Қаржы • Бүгін, 18:07

Халықтың ипотекаға сұранысы төмендеді: автонесиеге қызығушылық артты

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2025 жылдың үшінші тоқсанында корпоративтік секторда ірі компаниялар есебінен кредиттік белсенділік өсті, ал бөлшек сегментте банктер ипотекалық заемдарға сұраныстың төмендеуін және автонесиелер мен тұтынушылық кредиттерге тұрақты қызығушылықты атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ұлттық банк баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Халықтың ипотекаға сұранысы төмендеді: автонесиеге қызығушылық артты

Үшінші тоқсанда банктер ірі кәсіпорындар тарапынан өсім және шағын бизнес сегментінде қалыпты динамика есебінен бизнес кредиттеріне жиынтық сұраныстың артқанын тіркеді.

Ірі бизнес сұранысының артуы алдыңғы тоқсанда байқалған бәсеңдеуден кейін іскерлік белсенділіктің қалпына келуімен және бір ірі банкте өтінімдер санының көбеюімен байланысты. Дегенмен орта деңгейлі кейбір банктер экономикалық және кредиттік жағдайларға қарай сұраныстың төмендегенін жазды. Бірқатар банктерде валюталық займдарға қызығушылық өсті. Орта көлемді банктердің бірі кепілдік қамтамасыз ету талаптарын жұмсартып, қабылданатын активтер тізімін кеңейтті.

Нәтижесінде ірі бизнес берген кредиттік өтінімдер саны 19%–ға көбейіп, 237-ге жетті, ал олардың орташа көлемі 6%–ға азайып, 12,1 млрд теңгені құрады.

Орта бизнес тарапынан сұраныс тұрақты сақталды, ал шағын кәсіпорындар арасында қалыпты өсу байқалды. Кредиттеуді ынталандырудың негізгі құралдары «Өрлеу» бағдарламасы және «Даму» қорының портфельдік кепілдендіруі болды. Кейбір банктер жаңа кепілдік өнімдерін енгізді. Микробизнес сегментінде банктер бір мезгілде қаржылық жағдайға қойылатын талаптарды күшейтіп, сонымен бірге арнайы мобильдік қосымшалар әзірлеп, табысты растау тәсілдерін көбейтті және скорингті жақсартты.

Орта бизнес өтінімдерінің саны 5,3 мың деңгейінде сақталды, ал орташа көлемі 2%–ға төмендеп, 905 млн теңгені құрады. Шағын бизнес өтінімдері 10%–ға артып, 999 мыңға жетті, орташа көлем 9%–ға азайып, 27,7 млн теңгені құрады.

Банктер төртінші тоқсанда бизнес тарапынан кредитке сұраныстың тұрақты деңгейде сақталуын күтеді. Алайда пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне байланысты кредит беру талаптарының біршама қатаюы болжанып отыр.

Үшінші тоқсан қорытындысы бойынша банктер ипотекалық заемдарға сұраныстың төмендегенін, ал автокредиттерге қызығушылықтың артқанын атап өтті. Тұтынушылық кепілді және кепілсіз кредиттерге сұраныс өткен тоқсан деңгейінде қалды.

Ипотекалық сұраныстың төмендеуіне ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің 25%-дан 20%-ға төмендеуі әсер етті. Осыған байланысты бірқатар банктер нарықтық ипотекалық өнімдердің шарттарын қайта қарады. Дегенмен ипотекалық өтінімдер саны 19%–ға өсіп, 288 мыңға жетті, олардың орташа мөлшері 21%-ға артып, 21 млн теңгені құрады.

Айта кетейік, 2025 жылдың 9 маусымында ипотекалық мөлшерлеме 25%-дан 20%-ға дейін төмендетілген еді. Алайда 17 маусымда қаржы реттеушілері бұл норманың күшіне енуін 1 қарашаға дейін тоқтатты, кейіннен оны 2026 жылдың 1 шілдесіне шегерді.

Кепілмен берілетін тұтынушылық кредиттерге сұраныс екінші тоқсан деңгейінде қалды. Бір орта банктің цифрлық пилоттық сервисті іске қосуына байланысты өтінімдер саны 94%–ға өсіп, 94 мыңға жетті, орташа көлем 21%–ға төмендеп, 12 млн теңгені құрады.

Кепілсіз кредиттерге сұраныс та өзгеріссіз қалды. Банктер бұл сегментте реттеушілік талаптардың күшейгенін атап өтті: мерзімнің 5 жылға дейін қысқаруы, 21 жасқа дейінгі және 55 жастан асқан адамдар үшін қосымша талаптар енгізілуі, «салқындау кезеңі», кредиттік тарихы жоқ азаматтың банк бөлімшесіне жеке келуі міндеттелді. Соның нәтижесінде өтінімдер саны 6%–ға азайып, 17,2 млн болды, ал орташа өтінім мөлшері 7%–ға артып, 1 млн 50 мың теңгеге жетті.

Автокредиттерге сұраныс 2025 жылдың алғашқы жартысында автосалондар субсидиялаған бағдарламалардың кейінгі әсерінен өсе берді. Өтінімдер саны өткен тоқсанмен бірдей – 1,52 млн болды, ал орташа көлем 5%–ға төмендеп, 6,9 млн теңгені құрады.

Банктер төртінші тоқсанда ипотека, автокредиттер және кепілсіз тұтынушылық кредиттерге сұраныстың аздап төмендеуін күтеді. Кепілді тұтынушылық кредиттер бойынша сұраныс тұрақты болады деп болжанып отыр.