Мәдениет • Бүгін, 18:24

Silk Way Star: Қазақстан Еуразияның жаңа медиабрендін қалыптастырып келеді

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент телерадиокешені Қытайдың CMG медиакорпорациясымен бірлесіп жасаған халықаралық вокалдық байқау Silk Way Star бүгінде еліміздің ең танымал экспортталатын медиаөнімдерінің біріне айналып келеді, деп жазады Egemen.kz.

Silk Way Star: Қазақстан Еуразияның жаңа медиабрендін қалыптастырып келеді

Формат толықтай Қазақстанда әзірленгендіктен, авторлық құқықтар, франшиза және монетизациялау мүмкіндіктері отандық индустрияға тиесілі. Бұл креативті сектор үшін мүлде жаңа көкжиектер ашады.

2025 жылы жобаның жеңімпазы Моңғолиядан келген қатысушы Мишель Джозеф болды. Бұл жеңіс байқаудың халықаралық деңгейін және өңірдегі таланттарға ашық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Статистика Silk Way Star-дың танымалдығы артып келе жатқанын көрсетеді. Әлеуметтік желілердегі аудиторияның географиясы 43 елді, пайдаланушылар саны 143 миллионнан астам адамды, ал жалпы қаралымдар 300 миллионнан асып түсті. Қазақстан үшін бұл — құқықтар мен лицензияларды сату, жарнама нарығын кеңейту, демеушілік келісімшарттарының көбеюі сияқты нақты экономикалық мүмкіндіктер.

Silk Way Star еліміздің креативтік индустриясын да алға сүйреп отыр: продакшн-студияларға, дизайнерлерге, музыканттарға, SMM және аналитика саласының мамандарына деген сұраныс артып келеді. Сонымен қатар жоба Қазақстанның өңірлік мәдени дипломатия орталығы ретіндегі имиджін күшейтеді.

Болашақта жобаны ауқымдау Қазақстанға Еуразияның жетекші медиа хабы мәртебесін бекітуге жол ашады. Сарапшылардың болжамынша, алдағы жылдары медиа мен креативті экономикаға тартылатын инвестициялар 50–70 миллион долларға жетуі мүмкін, ал саланың ЖІӨ-дегі үлесі екі есеге ұлғаймақ.