Облыс әкімдігі ұйымдастырған жыр додасына Тобыл-Торғай өңірінің өткені мен бүгіні, келешегі арқау болып, мерейтой иесінің ақындық өнері, айтысты дамытуға қосқан үлесі дәріптелді.
Алты сағатқа созылған аламанның 3 млн теңге сыйақысы бар бас жүлдесін Абай облысының атынан шыққан Әсем Ережеқызы жеңіп алды. Қазылар алқасының ұйғаруымен бірінші орынға (2 млн теңге) ақтөбелік ақын Нұрбол Жауынбаев лайық деп танылды.
Екінші орын – (1,5 млн теңге) Мұхтар Ниязов (Қызылорда облысы) пен Жансая Мусинаның (Батыс Қазақстан облысы) еншісінде.
Жүлделі үшінші орынға (1 млн теңге) Нұрлан Есенқұлов (Шымкент қаласы) пен Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда облысы) иет болды.
Айтысқа қатысқан өзге ақындар да 500 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйлығын алды.
Ақындарды марапаттау рәсімінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов халық ақыны Әсия Беркенова мен таяуда ғана «Алтын домбыраны» жеңіп алған айтыс ақтаңгері Айбек Қалиевтің айтыс өнерін дамытуға сіңірген еңбектері ерекше екенін атап өтіп, ел руханиятына қосқан өлшеусіз үлестері үшін алғыс білдірді.
Одан кейін қазылар алқасының мүшесі Жанарбек Әшімжан көпшілікке Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың құттықтауын оқып беріп, мерейтой иесінің иығына шапан жапты.
Әсия ақын айтыс сахнасына кезінде Фариза Оңғарсынова жапқан шапанды киіп шыққанын, оны музейге тапсыратынын айтты.
Ал облыс әкімі Құмар Ақсақалов Тобыл-Торғай өңірінен шыққан қос ақынға меценаттар тарту еткен су жаңа автокөліктердің кілтін табыс етті. Халық ақыны Әсия Беркенова «KIA Sportage», айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев «KIA Cerato» көлігін мінді.
Қостанай облысы