Денсаулық • Кеше

Тұмаудан қалай сақтану керек?

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде маусымдық тұмау белсенді тарап жатыр. Мұның себебін инфекционист Мадияр Ермекұлы тарқатып түсіндірді, деп жазады Egemen.kz.

Тұмаудан қалай сақтану керек?

– Бұл – жыл сайын күз-қыс мезгілінде айналымда жүретін, бұрыннан белгілі H3N2 штаммына жататын маусымдық А тұмауы, – деді инфекционист.

Дәрігер науқастарда жиі кездесетін белгілерді атады.

– Ол – дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, әлсіздік, жөтел. Ауруханаға жатқызылған науқастың жағдайына қарай емдеу хаттамасына сәйкес ем жүргізіледі. ЖРВИ, тұмаудың эпидемиологиялық маусымында қалалық емханаларда сүзгі бөлімі жұмыс жасайды. Жеңіл жағдайдағы науқастар, ауырғанына 1-2 күн болған және қосалқы аурулары болмаған жағдайда емханаға жүгіне алады, – деді Мадияр Ермекұлы.

Инфекционист алдын алу шараларына мән беруге шақырды.

– Жеке бас гигиенасын сақтау маңызды. Мектеп оқушылары мен ересек адамдар қолын жиі сабындап жылы сумен жууы, ауыз қуысын шаюы, үйді желдетіп отыруы керек. Баланы жасына сай құнарлы тамақтандырып, жылы суды көбірек ішкізу қажет, – деді маман.

Дәрігер дәрумендерді қолдануға қатысты кеңес берді.

– Ағзада тапшылық болғанда ғана дәрумен ішу керек. Нұсқамасыз дәрі қабылдауға болмайды, – деп айтты Мадияр Ермекұлы.

Маман маусымдық жағдайға байланысты дәрі тапшылығы болып жатқанын жасырмады.

– Жақында дәріханалардан осельтамивирді таппадым. Бұл – бізге қажет дәрі. Денсаулық сақтау министрлігі дәріханаларға ревизия жасап, қажет дәрілерді көбейтуі керек. Ата-аналар Алматыдан, жан-жақтан қарап, алып жатыр. Мұндай жағдай болмауы керек. Осал топтарға, есепте тұрған жандарға, 5 жасқа дейінгі балаларға қолжетімділікті арттыру, мүмкін болса, бағасын түсіру қажет, – деді инфекционист.