Ең алдымен мектепке дейінгі тәрбиеден бастап, техникалық және кәсіптік білім беруге дейінгі барлық деңгейде оң сипаттағы өзгерістердің өріс алғанын екпін түсіріп айта кетуіміз керек. Алдымен, балалықтың бесігі – балабақша жайын тілге тиек етелік. Өңірде бүгінде 592 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Сәл ғана таратып айтатын болсақ, оның ішінде 274 балабақша мен 318 шағын орталық бар. Жыл басынан бері 9 жаңа балабақша мен бірнеше шағын орталық пайдалануға берілді. Мемлекеттік және жекеменшік ұйымдардың серіктестік есебінен балаларға арналған заманауи оқу және ойын алаңдары іске қосылды. Қолданыстағы 8 балабақша заман талабына сай жөнделіп, кеңейтіліп, қосымша 308 орын ашылды.
Енді білім ошақтарындағы жаңару жайын айта кетелік. Оқырманға түсінікті болуы үшін бірқатар деректер келтіре кетуге тиістіміз. Өңірдегі 524 жалпы білім беретін білім ошақтарында 140559 оқушы білім алуда. Олардың ішінде 13548-і биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер. Бұл деректерді келтіріп отырған себебіміз, оқушылар санының біршама артуы. Бір жақсысы, әлеуметтік қолдау шаралары тұрақты дәстүрге айналып, үзбей жүргізіліп келеді. Бұл болашаққа жасалып жатқан қамқорлық деп айтсақ артықтығы болмас. Дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы аясында 16427 оқушыға көмек көрсетіліп, жалпы сомасы 693,5 миллион теңге жұмсалды. Балалардың 72 пайызы бюджет қаражаты есебінен қолдау тапса, қалған бөлігі демеушілер мен қайырымдылық қорларының жанашырлығын көріп келеді. Осы арада айрықша бөле-жара айтатын жай, «Ақ ниет» қайырымдылық қоры биыл оқушыларға 1517 мектеп сөмкесін кеңсе тауарларымен қоса үлестірді.
Облыс мектептерінің 69 пайызы шағын жинақты білім ошақтары. Ауыл мектебі мен қала мектебі арасындағы білім сапасын теңестіру мақсатында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы біршама табысты жүргізілуде. Бүгінгі таңда маңызы ерекше жобаға 18 тірек және 54 магниттік мектеп қатысып отыр. Мұғалімдердің кәсіби әлеуетін арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. Өңірдің 270 педагогі жасанды интеллект, 212 мұғалім медиа және цифрлық сауаттылық курстарынан өтті. «Esen Foundation» және «BAQ jana mektebi» жобалары аясында 500 пән мұғалімі мен 30 мектептің 90 әкімшілік қызметкері білімін жетілдірді. Сонымен қатар педагогтерге әдістемелік және психологиялық қолдау көрсететін «Білімді жастар» одағы мен «Зерттеуші ұстаз» жобасы ұстаздар қауымына тың серпін беруде. Өңір оқушылары әр жыл сайын республикалық және халықаралық олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетіп келеді. 2024–2025 оқу жылында оқушылар тоқсаннан астам зияткерлік сайыстар мен ғылыми жобаларға қатысып, республикалық деңгейде 204 медаль, халықаралық деңгейде 61 марапатқа ие болды. Көкшетаудағы «Білім-инновация» лицей-интернатының шәкірттері Болгарияда өткен халықаралық информатика олимпиадасында қола медаль алып, ел мерейін асырды. Бүгінде облыстың 8 мектебі Қазақстанның үздік 100 олимпиадалық мектебінің қатарына енгені де айта қаларлық жетістік деуіміз керек.
Өңірдің барлық мектептері жоғары жылдамдықты интернетпен 100 пайыз қамтылған. 210 мектеп «Starlink» спутниктік байланыс жүйесін пайдаланады. Мектептерде 46 мыңнан астам компьютер, 1858 интерактивті панель орнатылған. Бұл жағдай оқушылардың цифрлық ортада сапалы білім алуына жағдай жасап отыр.
Биыл 34 білім ошағына күрделі жөндеу, 43 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалды. Бұл мақсатқа 8,6 миллиард теңге қаражат бөлінді. 20 білім ошағына реновация жасалып, заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Білім күні 3 жаңа мектеп есіктерін айқара ашып, оқушылар мен ата-аналарды қуанышқа бөледі. Жаңа білім ошақтары Целиноград ауданының Жаңажол ауылында, Степногорск қаласының Бестөбе кентінде және Жарқайың ауданының Бірсуат елді мекенінде салынды. Облыс орталығындағы 588 орындық «Білім-инновация» лицейінің құрылысы аяқталып, оқу үдерісі басталып кетті. Щучинск қаласында 300 орындық ІТ-интернат және Көкшетауда 500 орындық №10 мектеп жеке инвестиялар есебінен бой көтерді. 2024–2025 оқу жылдары «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 9 мектеп іске қосылып, Целиноград ауданындағы білім ошақтарындағы орын тапшылығы 8 есеге, облыс орталығындағы тапшылық 1,5 есеге азайды.
Бүгінгі таңда жұмысшы кадрларды даярлауға айрықша мән беріліп отырғаны белгілі. Өңірде 28 колледж жұмыс істейді. Онда 19 702 мың білім алушы жаңа заман талабына сай тәлім-тәрбие алуда. Бір айта кетерлігі, 16367-і тегін білім алуда. Оларға жан-жақты жағдай туғызу қарастырылған. Жаңа жатақханалар кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Облыс орталығындағы жоғары техникалық, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледждерінде 300 орындық жатақханалар іске қосылды. Күні кеше ғана азаматтық қорғау жоғары көпсалалы колледжінің 450 орындық жаңа жатақханасына пайдалануға берілді. Жыл басынан бері жұмысшы мамандықтары жылы аясында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұл шаралар бірнеше бағытты қамтып, негізінен, жұмысшы мамандығын мәртебесін арттыруға, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін еңбек нарығының талаптарына жақындатуға, сондай-ақ, жастар үшін мүмкіндіктер аясын кеңейтуге бағытталған. Жұмысшы мамандықтары жылының ресми бастамасы ретінде облыс орталығында өткен «Жұмысшы мамандықтары жылы: жаңа мүмкіндіктер ашылады» атты жастар форумы ұйымдастырылды. Іс-шараға екі мыңнан астам адам қатысып, әрқилы тақырыптағы көрмелер, шеберлік сыныптары, форсайт-сессиялар және пікірталастар ұйымдастырылды. Форумда жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы атап өтіліп, жастарды жұмыспен қамтуға ықпал жасалды. Жыл жоспары аясында кадр қажеттілігін анықтайтын өңірлік карта – жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласы әзірленді. Құжатта өңдеу өнеркәсібі, ауыл және орман шаруашылығы, қызмет көрсету саласы бойынша жаңа, трансформацияланатын және жойылып бара жатқан мамандықтар қамтылған. Бұл ақпарат болшашақта білім беру үрдісін жоспарлауға және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға негіз болады.
Білім саласындағы осынау өзгерістер мен жетістіктер өңір тұрғындарының ортақ еңбегінің жемісі. Білімге салынған инвестиция – ел ертеңіне салынған инвестиция деуіміз керек.
Ақмола облысы