Технология • Бүгін, 00:27

Қазақстанда ұшқышсыз авиация экожүйесін дамытудың келешегі қандай?

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде ұшқышсыз авиация экожүйесінің бағыт-бағдары «Қазақстанның ұшқышсыз көлігі: инновациялар, білім және қауіпсіздік» тақырыбында өткен сессияда талқыланды, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда ұшқышсыз авиация экожүйесін дамытудың келешегі қандай?

Көлік министрлігі, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі, ғылыми институттар, технологиялық компаниялар және елдің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысқан жиын барысында экожүйені қауіпсіз дамытудағы құзіреттелік басшылыққа алынды.

Қатысушылар ұшқышсыз жүйелердің операторлары мен инженерлерінің жаңа буыны даярланып жатқан Азаматтық авиация академиясының оқу-тәжірибелік тренажерлық және зертханалық базасымен танысты.

Азаматтық авиация академиясының бұл бағытта мамандар даярлаудағы рөлі артып келеді. Ректор Бекен Сейдахметовтың айтуынша, Азаматтық авиация академиясы ұшқышсыз авиация саласындағы құзыреттер орталығына айналуы тиіс. Оқу орнында кадр даярлаудан бастап ғылыми зерттеулер мен саланың нормативтік-әдістемелік кешені де қатар атқарылып жатыр. Мұндағы саяси-стратегиялық маңызды бағдар – «Азаматтық Авиация Академиясы салалық білім берудің флагманы ретінде жаңа саланың кадрлық қамтамасыз етілуінде жетекші рөл атқаруы тиіс және мемлекеттік сектор үшін бірыңғай терезе ретінде әрекет ете алады» қағидасы аталып өткен 2025–2031 жылдарға арналған азаматтық ұшқышсыз авиацияны дамыту тұжырымдамасын басшылыққа алады.

– Академияның ұшқышсыз ұшу аппараттары саласындағы ұлттық құзыреттер орталығы мәртебесіне ие болуы операторлар мен инженерлерді дайындау, стандарттарды әзірлеу, ICAO/EASA талаптарын енгізу академия бастамасы ғана емес, мемлекеттік саясаттың бір бөлігі саналады. Бүгінде академия ұшқышсыз авиация саласын дамыту үшін талап етілетін білім беру және технологиялық инфрақұрылымды жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Оның барысында зертханалар іске қосылды, технопарк кеңеюде, сондай-ақ ұшқышсыз авиациялық жүйелерге арналған жаңа оқу бағдарламасы енгізілді. Қысқы сессиядан кейін студенттер дуалды оқытуға көшеді. Оқу мен өндірістік тәжірибені ұштастырып, жобаларға қатысады, – деді ректор.

Айтуынша, соңғы уақытта «Ұшқышсыз ұшу аппараттары және жүйелері» мамандығына қызығушылық артып келеді. Қазіргі кезде 2-курста – 35, 1-курста – 45 студент оқып жатыр. Бұл бағыттың танымалдығын, сондай-ақ таяу болашақты академияның негізгі брендіне айналуы мүмкіндігін көрсетеді.

Мамандар атап өткендей, дрондар нарығы нормативтік базаға қарағанда әлдеқайда жылдам дамып барады. Осы орайда ұшқышсыз ұшу мәдениетін дамыту, барлық аппараттарды тіркеу және есепке алу, әуежайлар мен тығыз құрылысты аймақтарда ұшуға тыйым салу, операторларды бірыңғай стандарттар бойынша даярлауға басымдық беру қажет. Дрондар қазірдің өзінде қалалық әуемобильділіктің бөлігіне айналуда. Оның ішінде тасымалдау дрондары, агродрондар, инфрақұрылымды инспекциялау дамып жатқандықтан, қауіпсіздікке басты назар аудару қажет.  Спутниктік технологиялар, цифрлық сервистер және жасанды интеллект саланың жаңа драйвері ретінде дамып келеді.

Ғалымдар бұл бағытты ғылыми тұрғысынан қарастыра келіп,  спутниктік навигация, ұшқышсыз жүйелер және цифрлық платформалардың тоғысуы жаңа мүмкіндіктер ашумен қатар инфрақұрылымды бақылау және апаттардың алдын алуда басымдыққа ие екенін айтады. Яғни, егістік жағдайын талдау, өнімділікті бақылау, табиғи құбылыстарды болжау, төтенше жағдайлар қызметтерінің жедел әрекетінде маңызды болып табылады. Ұшқышсыз ұшу аппараттар арқылы алынған деректер мемлекеттік басқаруда да, бизнес шешімдерінде де негізгі ресурсқа айналуда.

Жиын нәтижесінде нормативтік базаны жаңарту, ICAO және JARUS стандарттарына сәйкестендіру, тіркеу және ұшу барысын бақылауды цифрландыру, оқуорталықтары мен симуляциялық зертханаларды дамыту, кадр даярлау және біліктілікті арттыру, мемлекет – ғылым – бизнес серіктестігін кеңейту, академияның ұлттық орталық ретіндегі рөлін нығайту сияқты негізгі басымдықтар анықталып, арнайы қарар қабылданды. Қатысушылардың пікірінше, ұшқышсыз авиацияның дамуы – ғылымға негізделгенде озық технологияларды қолдану, тиімді реттеу және кәсіби кадрлардың қатысуымен жүйлі іске асатын болады.

Азаматтық авиация академиясы мамандары құзыреттілікті басшылыққа ала отырып, осы бағыттағы инновацияларды дамытатын орталық алаң ретіндегі жұмыстарды жалғастыруға дайын.

АЛМАТЫ