұлтанбектің еңбегі ерен!» деді Қадырсарай директоры Дәулеткерей Құсайынов.
Кездесуде кеш иесімен қатар тағы бір маңғыстаулық ақын, «Шабыт» фестивалінің лауреаты Әнуарбек Бимағамбет те сөз алып, сахнадан өлең оқыды. Меймандарға «Қадыр» журналының алғашқы саны сыйға тартылып, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қуанышбек Мұқанғалиевтің алғысхаты тапсырылды.
Ақын, өлкетанушы Нұрлан Сәдір жаңа жинаққа шолу жасап, автордың кейбір шумақтарын оқып берді. Кеш иесі Сұлтанбек Құдайберген Жайық жұртының ыстық ықыласына ілтипат білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
Батыс Қазақстан облысы