Жамбыл облыстық сотының мәліметінше 2025 жылдың тамызында жұмыссыз жүрген М. толық емес жұмыс күні туралы хабарландыруды көріп, «Telegram» сілтемесіне өтіп, «Байрон Жержевич» деген пайдаланушымен байланысқа шыққан. Ол оған психотроптық заттарды тарату бойынша жұмыс ұсынған. Қызметтің заңсыз екенін біле тұра, М. онымен келісіп, аталған адаммен алдын ала сөз байласуға кіріскен.
«Әрі қарай ол Алматы қаласында қойманың координаттарын алып, онда 94 бума психотроптық затты алған. Келесі күні куратордың нұсқауларына сәйкес М. оларды одан әрі тарату үшін Тараз қаласына келген», – деп жазылған хабарламада.
Сотталушы қаланың әртүрлі жерлеріне 9 есірткі бумасын қойып кеткен. Алайда сол күні учаскелік полиция инспекторына ұсталып қалған. Тінту кезінде аса ірі мөлшердегі жалпы салмағы 41,86 грамм болатын 85 буманы өз еркімен берген.
Прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы М. өзінің кінәсін толық мойындап, соттан оған ең жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
Сот сотталушының бұрын сотты болмағанын, кінәсін мойындағанын және жасаған ісіне өкініш білдіргенін жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырды.
Сот үкімімен М. Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің 1), 3) тармақтары (адамдар тобының алдын ала сөз байласып, психотроптық заттарды аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз иемдену және сақтау) бойынша кінәлі деп танылып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.