Білім • Кеше

Қостанай облысында 29 мектеп қашықтан оқуға көшті 

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысының мектептерінде ЖРВИ, тұмау жұқтырған балалар көбейіп кетті. Тұмаудың оқушылар арасында кең тарауына байланысты Алтынсарин ауданындағы Силантьев, Свердлов ауылының мектептері толықтай қашықтан оқу тәртібіне көшті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанай облысында 29 мектеп қашықтан оқуға көшті 

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 20 қарашадан бастап Қостанай, Рудный қалалары мен Алтынсарин, Қостанай аудандарында 29 мектептің жекелеген сыныптары да қашықтан оқи бастаған. 

Бүгінде өңірде 5 634 оқушы қашықтан білім алып жатыр. Оның 2 274-і – 1-4 сыныпта, 3360-ы 5-11 сыныпта оқиды. 

Білім ордаларында жұқпалы вирустың таралып кетуіне ата-аналар да алаңдаулы. Біраз ата-ана мұндай жағдайда оқу мекемелерінің толықтай қашықтан оқу режіміне көшкенін дұрыс көреді. Ал облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова мектептердің толықтай қашықтан оқыту тәртібіне көшуі бас санитарлық дәрігердің қаулысымен ғана қабылданатын шешім екенін айтады. 

Санэпидбақылау департаментінің мәліметінше, 1 қазан мен 18 қараша  аралығында өңірде ЖРВИ жұқтырған 36 мыңнан аса адам тіркелген. Оның 21 мыңы – 14 жасқа дейінгі балалар.  

Өңірде тұмаудың өршіп бара жатқанына байланысты облыстық балалар ауруханасы да күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Емдеу мекемесі науқастардың сыртқа шығуына, олардың ата-аналары мен туыстарының ғимаратқа кіруіне тыйым салды.