– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті. Жоғары дәрежеде қайта өңдеу өндірістерін кеңейту үшін Энергетика министрлігі нақты қандай жұмыстар атқарып отыр?
– Мұнай-газ химиясы – еліміз үшін стратегиялық маңызды сала. Ол шикізатты терең өңдеуді, жоғары қосылған құны бар өнім шығаруды және экономиканың жаңа өсім нүктелерін қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Өткен жылы 2030 жылға дейінгі мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамыту туралы Жол картасы бекітілді. 15 млрд доллар тартумен және шамамен 20 мың жұмыс орнын (оның 4 мыңнан астамы тұрақты) құрумен 6 ірі жобаны іске асыру жоспарланған.
Басым бағыттардың қатарында – бутадиен, полиэтилен, карбамид өндіретін зауыттарды салу. Әсіресе полиэтилен өндіру жобасы еліміздің өңдеу өнеркәсібі тарихындағы ең ірі индустриялық бастамалардың бірі болуға тиіс. Сонымен қатар қуаттылығы жылына 500 мың тонналық полипропилен зауыты іске қосылды. Жоспарланған мұнай-газ химиясы жобаларының жүзеге асуы елімізге көмірсутектерді терең өңдеу көлемін айтарлықтай арттыруға, сондай-ақ әлемдік мұнай химия нарығындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді.
– Жолдауда газ өңдеу зауыттарының құрылысын жеделдету тапсырылды. Осы жобалардың қазіргі жай-күйі қандай, олар қашан іске қосылады?
– Ішкі нарықты табиғи газбен қамтамасыз ету – газ саласының басым бағыты. Біздің басты міндетіміз – өз газымызды қайта өңдеу. Бүгінде тарихи ауқымдағы жобалар іске асып отыр. Айталық Қашағанда газ өңдеу зауытының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның қуаттылығы жылына 1 млрд текше метр газды құрайды. Сондай-ақ екінші кезең аясында қуаттылығы 2,5 млрд текше метр /жыл ГӨЗ салу жобасы пысықталып жатыр. Қарашығанақта газ өңдеу зауытын салу жобасы пысықталуда. Жаңаөзен қаласында қуаттылығы жылына 900 млн текше метр болатын жаңа ГӨЗ құрылысы басталды.
Сонымен қатар газдың ресурстық базасын кеңейту жөніндегі Жол картасы іске асып жатыр, оның нәтижесінде Рожковское, Өріктау Шығыс және Анабай кен орындары өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді.
Бұған қоса қатарлық серіктестермен бірге «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбырының екінші желісі салынып жатыр. Биыл ұзындығы 300 шақырым болатын «Талдықорған – Үшарал» магистралдық газ құбыры пайдалануға берілді.
– Еліміздегі жылу электр орталықтарының тозуы – мемлекеттік деңгейде мән беріліп отырған мәселе. Өткен жылдары болған апаттардың алдын алу және энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту үшін қандай шаралар қабылданып отыр?
– Инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету мақсатында ауқымды жөндеу науқаны жүргізіліп жатыр. Биыл 10 энергия блогіне, 63 қазандыққа және 39 турбинаға күрделі жөндеу жоспарланған. Бұл жұмыс нақты нәтиже беруде: 2024 жылмен салыстырғанда ЖЭО-ның орташа тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға дейін төмендеді. Бұл – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберіндегі жаңғырту мен жабдықты жаңарту нәтижесі.
Қазір қызыл аймақта 10 ЖЭО, сары аймақта – 17, жасыл аймақта – 10 нысан бар. ЖЭО-ларды жүйелі түрде жаңғырту жалғаса береді. Мақсат – тозуды жыл сайын төмендету және нысандарды қауіпсіз пайдалану аймағына көшіру. Түркістан облысында жалпы қуаттылығы 1000 МВт-ға дейінгі маневрлік бугазды электр стансасының құрылысы белсенді жүріп жатыр. Сондай-ақ Қызылордада қуаттылығы 240 МВт болатын жаңа ЖЭО-ның құрылысы аяқталып қалды. Алматыдағы жылу орталықтары газға ауыстырылуға тиіс.
– Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба қалай іске асырылады, оның негізгі басымдықтары қандай?
– Еліміз барлық өңірді қамтитын ауқымды ұлттық жобаны іске асыруға кірісті. 2029 жылға қарай жылу желілерінің тозу деңгейін 52%-дан 42%-ға, ал электр желілерінің тозуын 74%-дан 45%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.
Мақсат – инфрақұрылымды кезең-кезеңімен жаңарту және жылу мен электр энергиясымен жабдықтаудың сенімділігін арттыру. Жалпы қуаттылығы 7,3 ГВт болатын генерация объектілерін салу және жаңғыртудың 29 жобасы қарастырылған.
– Еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қалай қол жеткізбек?
– Президент Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, сонымен қатар елдің көміртегі ізін төмендету жөніндегі стратегиялық бағытын ескере отырып, энергетикалық жүйені қамтамасыз етудің негізгі шешімі – таза көмір технологиялары негізіндегі көмір генерациясын әрі қарай дамыту, сондай-ақ баламалы энергия көздерін (ЖЭК) енгізу. Энергетикалық көмір қоры шамамен 34 млрд тоннаны құрайтынын ескерсек, қазба отындарын толықтай тоқтату қисынсыз.
Сондықтан жаңа көмір стансалары қоршаған ортаға әсері минималды, экологиялық талаптарға сай «таза көмір» технологиялары негізінде салынады. Бұл бағыттағы жарқын мысалдар – Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында салынатын жаңа ЖЭО-лар, сондай-ақ Курчатов пен Екібастұздағы жобалар. Мұнда түтін газдарын тазарту жүйелері және көмірқышқыл газын ұстау технологиялары қолданылады. Сонымен қатар қолданыстағы көмір стансаларын жаңғырту кезінде де таза көмір технологиялары енгізілетін болады.
– Алдағы жылдары қандай Жаңартылатын энергия көздері жобалары іске асырылады?
– Жаңартылатын энергия көздері секторын дамыту белсенді жалғасып жатыр. Бұл – еліміздің энергетикалық трансформациядағы маңызды бағыты. Бүгінде Қазақстанда қуаттылығы 3122 МВт болатын 156 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. Биыл жалпы қуаты 455 МВт болатын 9 жаңа нысан іске қосылады. Еліміз стратегиялық халықаралық инвесторлармен белсенді ынтымақтасып келеді. Олардың жобалық портфелі шамамен 5 ГВт-ны құрайды.
2035 жылға дейін 8 ГВт-дан астам жаңа ЖЭК қуаттары іске асырылады. Мысалы, Жамбыл облысында қуаттылығы 1 ГВт болатын ірі жел электр стансасын салу жобасы жүзеге асырылады. Біз Masdar компаниясымен ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. Үкіметаралық келісімнің жасалуы мен ратификациялануы бұл жобаны жедел бастауға әрі тұрақты іске асыруға толық дайын екенімізді көрсетеді.
Әңгімелескен –
Қуат ӘУЕСБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»