Саясат • Бүгін, 08:53

Жаңа бағдардағы ынтымақтастық

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге мемлекет­тік сапармен келген Эстония Президенті Алар Каристі салтанатты рәсім­мен қарсы алды. Тараптар алдымен бір-біріне ресми делегация мүше­лерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы мемле­кеттер басшыларына рапорт беріп, бұдан кейін екі елдің әнұраны шырқалды.

Жаңа бағдардағы ынтымақтастық

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Қазақстан мен Эстония прези­денттері келіссөз жүргізді.

Кездесу барысында мемлекет басшылары эконо­микалық ықпалдастықтың басым бағыттарын талқылады.

Атап айтқанда, тараптар сауда-ин­вестиция, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика, өнеркәсіп кооперациясы, ауыл шаруашылығы, аса маңызды минералдар және білім-ғылым салаларындағы ынтымақ­тастық мәселелерін қарастырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Эстония Қазақстанның Еуропа одағындағы сенімді серіктесі екеніне назар аударды.

– Бұл сапар екі мемлекет ара­сындағы өзара тиімді әріптестіктің жаңа кезеңіне жол ашады. Еліңізді Балтық өңіріндегі, сондай-ақ Еуропа одағындағы өте маңызды серіктес ретінде қарастырамыз. Эстония инно­вациялық және өркендеген мемлекет құру жолында таңғаларлық табысқа жетті. Сіздің еліңіз цифрлық жүйеге негізделген мемлекет, үкімет және қоғам құру ісінде көш бастап тұр. Сондай-ақ ашықтықты қамтамасыз ету, азаматтарды ел басқару ісіне тарту бо­йынша көпке үлгі. Біз Эстонияның заң мен тәртіп қағидатын ұстануға, білім беру деңгейін арттыруға және орнықты дамуға бейілділігін жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

а

Мемлекет басшысы екіжақты ықпалдастықтың оң қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталып, Қазақстан мен Эстония барлық бағыт бойынша жан-жақты байланыс орнатқанын жеткізді.

Екі ел арасындағы саяси диалог ашық әрі сындарлы сипатта өрбіп, өзара түсініс­тікті нығайтуда парламентаралық ынты­мақ­тастық маңызды рөл атқарып отыр.

Президенттің айтуынша, Қазақстан мен Эстония халықаралық ұйым­дар аясындағы ықпалдастықты жолға қой­ған. Негізгі өңірлік және жаһандық мәселелерде, соның ішінде бейбітшілік­ті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде ұстанымдары ұқсас.

Кездесуде өзара қарым-қатынастың маңызды бағыттарының бірі саналатын экономикалық ынтымақтастыққа баса мән берілді.

Президент Эстонияның 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестициясы 128 млн доллардан асқанын атап өтті. Қазір елімізде 80-нен аса эстониялық компания логистика (CF&S Kazakhstan LLP), пошта қызметтері (Omniva) және цифрлық сервис (Bolt) салаларында табысты жұмыс істеп жатыр.

Мемлекет басшысының пікі­рінше, Эстониядан үлкен биз­нес-делегацияның келуі Таллиннің серіктестік аясын одан әрі кеңейту ниетін танытады. Қазақстан эстония­лық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдету Қазақстан мен Эстония арасындағы достықты нығайтуға тың серпін береді деп санайды. Президент ғылым-білім саласы екіжақты ынтымақтастықтың ең перспективті бағыты болып қала беретінін айтты.

аа

Ал Алар Карис Қазақстанды Эсто­ния­ның Орталық Азиядағы ең маңызды экономикалық серіктесі деп атады.

– Эстония Қазақстан мен Еуропа одағы нарықтары арасында қуана-қуана дәнекер болады. Эстония бизнес өкілдері Сіз атап өткен транзит және логистика саласынан бөлек, Қазақстанның басқа да секторларына инвестиция салуға әзір. Бизнес-делегациямыздың құрамында 40 компания бар. Олар логистика, транзит, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, киберқауіпсіздік, сондай-ақ білім және ғылым салаларында қызмет көрсетеді. Еуропа одағының мүшесі ретінде Эстония Орталық Азияның, оның ішінде аймақта көш бастап тұрған Қазақстанның ЕО-мен стратегиялық серіктеске айналғанына қуанады. Атап айтқанда, Еуроодақ «Global Gateway» жобасы аясында көлік және өңірара­лық байланыс саласындағы қатынастар­ды нығайтуға ниетті, – деді Эстония Президенті.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге сапармен келгені үшін Алар Кариске ризашылығын білдіріп, бүгінгі кездесуді шынайы достықтың нышаны әрі өзара ынтымақтастықты тереңдетудің мүмкіндігі ретінде қарастыратынын мәлімдеді.