– Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы – тек емдеу ғана емес, білім мен тәжірибе алмасу орталығы. Мұнда жас мамандар тәжірибе жинап, жоғары деңгейлі дәрігерлер өз біліктілігін арттырып отырады. Аурухана заманауи талаптарға сай материалдық-техникалық базаға ие. Ауруханада 360 төсек қоры, бірнеше клиникалық, диагностикалық бөлімшелер бар. Құрамында терапия, хирургия, травматология, нейрохирургия, реанимация, реабилитация, кардиология, кардиохирургия, урология, гинекология, ұрықты қорғау орталығы сынды бөлімшелер жұмыс істейді. Жоғары технологиялы операциялар жасауға мүмкіндік беретін заманауи операциялық блоктар, эндоскопиялық және лапароскопиялық жабдықтар, соңғы үлгідегі КТ және ультрадыбыстық диагностикалық аппараттар орнатылған. Лабораториялық база толық автоматтандырылған, нәтижелер электронды жүйе арқылы тіркеледі. Бұл – медициналық қызмет сапасын арттырып, дәрігер мен пациент арасындағы байланысты жеңілдетуге септігін тигізді, – дейді Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының директоры Майра Әлімбетова.
Ауруханада 900-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Оның ішінде 215-і дәрігер және 500-ден астам кіші және орта буын медицина мамандары. Медициналық құрамның басым бөлігі – тәжірибелі, жоғары санатты дәрігерлер. Олардың арасында медицина ғылымдарының докторы, магистрлер мен халықаралық тағылымдамадан өткен мамандар бар. Кадр саясатының негізгі бағыты – үздіксіз білім алу және кәсіби өсу. Дәрігерлер мен мейіргерлер отандық және шетелдік оқу орталықтарында біліктілігін арттырып, халықаралық стандарттарға сәйкес тәжірибе жинақтап отыр. Аурухана ішіндегі тренингтер, шеберлік сыныптары мен тәжірибелік семинарлар мамандардың кәсіби дайындығын күшейтуге септеседі.

Бас дәрігердің сөзінше биылғы жылы емдеу мекемесінде бірқатар жаңа жоба жүзеге асырылып, қызмет көрсету деңгейі жаңа сатыға көтерілген. Атап айтсақ, хирургиялық бағытта жоғары технологиялық операциялар жолға қойылып, ортопедия және травматология бөлімшесінде жамбас пен тізе буындарын эндопротездеу операциялары жүйелі түрде жүргізіліп отыр. Операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) аясында тегін жасалып, көптеген науқасқа қайта жүру мүмкіндігін сыйлаған.
Сондай-ақ жүрек-қан тамырлары орталығы жаңартылған. Жаңа ангиографиялық кешен іске қосылып, жедел инфаркт кезінде стент қою, кардиохирургиялық араласулар жасау мүмкіндігі артқандығы аталды. Диагностикалық қызмет кеңейтіліп, зертханалық базаның жаңартылуы, биохимиялық және генетикалық зерттеулердің жаңа түрлерінің енгізілуі медициналық қызметтің қолжетімділін арттыра түскен. Оңалту орталығында инсульт, жарақат және операциядан кейінгі науқастарға арналған қалпына келтіру бағдарламалары жаңартылған. Сондай-ақ әлеуметтік жобалар үздіксіз жүзеге асырылуда. Аурухана базасында «Денсаулық фестивалі», «Ашық есік күндері», «Жүрек айлығы», басқа да акциялар ұйымдастырылып, нәтижесінде мыңдаған тұрғын тегін кеңес пен тексеруден өткен.
Заманауи жетістіктерге қарамастан, аурухана алдында шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Қазіргі басты проблема – орын тапшылығы. Халық санының артуы мен қала маңы тұрғындарының ауруханаға жиі жүгінуі салдарынан жоспарлы емделушілер үшін орын аздығы айқын көрініс табуда. Оған мысал, емдеу мекемесіне жылына шамамен 40 мыңға жуық науқас келсе, тәулігіне 150-ге жуық адамға қызмет көрсетіледі екен. Науқастар санының көптігі кейде аурухананың нақты қуатынан асып түседі. Оның қиындығын дәрігерлермен қатар, емделушілер де көріп отыр.
«Бүйрек қызметінің бұзылуынан денсаулығым нашарлап жедел жәрдеммен келіп түстім. Терапия бөлімінде науқастың көптігінен алғашында орын болмады. 4 орындық палатаға 5 төсек қойып, науқастардың ауруынан ажырауына тік тұрып қызмет көрсеткен терапия бөлімінің меңгерушісі Назым Жақыпбаева бастаған ақ желеңді абзал жандарға алғысым шексіз. Осындай көпсалалы аурухананың төсек орынын көбейтсе жөн болар еді», – дейді емделуші, Кеген ауданының Құрметті азаматы Әлікен Қапалбаев.
Осы күні шектен тыс жүктеме мен кадр тапшылығы да түйінді мәселеге айналып отырғанын жасыруға болмас. Мамандар жеткілікті болғанымен, жұмыс көлемі өте жоғары. Бір дәрігер күніне ондаған науқас қабылдайды. Бұл физикалық және психологиялық тұрғыда үлкен жүктеме. Аурухана әкімшілігі бұл бағытта нақты жоспарлар жасап, жаңа инвестициялар мен серіктестік жобаларды қарастырып отыр. Биылғы жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастама медициналық сала қызметкерлеріне де ерекше серпін берген.
Сайып келгенде Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы – сапалы медициналық көмек пен адами капиталдың үйлесімін көрсететін үлгілі мекеме. Мұнда кәсіби шеберлік пен жаңашылдық қатар өрбіп, басты құндылық – адам өмірі мен денсаулығына қалтқысыз қызмет көрсетуде табандылық танытып келеді. Қиындықтарға қарамастан, ұжым халық сенімін ақтап, жаңа биіктерге ұмтылуда. Алдағы уақытта аурухана төсек қорын ұлғайтып, диагностикалық және хирургиялық қызметті кеңейтіп, цифрлық денсаулық сақтау жүйесін одан әрі жетілдіруді көздеп отыр.
Алматы облысы