Фотолар: Жамбыл облысы әкімдігі
«Бүгін – біз үшін тарихи әрі қуанышты күн. Әулие-Ата жерінде жаңа футбол дәуірінің басталуын бірге атап отырмыз.
Салынатын бұл нысан – тек ғимарат қана емес, болашақ чемпиондардың ордасы, ел намысын әлемдік ареналарда абыроймен қорғайтын жаңа буын футболшылардың жолын ашатын маңызды қадам.
Біздің өңір – қазақ футболының қайнар бұлағы. Осында өсіп, талай жанкүйердің жүрегін жаулаған даңқты спортшылардың есімі біз үшін зор мақтаныш, кейінгі толқынға үлгі.
Бүгін капсуланы салтанатты түрде орналастыру – алда күткен үлкен жетістіктердің нышаны. Бұл академиядан ел сенімін арқалайтын дарынды, талапты жас футболшылар өсіп шығатынына кәміл сенеміз.
Жаңа академия қазақ футболына тың серпін беріп, бізді жаңа белестерге бастай берсін!», деді Ербол Қарашөкеев.
Футбол федерациясының Бас хатшысы Давид Лория және «Halyk» қайырымдылық қорының атқарушы директоры Ғалымбек Жақсылықов жаңа академияның қазақ футболын дамытудағы рөліне тоқталса, футбол ардагері Георгий Хутиди мен «Тараз» футбол клубының түлегі, белгілі футболшы Нұркен Мәзбаев жобаны іске асыруға атсалысып жүрген азаматтарға өз алғыстарын білдірді.

Футбол академиясы 2027 жылы пайдалануға беріледі
Өңір әкімдігінің мәліметінше, құны шамамен 3,5 млрд теңгені құрайтын футбол академиясында жасөспірімдердің кәсіби өсуі мен дамуына ерекше назар аударылады. Бұл үшін заманауи материалдық база жасақталып, тәжірибелі жаттықтырушылар жұмыс істейді, ал оқу-жаттығу процесінде ғылыми негізделген әдістемелер қолданылмақ.
Жас футболшылардың жайлы өмір сүруі үшін 100 орындық жатақхана салу жоспарланып отыр.
Академия 2027 жылы пайдалануға беріледі деп күтіліп отыр.
Айта кетелік, жоба Қазақстан футбол федерациясы, «Halyk» қайырымдылық қоры және Жамбыл облысы әкімдігі арасындағы серіктестік шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.