Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының табиғатты қорғау және қару айналымын бақылау тобының инспекторы Ғалымжан Арыстанбекұлының мәлімдеуінше, аңшылық және жануарлар дүниесін пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 75 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тіркелмеген қаруды заңсыз иемдену, сақтау және алып жүру бойынша 24 қару тәркіленген. Азаматтық және қызметтік қару айналымы қағидаларын бұзған 47 азамат анықталып, жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар өңірде заңсыз балық аулаған 65 азаматқа шара қолданылған. Мәселен, Шардара ауданында құқық бұзушылардан 100 келіге жуық балық, үрмелі ескек, резеңке қайық және 300 метрге жуық тыйым салынған моноталшықты қытай ауы тәркіленді.
Бұл жәйт «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз өндіру» бойынша тіркелген. Заттай дәлелдемелері бар браконьерлер полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта Шардара су қоймасындағы заңсыз балық аулау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы