Қоғам • Кеше

Армян ағартушысы атындағы көше ашылды

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада армян халқының ойшылы әрі ағартушысы Месроп Маштоцтың атына көше берілді. Ол елорданың сол жағалауындағы Қабанбай мен Тұран көшелерінің ортасында орналасқан. Ұзындығы – 750 метр.

Армян ағартушысы атындағы көше ашылды

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Көшенің ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Армения Республикасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі Жанна Андреасян, армян диас­порасының өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Еске салсақ, Астанада Месроп Маштоц атындағы көшенің ашылатыны туралы алғаш рет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы сәуірде Ереванға жасаған ресми сапары барысында жарияланған еді.

Салтанатты жиында Аида Балаева көшенің ашылуы екі халық­тың достық, өзара мәдени бірлікті нығайтуға деген ұмты­лысы­ның жаңа рәмізі екенін айтты.

– Іс-шара – армян халқына деген құр­метіміз бен достық пейілімі­здің белгісі. Осы жыл­дың сәуір айында Ереванда қазақ­тың ұлы ақыны Абай Құнанбай­ұлы атындағы саябақ ашылды. Енді ол жерде ойшылдың құнды мұрасы ұлықталады. Қазақстанда Месроп Маштоцтың есімі берілген көшені ашу арқылы біз осы игі қадамға құрметпен жауап беріп, рухани мұра – мәдениеттеріміз қос өзеннің сағасындай тоғысатын, бір-бірін байыта түсетін кеңістік екенін тағы бір дәлелдейміз, – деді А.Балаева.

Месроп Маштоц – Армения бүгінге дейін қолданатын 36 әріптен тұратын әліппені жасап, сол ұлттың тілін, мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосқан тұлға. Жанна Андреасян армян ғалымының есімін ұлық­тау халықтардың өзара құр­меті мен достығы, мәдени ынтымақ­тастығы тарихындағы жаңа белес екенін атап өтті.

– Ереванда Абай саябағының, енді міне, Астанадағы Маштоц көшесі­нің ашылуы екі ел мәде­ниетін жалғаған көпір іспетті. Бұл көпір арқылы тек ұлы тұлғалардың есімдері емес, бейбітшілік пен білім, шығармашылық пен достық сияқты ортақ құндылықтар да ұрпақтан-ұрпаққа тарайды. Армения мен Қазақстан – тарихы терең, ұлы ойшылдарының рухани мұрасын ұлықтап, келешекке ұмтылған мемлекеттер. Екі ел арасындағы ынтымақтастық қашанда бір-бірін толықтырып, байытып отыратын серіктестікке негізделген. Сондықтан Маштоц көшесінің ашылуы біздің мәдени және білім саласындағы байланыстарымызды жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам деп білемін, – деді Армения Респуб­ликасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрі.

Іс-шара Армения Премьер-министрі Никол Пашинянның ресми сапары аясында өтті.