Экономика • Бүгін, 11:15

90 жылдардағы қате шешімдер неге әлі күнге ел экономикасына зиянын тигізіп жатыр?

100 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Экономист сарапшы Ерлан Кәрімов қазіргі экономикалық ахуалдымыздың қандай да бір деңгейін тәуелсіздік толғағындағы шешімдермен байланыстырады. Оның ішінде оң шешімдер де, теріс шешімдер де аз емес, деп жазады Egemen.kz.

90 жылдардағы қате шешімдер неге әлі күнге ел экономикасына зиянын тигізіп жатыр?

Рубль аймағынан кеш шығу

Ең алапат қателіктердің бірі – Мәскеуге шамадан тыс бағдарлану және рубль аймағынан шығу туралы шешімді тым кеш қабылдау болды. Кейін белгілі болғандай, рубльді сақтап қалу бастамасы Қазақстан басшылығынан шыққан, алайда Ресей бұл ұсынысты қолдамаған (мүмкін кейін бұған өкінген де шығар).

Еліміз кеңестік валютадан бас тартқан ең соңғы республикалардың бірі болды. Бұл ақша айналымының тұрақсыздануына және монетарлық саясатты басқару мүмкіндігінің жоғалуына әкелді. Шаруашылық байланыстардың күрт үзілгені, біртұтас экономикалық стратегияның болмауы елді гиперинфляциямен бетпе-бет қалдырды: 1992 жылы азық-түлік бағасы 30 есе, 1993 жылы 23 есе қымбаттады.

1994 жылға қарай инфляция деңгейі 1 300%-ға жетіп, халықтың жинақтары іс жүзінде құнсызданды. Көпшілік табиғи айырбасқа қайта көшті. Ал ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 1991 жылмен салыстырғанда шамамен 25%-ға құлдырады.

1993 жылы елде 230-ға жуық коммерциялық банк жұмыс істеді, бірақ олардың қызметіне мемлекеттік тараптан тиімді бақылау болмады. Банктердің көпшілігі нақты кредиттік ресурстарға қол жеткізе алмады, халықтың қаражатын айналымға салып, жиі банкротқа ұшырап отырды.

«Жекешелендіреміз» деген атпен өткен «жаппай иелену»

Екінші жүйелік қателік – жекешелендіру үдерісінің ашық жүргізілмеуі және сапасыз жоспарлануы. Ресми түрде бұл нарықтық экономиканы қалыптастыру және инвестиция тарту үшін жасалды, бірақ іс жүзінде «прихватизацияға» айналды. Купондық жекешелендіру меншік құрылымын әділ бөлген жоқ, тиімді меншік иелері табысты қабат ретінде қалыптасқан жоқ.

Кейбір кәсіпкерлер мен делдалдар активтерді шетелге әлдеқайда жоғары бағамен қайта сатып, орасан пайда тапты. Бұл кезеңде жемқорлық өршіп, көлеңкелі экономика үлесі ресми түрде 30% шамасына жетті.

Нәтижесінде жекешелендіру бәсекелестік ортаны қалыптастырмады, керісінше, әлеуметтік теңсіздікті күшейтіп, реформаларға деген қоғамдық сенімге үлкен соққы болды.

Материалдық активтердің жоғалуы және сыртқы активтердің Ресейге берілуі

Үшінші маңызды мәселе – материалдық активтердің қозғалысын бақылаудың болмауы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елден әскери ұшақтар, өндірістік құрал-жабдықтар және өзге де мемлекеттік меншікке жататын бағалы активтер көлеңкелі жолмен шығарылып кетті.

Тағы бір ауыр соққы – бұрынғы одақтас мемлекеттердің сыртқы қарыздарды және активтерді Ресейге толық беру туралы келісімі болды.

Нәтижесінде, Ресей жалпы 97 млрд доллар мемлекеттік қарыздың 63 млрд долларын өз мойнына алды, оның есесіне шетелдердегі КСРО-ның барлық активтерін және басқа мемлекеттердің КСРО-ға қарыздарын, шамамен 150 млрд доллар көлеміндегі талап ету құқығын иеленді.

Ұсыныстар

  • Мұндай қателіктердің қайталанбауы үшін ұзақ мерзімді жоспарлау жүйесі қажет. Реформалар бірізді болуы тиіс және басшылардың жеке жауапкершілігі нақты белгіленуі керек.

  • Шешімдердің орындалуы нақты тұлғаларға бекітіліп, жауапкершілік саяси ғана емес, құқықтық деңгейде де болуы қажет.

  • Экономикалық өзгерістер қайтымсыз сипат алғанда ғана қоғам оны тұрақты және әділ деп қабылдайды.

  • Макроэкономикалық тұрақтылық пен халықтың әлеуметтік қорғалуы арасында теңгерім сақталуы шарт.

  • Аймақтық саясатқа да басымдық берілуі керек. Экономикалық бастама өңірлерге берілуі тиіс, сонда ғана өздерінің салықтық базасын дамытуға ынталары артады. «Табыс табуға деген талпыныстың жоғалуы» – шамадан тыс орталықтандыру мен жергілікті деңгейдегі мотивацияның әлсіздігінен болған құбылыс.

Соңғы жаңалықтар