Вирустың таралуына жол бермеу үшін медициналық ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. МСАК деңгейінде 29 мобильді бригада мен 25 сүзгі кабинеті ашылып, тұрғындарға кеңес беретін 48 телефон желісі іске қосылған. Қажет болған жағдайда шұғыл көмек көрсетуге 69 жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылды. Облыс бойынша 82 мың адам тұмауға қарсы вакцина алып үлгерді. Стационарларда 421 инфекциялық төсек дайындалған, қосымша 196 төсек резервте тұр. Өңірде ауыр жағдайда жатқан пациенттер жоқ.
Халық арасында профилактика шараларын күшейту мақсатында ақпараттық-ағарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Медициналық ұйымдар 15 мыңнан астам парақша таратып, 1,5 мың адамды қамтыған оқу семинарлары мен кездесулер ұйымдастырды. Әлеуметтік желілерде ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу жөніндегі ақпарат кеңінен жарияланып, түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Республика бойынша да эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Қалыпты тұмау вирустары айналымда жүр, жаңа немесе аса қауіпті штамдар тіркелмеген. Соның ішінде А тұмауы вирустарының бірі — H3N2 («Гонконг тұмауы») анықталған. Бұл штамм 1968 жылдан бері әлемде тұрақты таралады және жоғары температура, бас ауруы, жөтел сияқты белгілермен сипатталады. ДДСҰ мәліметінше, биыл жиі кездесетін үш штамм — А (H1N1), А (H3N2) және В түрлері. Барлығы да «Гриппол+» вакцинасының құрамында бар, сондықтан вакцинация аурудың ауыр ағымының алдын алуда тиімді болып отыр.