Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы міндетін атқарушы Жаннат Сабырғалиеваның дерегіне сүйенсек, туристер арасында отандастарымыздың үлесі басым. Өзге өңірлерден келушілер саны 73 мыңнан асады. Шетелден келген туристер – 10 мың адам.
– Қазір облыста 250-ден астам туристік мекеме жұмыс істейді. Туристерге 3 млрд теңгенің қызметі көрсетілді. Атырау облысының инвестициялық тартымдылығы туризм саласындағы оң динамикаға серпін берді. Биыл өңірлік туризмді дамытуға тартылған инвестициялық қаржының көлемі 32 млрд теңгені құрады. Туристердің қызығушылығын арттыру мақсатында қолға алынған жобалардың есебінен инвестиция көлемі артып келеді, – дейді Ж.Сабырғалиева.
Оның айтуынша, туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірнеше жобаны іске асыру жалғасын табады. Айталық, ортағасырлық Сарайшық қалашығы мен Жылыой ауданындағы Ақмешіт қорымына жол салу қолға алынды. Құрманғазы ауданындағы лотос алқабының маңын абаттандыру, сондай-ақ жол бойындағы сервистік қызмет көрсететін нысандарды көбейту жүргізіліп жатыр.
Туризм саласын ақпараттық, имидждік тұрғыда ілгерілетуді көздеген «Visit Atyrau» туристік ақпараттық орталығы құрылды. Орталық директорының орынбасары Ләззат Сұлтанованың айтуына қарағанда, «Visit Atyrau» сайты үш тілде жұмыс істейді. Сайтта облыстың табиғи, тарихи, мәдени нысандары туралы толық ақпарат бар.
– Біз өңірдің туристік әлеуетін кеңінен насихаттауды жалғастыра береміз. Қазірде туристерге арналған мобильді қосымша дайындалып жатыр. Бұл қосымша арқылы саяхатшылар маршрутын алдын ала жоспарлап, қонақүй мен гид қызметін онлайн брондай алады. Орталық қызметкерлері «Zhaiyk Brand Fest», «Atyrau Fish Day», «EthnoWeekend», «Lotus Fest», «Tour de Saraishyq» секілді өңірлік, халықаралық жобаларды ұйымдастыруға ұйытқы болды, – деді Л.Сұлтанова.
Сала мамандарының пікірінше, Атыраудан Ыстанбұл, Дубай, Амстердам, Тбилиси, Баку бағытында ұшатын тұрақты әуе рейстері өңір туризмін дамытуға септігін тигізіп отыр. Жақында Италиядағы Милан қаласына тікелей әуе рейсі ашылды. Бұл Еуропадан келетін туристердің көбеюіне ықпал етеді.
– Атырау облысында көне дәуірден сыр шертетін тарихи мекендер мен орындар көп. Бұл әсіресе шетелдік туристерді қызықтырады. Сол себептен, туристерді қызықтыратын бірнеше мәселеге басымдық беріліп отыр. Біріншіден, туризм саласын жаңа деңгейге көтеруге ден қойылды. Екіншіден, сервистік қызмет көрсету сапасын арттыру қолға алынды. Бір сөзбен, мұнайлы өңірді жетекші туристік орталықтың біріне айналдыру бағытындағы жұмыс жалғасады, – деді Ж.Сабырғалиева.
Атырау облысы