Бағдарлама аясында көрерменге қазіргі қазақ киноиндустриясының таңдаулы туындылары ұсынылды. Атап айтсақ, «Жамбыл. Жаңа дәуір» тарихи фильмі, прокатта бір миллиард теңгеден астам табыс жинаған «Qaitadan» драмасы, 2024 жылғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ерғали Шәмеев туралы қысқаметражды «Үміт сәулесі», сондай-ақ өміріндегі қиындықтарды еңбек пен жігердің күшімен еңсерген көкпаршы қыз Ева Жигалинаның өмірі негізінде түсірілген «Ева – батыр қыз» көркем туындысы. Әр фильм өзбек көрерменінің ыстық ықыласына бөленіп, туындылардың мазмұны мен көтерілген тақырыптары жоғары бағаланды.
«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмі көрсетіліміне Өзбекстан Киноагенттігінің директоры Шухрат Ризаев арнайы қатысты. Ол режиссер Жандос Құсайыновтың еңбегін бағалап, оның кәсіби шеберлігін атап өтті. Сонымен қатар ол режиссерді Қазақстан мен Өзбекстанның алдағы бірлескен жобаларына қатысуға шақырды.
Халықаралық конгресс бағдарламасы аясында қазақ режиссерлері «Өзбекфильм» студиясының павильондарын аралады. Айта кету керек, студияда түркі және араб киімдерінен бастап түрлі сауыттарға дейінгі реквизит пен костюм коллекциясы бар. Бұл тарихи жанрдағы жобалар үшін айрықша қызығушылық тудырды. Мұндай жұмыс сапарлары мамандарға бірлескен жобалардың егжей-тегжейін талқылауға, тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді.
Осы арқылы елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері ашылады.
Сонымен бірге конгресс аясында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан кино ұйымдарының басшылары қатысқан дөңгелек үстел өтті. Тараптар әр ел арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен киножобалардың әлеуеті, ұлттық киноны халықаралық деңгейде дамыту, киноөнер арқылы гуманитарлық байланысты нығайту мәселелерін талқылады.
Жиында кино саласына қолайлы жағдай жасауға, кәсіби тәжірибе алмасуға Орталық Азия елдері мен Әзербайжан арасындағы мәдени диалогті дамыту бағыттарына ерекше назар аударылды.