Тұлға • Кеше

Биыл балалар жазушысы Сапарғали Бегалиннің туғанына – 130 жыл

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, фольклортанушы Сапарғали Бегалин 1895 жылы 24 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Дегелең ауылында туған. Қаламгердің «Қазақ боз-балаларына» атты алғашқы өлеңі «Айқап» журналының 1914 жылғы санында жарық көргені қалың оқырманға аян.

Биыл балалар жазушысы Сапарғали Бегалиннің туғанына – 130 жыл

Жазушының «Замана белестері», «Қыран кегі», «Цимлян теңізі» «Мектеп түлектері», «Шоқан асулары», «Қыран туралы аңыз» сияқты көптеген шығармасын жас оқырмандар қызығып оқиды. Ал артында қалған рухани мұрасын насихаттау ісі қазіргі күні жалғасын тауып келеді. Бүгінде Алматыдағы балалар кітапханасы Сапарғали Бегалин есімімен аталады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде балалар жазушысы, фольклоршы, қоғам қайраткері Сапарғали Бегалиннің туғанына 130 жыл толуына арналған брифингте немересі Гүлнар Бегалина қаламгердің ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген еңбегі жайында айтып өтті.

Оның сөзінше, Сапарғали Ысқақұлы жазушы, ғалым ғана емес, ақылды да мейірімді ата бола білді. Ол ең қиын жылдардың өзінде жүрегіндегі жылуын балалары мен немерелері, айналасына тарту етті.

«Жастайынан білімге құштар боды. Рухани дамуға ұмтылды. Қазақ зиялыларының көрнекті өкілдері Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев және Әлкей Марғұланмен жақын араласты. Осы орайда Мұхтар Әуезовтың «Сапекең өз машығы – өз сөз өрнегі, өз мазмұны, өз ерекшелігі бар белгілі қазақ ақыны болуымен қатар, есімі бүкіл елге мәлім балалар жазушысы» деп айтқаны еске оралады», деді Гүлнар Бегалина.

фото

Жазушы өмірінің көп бөлігін фольклорды зерттеуге, халық әндері, аңыздары, дастандарын жинауға, ауыз әдебиеті мұрасын сақтауға арнады. Қаламгердің 1946 жылы жазылған «Жамбыл» кітабының 50 жылдан кейін жарық көргені белгілі.

С. Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасының басшысы Алма Қонарова мерейтойға арналған мәдени бастамалар туралы айтып берді. Қазіргі кезде жазушы шығармашылығын насихаттау жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Балаларға автордың кітаптарын ғана емес, ол өмір сүрген дәуірдің рухын да көрсету мақсатында көрмелер сериясын, әдеби сағаттар мен тақырыптық кездесулер жоспарланған. Осыған орай 21 қарашада «Рухани мұра қамқоры» атты республикалық дөңгелек үстел өтеді.

Бүгінде кітапхана қорында С.Бегалиннің өміріне қатысты сирек басылымдар, қолжазбалар және мұрағаттық фотосуреттер сақталған. Сондай-ақ жазушының туыстары тапсырған жеке заттарынан шағын мұражай жасалған.

«Біз әдеби мұрамен қатар жазушының ғылым мен фольклортануға сіңірген еңбегін де жинауға тырыстық. Бұл оқырмандарға жазушының өмір жолымен тереңірек танысуға мүмкіндік береді», деді Алма Қонарова.

Осы датаға орай жыл бойы балалар жазушылары және әдебиет зерттеушілерімен кездесулер, мектептер мен кітапханаларда Бегалин шығармаларын оқу, оқушыларға арналған интерактивті іс-шаралар, сондай-ақ жазушы өмірі туралы тақырыптық жинақтар мен материалдарды таныстыру жоспарланып отыр.

АЛМАТЫ