Руханият • Бүгін, 16:55

«ROMEO & JULIET» алғаш рет синема-эпос форматында қойылады

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры 25–26 қараша күндері Уильям Шекспирдің «Romeo & Juliet» спектаклінің жаңа нұсқасының премьерасын ұсынады. Қойылым алғаш рет синема-эпос жанрында көрсетіледі, деп жазады Egemen.kz.

«ROMEO & JULIET» алғаш рет синема-эпос форматында қойылады

 

Шығарманы қазақ тіліне Әбіш Кекілбаев аударған. Жаңа қойылымды сахналау үшін театрға Ресейдің театр және кино режиссері Уланбек Баялиев шақырылды. Режиссердің жұмыстары классикалық пьесаларды қазіргі заман көрерменіне жаңа қырынан танытуымен ерекшеленеді.

Синема-эпос жанры эпикалық театрлық шешімдер мен кинематографиялық визуализацияны ұштастырады.

Қойылымның қоюшы суретшісі – Қанат Мақсұтов. Кейіпкерлердің костюмдері «JADO» сән үйі мен театр суретшілерінің бірлескен жұмысы негізінде жасалды. Костюмдер эскизін дизайнер Жадыра Сахиева мен жас суретші Ақбота Қапсалаң әзірледі.

Ал музыкалық әрлеуді композитор Олжас Дәлелхан жасады. Хореограф –  Салтанат Сұңғат. Сахналық сайысты қойған – Бекзат Бағытжанов. Дыбыс режиссерлері – Ләззат Қыстықбаева мен Ермахан Мұхтаров. Саунд-дизайн – Ұлан Ерланұлы. Жарық қою бойынша суретшілер – Арсений Макаров пен Азамат Бекбембетов. Бейнеоператорлар –  Жанар Төлеген мен Әлім Махамбетов.

Ромео рөлін екі құрамда жас әртістер Бибарыс Орман мен Ақжол Мамыр орындайды. Джульетта бейнесін Ситора Анварова мен Саида Сағынова сомдайды. Сонымен қатар спектакльде Ержан Нұрымбет, Алтынай Нөгербек, Қуандық Қыстықбай, Нұркен Өтеуіл, Сая Тоқманғалиева, Самат Байыров, Ботагөз Мақсұтова, Қобыланды Болат және басқа да театр әртістері өнер көрсетеді. Премьера «Theatre Avenue» бэндінің сүйемелдеуімен өтеді.