Сұхбат • Бүгін, 08:43

Дастан Рыспеков: Ұлытаудың ұпайы түгенделіп келеді

220 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ұлытау облысы – тарихи мұраға да, табиғи байлыққа да кенде емес. Облыс ретінде құрылғанына үш жылға жуық уақыт өткен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақты арнаға бағыттап, әлеуетін арттыру жолында бірқатар жүйелі жұмыс қолға алынды. Биылғы негізгі көрсеткіштер мен жүзеге асқан жобалар – соның дәлелі. Осы және өзге де маңызды мәселелер жөнінде Ұлытау облысының әкімі Дастан РЫСПЕКОВПЕН әңгімелескен едік.

Дастан Рыспеков: Ұлытаудың ұпайы түгенделіп келеді

– Дастан Адайұлы, сіздің Ұлытау облысына әкім болға­ныңызға бір жыл толды. Осы уақыт ішінде облыстың эконо­микалық және әлеуметтік даму жолында қандай өзгерістер болды?

– Құрылғанына небәрі үш жыл болған облыста негізгі эконо­микалық көрсеткіштер бойынша оң өзгерістер байқалады. Атап айтсақ, осы жылдың тоғыз айы­ның қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 24,6%-ға, көлік және қоймалаудың көлемі 22,9%-ға, құрылыс саласы 9,3%-ға, сауда 4,6%-ға және инвес­тициялар 1%-ға өсті.

Өзіңізге белгілі, «Жомарт» кен орнындағы апатқа байланысты уақытша жұмыс тоқта­тылып, өнеркәсіп саласында көрсет­кіштер 2,3%-ға (97,7%) төмендеді. Дегенмен құндық мәнде өнер­кә­сіп өнімінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға (1 048 млрд теңге) өсіп отыр. Өт­кен жылы 913 млрд теңге бол­ған. Соның ішінде «Қазақмыс Кор­порациясы» ЖШС-ның үлесі – 79%. Дәстүрлі бағыттардағы өн­діріс азайғанына қарамас­тан, басқа секторларда едәуір өсім байқалады: көмір өндіру 2,9 есе, пайдалы қазбалар өндіру 60%-ға, дайын металл бұйым­дарын шығару 35%-ға, ұн өнім­дерін өндіру 28%-ға ұлғайды.

Биыл Сәтбаев қаласында республикалық маңызы бар ин­дустриялық аймақ (12 га) құ­рылды. Қазір облыстық бюджет­тен 180 млн теңге бөлініп, ин­женерлік-коммуникациялық құрылым тарту жұмыстары бас­талды. Келер жылы аяқталады. Сонымен қатар өңірде шағын өнеркәсіптік аймақтар құру жұмыстары жүргізіліп, 25 жылдан астам уақыт бойы меншік иесі жоқ болған тоқыма фаб­рикасы мемлекет меншігіне қайтарылды.

Нақты сектордың өсуін ынта­ландыру мақсатында агробиз­несті дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Үкімет пен Ауыл ша­руа­шылығы министрлігінің қол­дауымен өңірде Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесінің бағдарламасы бағытында жалпы сомасы 8 млрд теңге болатын 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде жаңбырлатып суару әдісімен жемшөп дақылдарын өсіру, 5 000 бас қой өсіру, 12 900 бас қой өсіру жобалары аяқталды. Осы жо­балардың қатарында шаруашылықтарды біріктіру арқылы «Отбасылық ферма» жобасы басталды. Бұл жоба алты ауылдық округті қамтып, 17 900 бас ұсақ мал, 6 мың бас ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отыр. Қазір 13 мың бас ұсақ мал сатып алынды.

Жыл басынан бері туризм саласына тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда 45 пайыз­ға өсіп, 2,9 млрд теңгені құрады (өткен жылдың сәйкес кезеңі 2 млрд теңге). Биыл жылдың басынан өңірге 14 мыңнан астам турист келсе, оның 600-ден астамы шетелдік қонақ болды.

– Мемлекет басшысы ха­лыққа Жолдауында еліміздің инвестициялық ахуалын жақ­сарту, шетелдік және отан­дық инвесторлар­ға қолайлы жағдай жасау ке­­ректігін айтты. Осы тұрғы­да об­лыстағы негізгі инвес­тиция­лық жобаларға тоқтала кетсеңіз.

– Ұлытау облысына инвестиция тарту жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2025 жылдың 9 айында облыстың негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі өткен жылға қарағанда өсіп, 150 млрд теңгені құрады. Жалпы, облыс құрылғалы бері экономикаға 700 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, оның 87%-ы жеке инвестициялар үлесіне тиесілі. Сондай-ақ 44 млрд теңгеге 9 инвестициялық жоба іске қосылып, 1200 жұмыс орны құрылды.

2025 жылы облыста жалпы құны 138 млрд теңгені құрай­тын 16 ірі инвестициялық жоба­ның іске асырылуы басталды, бұл 800 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осындағы ерекше маңызды жоба­лар қатарында Жезқазған қала­сындағы мұнай базасының құрылысы, Күкірт қышқылы цехының жаңа өндірісін іске қосу, Қаражал қаласындағы Ба­тыс Қаражал кең орнын игеру, Жалын көмір кенішінде өңдеу зауытының құрылысын жүргізу, Жылу электр орталығында бу-газ қон­дырғысын салу сияқ­ты стратегиялық бағыттар бар. Бұл жобалар өңірдің индустрия­лық әлеуетін арттырып, экономи­каның тұрақты дамуына зор серпін береді.

Биыл жыл басынан бері жалпы сомасы 28,5 млрд теңгені құрайтын төрт инвестициялық жоба іске қосылды. Атап айтсақ, жел электр стансасы, мұнай базасының құрылысы, респиратор цехы, асфальт-бетон зауыты іске қосылып, 70 жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл соңына дейін 12 млрд теңгені құрайтын үш ірі жоба – қонақ­үй кешені, геологиялық кластер, көкөніс өсіру кешені іске қосылса, 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Бүгінде шетелдік инвестор­ларының қатысуымен 3 жоба қолға алынды. Ұлытау облысында ет өнімдерін өңдеу зауы­тын салу (құны – 5,5 млрд теңге, қуаттылы­ғы – жылына 150 мың бас, 200 адамды жұмыспен қамтиды), кірпіш зауытын салу (құны – 3,8 млрд теңге, қуаттылығы – жылына 70 млн кірпіш шығарады, 26 адамға жұмыс береді), табиғи газды сұйылту зауыты (құны – 5,5 млрд теңге, қуаттылығы – тәулігіне 500 мың куб метр газ).

– Өңірді сапалы ауызсумен және жылумен қамтамасыз ету мәселе­сіне тоқталсаңыз.

– Облыста инфрақұрылымды дамыту аясында 316 шақырым су және кәріз жүйелері, 47,8 шақырым жылу желілері жаңар­тылды. Қала тұрғындарының 100%-ы, ауыл тұрғындарының 97,3%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Қазір 13 ауыл­да ауызсу жобалары жүзе­ге асып жатыр. Ал­ты ауылда блок-модуль­дер ор­натылып, төрт ауыл­да су құ­бы­ры желілері салынады. Биыл ауылдарды ауызсу­мен қамту деңгейі 99%-ға жетпек.

Судың сапасын арттыру үшін «Жезқазған қаласының шаруашылық-ауызсу тазарту құрылыстарын қайта жаңарту» жобасы іске асырылып, ол 2026 жылы аяқталады. Сонымен қатар «Үйтас-Айдос», «Есқұла» жерасты су көздерін пайдалану жобалары қолға алынған. Құны 16,8 млрд теңге болатын «Үйтас-Айдос» су құбырының бірінші кезеңі аяқталып, Жезқазғанға жеткізілетін судың 30%-ы жер­асты көздерінен алынады. Қалған жобалар 2027 жылы аяқталады. Сумен жабдықтау желілерін жаңарту шеңберінде 218,7 шақырым желінің 164,8 шақырымы (76%) қайта жасалды. Бұрын көшедегі су бағанала­рын пайдаланған елді мекендер орталық жүйеге қосылды.

Облысты тұрақты жылумен қамтамасыз ету мақсатында «Kazakhmys Energy» ЖШС Жезқаз­ған жылу электр орталы­ғын­дағы қазандықтарға ағымда­ғы және күрделі жөндеу жұмыс­тарын аяқтады. Сәтбаев қаласы­ның тұрғындарын сапалы ком­му­налдық қызметпен, жылумен қамтамасыз ету үшін 2025 жылы жылу желілерін жаң­ғыр­ту бойынша екі жоба қолға алынды. Нақтырақ айтсам, «Сәтбаев қаласының №1, 2 ма­гис­тралдық жылу желісін қайта құру» жобасының құны – 9 167,5 млн теңге. Ұзындығы – 5,3 шақырым. Жобаларды іске асыруға облыстық бюджеттен 1 710,7 млн теңге бөлінді. Биылға жоспарланған 2,4 шақырым жылу желілерін ауыстыру жұмыстары жылыту маусымы басталғанға дейін аяқталды.

– Жезқазған және Сәтбаев қаласының тұрғындары «Сәт Тазалық» ЖШС қоқыс тазалау жұмысының сын көтер­­мейтінін айтып, жиі ша­ғым­данды. Бұл мекемені басқа кәсіпорынмен алмас­тырса да қала тазалығындағы кемшілік­тің болуына не себеп?

– Осы жылғы 1 қыркүйекке дейінгі кезеңде Жезқазған қала­сындағы қатты тұрмыстық қал­­дықтарды шығаруды «Сәт Та­залық» ЖШС мердігері жүзеге асырды. Алайда жұмысшылар санының жетіспеушілігі мен арнайы техниканың бұзылуына байланысты жұмыс толық көлем­де бекітілген кесте бойынша уақ­тылы орындалмады. Осыған байланысты «Сәт Тазалық» ЖШС-мен келісімшарт бұзылды. Қазір Жезқазған қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарын «Самұрық Астана» ЖШС бекітілген кестеге сәйкес жүргізіп жатыр. Алайда кейбір учаскелер­де уа­қыт­ша қиындықтар бар. Бұл негізінен 15 жерасты кон­тей­нерінің зақымдануы­на және өртену фактілеріне бай­­ла­нысты. Мәселені шешу мақсатында жер­асты кон­тей­нерлеріне арналған 20 қап­­шыққа мемлекеттік сатып алу жүргізілді, мердігер анықтал­ды. Қазір қалдықтарды шығару үшін сегіз арнайы автокөлік жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 100 контейнерлік алаң абаттандырылды, 250 еуроконтейнер сатып алынды. Қосымша 250 контейнер мемлекеттік сатып алу арқылы өткізіліп, «Нысана қолдау» ЖШС жеткізуші болып анықталды. Қазір олардың 150-і жеткізілді.

– Өңір тұрғындарының көпшілігі сырқаттанса, Астана, Қарағанды қаласына барып, дертіне шипа іздейтіні белгілі. Жезқазғанда салынатын пери­наталдық орталық пен онко­логиялық орталықтың құры­лысы нақты қолға алынды ма әлде қағаз жүзінде қалды ма?

– Иә, облыста онкологиялық және перинаталдық орталықтар салу мәселесі 2023 жылдан бері көтеріліп келеді. Осыған байланысты, жалпы өңірде ден­саулық сақтау жүйесінің инфра­­құрылымын дамыту мақса­тында «Turar Healthcare» коммер­циялық емес акционерлік қоға­мымен жасалған шартқа сәйкес облыстың денсаулық сақ­тау жүйесін дамытудың 2024–2033 жылдарға арналған мастер-жоспар стратегиясы әзір­лен­генін атап өткім келеді. Аталған орталықтар мәсе­лесі де осы жоспарға кіреді. Осы мас­тер-жоспарды және облыс­тағы төсектік орын қорын ескере оты­рып, перинаталдық және онко­ло­гиялық орталықтар құры­лысын оңтайландыру туралы шешім қабылданды. Облыстық көпсалалы аурухананың жанынан 100 төсектік жаңа корпус салынады. Бұл бізге онкологиялық бөлімді сол жерге көшіруге, сондай-ақ оның атқаратын қызметін кеңейтуге мүмкіндік береді. Ал босатылған алаңдарда перинаталдық орталық үшін қосымша орын бөлінеді.

– БАҚ өкілдерімен болған брифингте сізге Жезқазған, Сәтбаев қаласындағы жасыл желектің күтімсіз қалғаны жөнінде сауал қойған едік. Сонда сіз көгалдандыруға биыл қа­натқақты жоба ретінде Жезқазған қаласының әкіміне «Е-Дендра» бағдарламасын енгізуді тапсырғаныңызды айтып едіңіз. Бұл жоба қашан аяқталады?

– «Е-Дендра» жобасы мем­лекеттік сатып алу порталы арқылы екі рет жарияланды, алайда қатысушылардың болмауына байланысты конкурс өтпей қалды. Қазір жобаны іске асырудың балама жолдары қарастырылып жатыр. Сонымен қатар қалада көгалдандыру ба­ғытындағы жұмыс назардан тыс қалған жоқ. Ағаштарды сани­тарлық кесу, бар жасыл желек­терді суару, күтім жасау шаралары тұрақты түрде жүргізіледі. Аталған жобаны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға  қосымша қаржы көздерін тарту көзделген.

– Мемлекет басшысы ха­лыққа Жолдауында «Жа­санды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін қалыптастыру мек­теп қабырғасынан қолға алы­нуға тиіс» деді. Ұлытау облы­сында жасанды интеллект тех­но­­логиясына қызығушылық та­ныт­­қан оқу орындары бар ма?

– Өңірде жасанды интеллек­тіні білім беру жүйесіне енгізу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Облыстағы 1 324 педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, әдістемелік қолдау алып отыр. Әр мектепте жауапты тұлғалар бекітіліп, ЖИ-ді оқу үдерісіне енгізу бағытындағы жұмыс бақылауға алын­ған. Сонымен қатар «Цифр­лық сауат­тылық» және «Инфор­мати­ка» пәндері аясында ЖИ эле­мент­тері оқытылады. Жезқазған қала­сындағы №14 жалпы білім беретін мектебінде «Digital leadership» технологиясын білім беру ұйымының педагогикалық ұжымын жасанды интеллект тех­­нологияларын тиімді пайда­лануға үйрету, оқу үдерісін цифр­ландыру арқылы білім сапасын арттыру мақсатында 21 педагог пен 100 білім алушы қамтылып отыр.

– Жылдың басында Ұлытау өңірінде киіктердің жап­пай қырылуы елді алаңдатты. Осы жағ­дай қайталанбас үшін қандай іс-шара қарастырылып отыр?

– Ұлытау өңірінде киіктің жаппай қырылуы олардың санының айтарлықтай өсуімен байланысты болды. Аталған жағдайдың қайталануына жол бермеу үшін «Экология және табиғи ресурстар министрлігі Ұлытау облысы бо­йынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ-і күз мезгілінде ақбөкендердің оңтүстікке қарай көшу жолдарына бөгет келтір­мейтін жұмыстарын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қолға алды. Сондай-ақ қыс мезгі­лінде киік жануарына мониторинг жүргізуге, қалың қардан киік өлекселерін уақтылы әрі дер кезінде жинау үшін қар шанасын сатып алуға жергілікті бюджет­тен қаржы қарастырылды. Бүгінде мемлекеттік сатып алу конкурс­тық жұмысы жүргізіліп жатыр.

 

Әңгімелескен –

Жұлдыз ТОЙБЕК,

«Egemen Qazaqstan»

 

Ұлытау облысы