Семейде өткен «Алтын күз» атты салтанатты шарада жыл қорытындысы шығарылып, өңірдің үздік еңбеккерлері марапатталды. Облыстың ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 404 млрд теңгеден асты. Мал шаруашылығы мен қайта өңдеу саласында өсім байқалады, жаңа кәсіпорындар ашылуда. Биыл ауыл шаруашылығы құрылымдары 446 жаңа техника сатып алған.
Абай облысының әкімі Берік Уәли өңір аграршыларының еңбегін жоғары бағалады.
«Бұл жылы ауқымды жұмыс атқарылды, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы саласында болашаққа жоспарлар белгіленді. Барлық жетістіктер – сіздердің еңбектеріңіздің, табандылықтарыңыз бен жанкештіліктеріңіздің нәтижесі. Өңірдің дамуына қосқан үлестеріңіз өте қымбат», – деді ол.
Биыл өңірде алғаш рет агросфераның үздік мамандарына автокөліктер табысталды. Жеңімпаздар «Үздік шопан», «Үздік механизатор», «Үздік технолог», «Үздік тракторшы» номинациялары бойынша анықталды.
Сонымен қатар «Құрмет» ордені, «Даңқ» орденінің III дәрежесі, «Еңбек үздігі», «Еңбек ардагері» медальдары тапсырылды.
«Үздік шопан» атанған Ержан Мэлсов ауыл шаруашылығына назарды күшейту қажет екенін айтты.
«Қазір әсіресе жастар арасында қой бағумен айналысатындар аз. Ауыл – елдің түп қазығы дейді. Ауылдардың дамуы – мемлекеттің өркендеуі. Сондықтан ауылға және ауыл шаруашылығына көбірек көңіл бөлу керек», – деді ол.
Фермер Мұхаметхан Асанбеков еңбегінің жоғары бағаланғанына ризашылығын білдірді.
«Еңбегімнің осылай құрметтелгеніне қуаныштымын. Бұл шабыт береді, алға жетелейді. Баршаңызға рақмет, өмірімізде мұндай қуанышты сәттер көп болсын», – деді ол.
Шара барысында ауыл еңбеккерлерінің кәсіби жетістіктері ғана емес, өңірдегі аграрлық саланың даму бағыттары да атап өтілді.