Қоғам • Бүгін, 08:20

Жетістігі мол Жаркент

20 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жаркентке жол тартқан жүргізуші енді жолдың азабын тартпайды. Тақтайдай тас жол жылдам жеткізеді. Шаруалардың да көңілі шат. Биыл жүгерінің бағасы да жоғары. Қырман толы астық. Ал ауыл жұрты әне-міне көгілдір отынды күтіп отыр. Осының бәрі Президент тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан игі істер. Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек өңір әлеуетінің артқанын жеткізді. Жетістігі мол өңірдің инфрақұрылымы да әжептәуір жақсарған.

Жетістігі мол Жаркент

Жолында кінәрат жоқ

Жаркент өңірін айтсақ, әуелі халықаралық Қорғас шека­ралық бекетінің еске түсетіні анық. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Елдеріміз арасындағы экономикалық ықпалдастыққа «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы тың серпін береді» деген болатын. Осы ретте «Жаркент – Қорғас» республикалық жолы жөнделіп, былтыр пайдалануға берілді. Биыл «Сарыөзек – Көк­тал» автомагистралінің жөндеу жұмыстары аяқталды, оның 83 шақырымы Панфилов ауда­ны аумағынан өтеді. Енді ше­каралық аймаққа бару тіпті жеңілдегендей. Одан бөлек Көнбе асуындағы көпірді, Көктал ауылынан «Алматы – Қорғас» жолына шығатын 15 шақырым жолды жөндеу жұмыстары толық біткен. Сол сияқты облыстық маңызы бар «Жаркент – Сарыбел» жолының 4 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал Басқұншы ауылында кіреберіс жолдың күрделі жөндеу жұмыс­тары жүріп жатыр.

«Ынталы ауылының 11,8 шақырым кіреберіс жолына күр­­делі жөндеу жұмыстарын бас­­тағанбыз, биыл асфальт төсеу жұмысы аяқталады, келесі жылы абаттандырылып, қабылданады. Бұдан бөлек Жаркент, Әулиеағаш, Басқұншы елді мекендерінің 8 көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Басқұншы ауылындағы 2 көшесінің жөндеу жұмыстары аяқталды. Жаркент қаласы мен Әулиеағаш ауылының ішкі көшелерін тегістеу келесі жылы жалғасады», дейді Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев.

Облыс әкімі баспасөз қыз­метінің мәліметінше, кейінгі үш жылда Кербұлақ пен Пан­филов аудандарының аумағын­дағы республикалық маңызы бар жалпы ұзындығы 241 ша­қырым жол жөнделген. Атқа­рылған жұмыс жол жабынын белгіленген нормативтік талапқа сай жақсы техникалық күйге келтіруге мүмкіндік берді.

 

Жүгеріден түсім мол

Жетісу өңіріндегі жүгерінің шамамен 55%-ы Панфилов ауданына тиесілі. Биыл мұнда 23,1 мың гектар жерге себілген дәндік жүгері толық жиналып, 182,5 мың тонна өнім алынды. Сонымен қатар ауданда қуаты жылына 33 мың тонна болатын жүгері өңдейтін экспортқа бағытталған жаңа кәсіпорын іске қосылды.

«Былтыр уәде еткенімдей, жүгеріге субсидия көлемі 10 теңгеден 12 теңгеге көтерілді. Жалпы облыстағы өсірілген жүгеріні «Жаркент крахмал-сірне зауыты», «АзияАгроФуд», «Уыз Май Индастри» және «Астық Халық Экспо» ЖШС-лары, яғни 4 кәсіпорын қабылдайды. Биыл осы ауданда орналасқан «Жаркент крахмал-сірне зауыты» қуатын 120 мыңнан 150 мың тоннаға дейін ұлғайтты. Сонымен бірге Жаркент қаласында биыл 1,8 млрд теңгеге күніне 120 тонна жүгері өңдейтін «Kazahstan Yuzheng Trading» зауыты іске қосылды. Өнім мал азығы ретінде Қытай, Өзбекстан және Иран мемлекеттеріне экспортталады», дейді аудан басшысы М.Сағымбек.

Ауданның тағы бір әлеуеті – бау-бақша шаруашылығы. Облыс бақтарының 44%-дан астам алқабы, яғни 2,3 мың гектар Панфилов ауданында орналасқан. Өндірілген өнімді сақтайтын жалпы сыйымдылығы 8,5 мың тонналық 8 қойма бар. Аудан­да аумағы 1 гектар болатын «ҚазГеоТерм» жылыжайы жұмыс істеп тұр. Жалпы, жыл басынан ауданның агроөнеркә­сіп саласына 1,9 млрд теңге инвестиция тартылып, 2024 жылға қарағанда 1,7 есе артқан.

Дегенмен облыс әкімі ауда­н басшылығына өндірілген өнімді қайта өңдеу үлесін көтеру керек­тігін айтып, тауарлы сүт, ет, құс фер­маларын салу мен ауылша­руа­шылық тауарларын өңдеу кәсіпорындарын ашу бағытында нақты шара қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар «Жаркент Фрукт» ЖШС қызметкерлерінің еңбекақысын төлеу мәселесін жаңа жылға дейін шешуді мін­деттеді.

«Мемлекет тарапынан аграр­лық секторға қолдау көрсе­тіліп, субсидиялар, жеңілде­тілген несиелер беріліп отыр. Мәселен, аудан диқандары осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, Үкіметтің қолдауы­мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ 512 млн теңгеге 28 бірлік ауыл ша­руашылығы техника­сын сатып алды. Ал «Кең Дала-2» бағ­­дарламасы аясында 31 өті­нім иелеріне 394 млн теңгеге жеңіл­детілген несиелер берілді», дейді Б.Исабаев.

Ал жер мәселесіне келсек, ауданда 2022–2025 жылдары пайдаланылмай жатқан 60 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, соның 54 мың гектары айналымға тартылған. Оның 22 мың гектары шаруа қожалығымен айналысамын деген азаматтарға үлестірілсе, 32 мың гектары ауданның барлық ауылдық округіне қоғамдық жайылым есебінде бөлінді. Тағы 6 мың гектары жермен жұмыс істегісі келетін азаматқа конкурс арқылы келесі жылдың І жартысында берілетін болады.

Жалпы, ауданның ауыл шаруашылығында былтыр жалпы өнім көлемі 59,6 млрд тең­гені құрап, облыстағы үлесі 13,7% болған еді. Кейінгі он айда 46,5 млрд теңгенің өнімі, яғни 21,5 млрд теңгесі мал шаруа­шылығында, 25 млрд теңгесі өсім­дік шаруашылығында өндірілген.

 

Қала табиғи газды тұтынады

Панфилов ауданында 26 елді мекен газдандыруға жатады. Бүгінде Жаркент қаласы то­лық газдандырылды. Қалған 25 елді мекенді газдандыру бойынша жұмыс жүргізілуде, соның 12-сінде құрылыс жұмыс­ы аяқталды. Бұл ретте тұрғын­дарының саны 1 900-ден асатын Ават, Ақкент, Нәдек ауылына көгілдір отын берілді. Жыл соңына дейін аудандағы елді мекендердің жартысы табиғи газға қол жеткізбек.

Өңір басшысының айтуынша, қалған 13 елді мекенде ауылға дейінгі газ құбырының құрылысы биыл аяқталып, келесі жылы ауылішілік газ тарату желілері жүргізілетін болады. Соның нәти­жесінде келесі жылдың со­ңына дейін ауданның 114,3 мың тұрғыны, яғни 85%-ы табиғи газға қол жеткізе алады.

«Алдағы жылдары халықтың басым бөлігін көгілдір отынмен қамтуды көздеп отырмыз. Одан бөлек сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінде тұр. Осы орайда аудандағы 40 елді мекеннің бәрі орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілді, соның ішінде Жиделі ауылына биыл жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, сапалы ауызсу тартылды», дейді М.Сағымбек.

Оның айтуынша, халыққа жыл соңына дейін 120 пәтер мен 200 жеке тұрғын үйді тапсыру көзделіп отыр. Жетісуда кезекке қою және тұрғын үй беру функциясы жергілікті атқарушы органдардан Отбасы банкіне өткен еді. Енді тұрғын үйлер осы банк арқылы беріледі. Былтыр аталған ауданда 480 пәтер мен 140 жеке тұрғын үй қолданысқа берілген. Биыл баспаналар Отбасы банкі арқылы кезең-кезеңімен беріліп, тұрғын үй кезегі 4%-ға қысқарады деген жоспар бар. Сонымен қатар ауылдық жерлерде тұратын әлеуметтік осал отбасыларды тұрғын үймен қамту үшін Шолақай ауылында 373 жер учаскесіне инженерлік желілер жүргізілуде.

«Өткен жылдың қорытын­дысында Панфилов ауданы облыстағы ең үздік аудан деп танылды. Бұл – аудан халқының ортақ еңбегінің нәтижесі. Біз өз тарапымыздан тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағытында тиісті шараларды қабылдап жатырмыз. Ең бірінші кезекте сапалы ауызсумен қамту, жол жөндеу, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу мәселелері ше­шіліп жатыр. Газдандыру жұмыс­тары да жалғасып жатыр. Жалпы, Панфилов ауданы – эко­номикалық әлеуеті жоғары, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, логистика, туризм салаларын дамытуға жақсы мүмкіндіктері бар, Жетісу облысының дамуына елеулі үлес қосып отырған өңір», дейді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

 

Медицина мекемелері көптеп салынады

Кейінгі жылдары облыста алыс аудандарға көңіл көбірек бөлінді. Оған дәлел шекаралық Панфилов ауданында әлеуметтік сала инфрақұрылымдарын нығайту жұмыстарының белсенді жүргізілуі. Мәселен, денсаулық сақтау саласында кейінгі екі жылда 18 нысан салынып, 3-еуі жөндеуден өткен. Сол сияқты қиырдағы аймаққа жұмыс істеуге келген 17 дәрігер маманға жалпы сомасы 135 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленген. Осындай шаралардың нәтижесінде жас мамандарды ауылдық жерлерге тартуға, медициналық қызмет көрсету сапасын жақ­сартуға мүмкіндік туып отыр.

Атап айтқанда, кейінгі екі жылда Шежін, Надек, Қырыққұдық, Алтыүй, Алмалы, Тұрпан, Ақ­жазық ауылдарында дәрігер­лік амбулатория, Аққұдық, Дихан­қайрат, Сары­төбе, Садыр, Сұп­тай, Қорғас ауылдарында фельдшерлік акушерлік пункт, Қызылжиде, Дарбазақұм, Көктал-Арасан, Сарпылдақ, Керім­ағаш ауылдарында меди­циналық пункт салынып, аудандық аурухананың күн­дізгі стационар ғимараты мен Сарыбел, Үшарал ауылдарында дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілген. Ал аудандық аурухана ғимаратын қалпына келтіру мен жаңа блоктың құ­рылысын бастауға қаражат бөлінді. Құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталады деп жоспарланған.

«Бүгінде өңірдің әлеуеті жылдағыдан жоғарылап ке­леді. Бұл ретте медицина ны­сандарының материалдық-техникалық базасын жақсарту да назардан тыс қалған жоқ. 2024–2025 жылдары аудандық ауруханаға, Әулиеағаш, Нұркент, Алтыүй, Сарыбел, Қоңырөлең ауылдарына жалпы саны 6 са­нитарлық автокөлік сатып алынып берілді. Жыл аяғына дейін аудандық аурухана 13 құрал-жабдықпен қамтамасыз етіледі. Одан бөлік біз білім саласын да басты назарда ұстап отырмыз. Мәселен, былтыр «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Жаркент қаласында 1 200 орындық мектеп салынса, биылғы жаңа оқу жылында Талды ауылында 300 орындық жаңа мектеп қолданысқа берілді», дейді М.Сағымбек

Одан бөлек Сұптай ауы­лында 120 орындық мектеп салынуда, келесі оқу маусымында пайдалануға берілмек. Әулиеағаш ауылындағы орта мектепке күрделі жөндеу жүргі­зілген.

Сондай-ақ мәдениет нысандарынан биыл Тұрпан ауылдық Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, қолданысқа берілсе, спорт саласында өткен жылы Үшарал ауылында 90 орындық спорттық кешен және Көктал ауылында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен спорттық кешен қолданысқа берілген.

Жалпы алғанда, ауданда әлеу­меттік инфрақұрылымды дамыту арқылы сапалы медици­налық көмек алу, алаңсыз оқу, бос уақытты тиімді өткізу мүм­кіндіктері артып келеді. Пре­зидент тапсырмасына сай, шағын кәсіпорындар ашылып жатыр. Өңдіріс көлемі де түрленіп келеді. Қазір өңірде халық саны да өскен, қайта сырттан көшіп келушілердің қатары көп. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру деңгейінің жақсарып жатқанын көрсетеді.

 

Жетісу облысы