Министрліктің мәліметінше, бұл қадам АЭХА Жарғысына және еліміздің бастамасымен 2023 жылғы 29 қыркүйекте қабылданған GC(67)/RES/15 қарарына сәйкес агенттік шеңберінде мүше мемлекеттердің егемендік теңдігін қалпына келтірудегі маңызды кезең болып саналады.
– Бұл шешім Қазақстанның жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, ядролық қарусыздану мен таратпау режимін қолдауға деген тұрақты ұстанымын тағы бір мәрте растайды, – делінген құжатта.
Министрлік мүше мемлекеттердің АЭХА-дағы егемендік теңдікті қалпына келтіру жолындағы күш-жігерін жоғары бағалап, Қиыр Шығыс тобына қатысушы елдерге көрсеткен қолдауы мен сенімі үшін ризашылығын білдірген.
– Қазақстанның жаңа мәртебесі елімізге АЭХА басқарушы органдарының жұмысына толыққанды қатысуға мүмкіндік береді, – деп қосқан ведомство.
СІМ атап өткендей, Қазақстан жаппай қырып-жою қаруларынан азат әлем қалыптастыруға бағытталған халықаралық күш-жігердің белсенді қатысушысы ретінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық технологияларды жауапкершілікпен қолдану және ашықтық тетіктерін нығайту ісіне өз үлесін қосуды жалғастыруға дайын.