Сұхбат • Кеше

Аққанат Смағұлова: Шетел сахнасында қазақ өнерін таныту – ең үлкен марапат

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 19 қараша күні талантты жас биші, халықаралық байқаулардың лауреаты, аты аңызға айналған «GULDER» ансамблінің әртісі Аққанат Смағұлованың жеке шығармашылық кешін өткізеді. Осы орайда би әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, ұлттық хореографияның абыройын асқақтатып келе жатқан жас өнерпазбен сұхбаттасудың сәті түсті.

Аққанат Смағұлова: Шетел сахнасында қазақ өнерін таныту – ең үлкен марапат

– Жеке шығармашылық кеш – әр өнерпаз үшін өз жолын бағамдап, өнердегі өрісін көпшілікке танытатын, тұлғалық болмысын айшықтайтын маңызды белес саналады. Осындай маңызды күнге дайындығыңыз қалай?

– Бұл менің алғашқы жеке кешім болғандықтан, әрине қобалжу бар. Бағдарламада түрлі бағыттағы би қойылымдары болады. Оны отандық белгілі балетмейстерлер әрі ұстаздарым Анвара Садықова, Алмат Шәмшиев, онымен қоса Ернұр Қарықболмен бірлесіп дайындадық. Концерттің негізгі тақырыбы – құс бейнесі. Символикалық мәні есіміме үндес. Әр образ – мейлі ол «Аққу», «Қарлығаш», «Қараторғай» не «Тауыс» болсын өзіндік хореографиялық тілі, мәнері, стилі мен костюмі арқылы ерекшеленеді. Кеш барысында біраз жаңа қойылымдар көрерменге алғаш рет ұсынылады. Әлем халықтарының билері, көше биі мәдениетінің хореографиялық композициялары да болады. Жанр алуандығы мен хореографиялық күрделі қойылымдар кештің басты ерекшеліктерінің біріне айналмақ.

– Кеште тағы кімдер өнер көрсетеді?

– Концертке еліміздің танымал әртістері Мақсат Медеубек, Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, Әлібек Альмадиев, Айзат Қарабек, Айдан Қалжан, Венера Табыс, Әйкерім Елемес, Меруерт Бақыт, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Samga» квартеті, сондай-ақ өзімнің шығармашылық отбасым – «GULDER» ансамблі қатысады. Осындай кәсіби әріптестермен бірге сахнада өнер көрсету – зор мәртебе.

Кештің идея авторы әрі бас балетмейстер – Анвара Садықова, көркемдік жетекшісі – Абзал Өсімбаев, педагог-репетитор – Дана Қуанышбекова, костюм бойынша суретші – Әсел Лұқпанова, концерт режиссері – Думан Әкім, жарық бойынша суретші – Евгений Тихонин. Бұл концерт – біздің үлкен ұжымның бірлескен еңбегінің нәтижесі десе болады.

Осы орайда дайындық барысында көрсеткен қолдауы мен еңбегі үшін Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының басшылығына және әріптестеріме шынайы алғысымды білдіремін.

– Шығармашылық жолыңызды зерттей отырып, Германияда өткен «TANZOLYMP» беделді халықаралық хореографиялық байқауда алтын медальге ие болғаныңызды байқадым. Сол сәт туралы айтып өтсеңіз.

– Иә, Германияда өткен халықаралық фестивальде өнер көрсету мен үшін үлкен тәжірибе әрі жауапкершілік болды. Өнер додасында Анвара Садықова қойған «Аққу» және Алмат Шәмшиев қойған «Ерке бала» атты екі би ұсындым. 800-ден астам өнерпаз бақ сынаған бұл байқауда бар болғаны 34 қатысушы іріктеуден өтті. Соның бірі ретінде гала-концертте өнер көрсету бақыты бұйырды. Сахнаға шыққанда мен қазақ биі мен мәдениетін таныстырып тұрғанымды сезіндім. Өнер көрсеткеннен кейін көрермендер келіп, жылы лебіздерін білдіріп, тіпті біреулердің көзіне жас алғанын көрдім. Сол сәт мен үшін нағыз жеңіс болды. Себебі шетел сахнасында қазақ өнерін таныту – ең үлкен марапат.

– Әңгімеңізге рахмет. Ертеңгі шығармашылық кешіңіз тыңдарманға шабыт сыйлап, жаңа белестерге жол ашсын. Өнер жолыңыз әрдайым жарқын болғай!

 

Әңгімелескен –

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар