ЖОЛДАУ • Бүгін, 09:00

Мемлекеттің экономикадағы үлесі: Нарық талабы не дейді?

40 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халықаралық валюта қоры миссиясы ел экономикасында артық жүктеме байқалуы мүмкін деп жобалап отыр. Қор дерегінше, 2025 жылы ІЖӨ мұнай өндірісі мен ішкі сұраныс есебінен 6%-дан жоғары өседі. Алайда инфляция 13%-дан асып кеткен. Бұған жұмсартылған бюджет саясаты, тұтынушылық несиелердің өсуі, Ұлттық қордан бөлінетін ірі трансферттер себеп болған.

Мемлекеттің экономикадағы үлесі: Нарық талабы не дейді?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Халықаралық валюта қорының болжамынша, 2026 жылы экономикалық өсім 4,5%-ға дейін баяулап, инфляция 11% деңгейінде сақталады. Ортамерзімді перспективада инфляцияны 5%-ға дейін төмендету үшін қатаң шаралар қажет. Қор сарапшылары «жеңіл­діктерді қысқарту, мемлекеттік сектордың аясын шектеп, субсидияларды азайту» қажет екенін айтып, мемлекеттің экономикаға араласуын азайтып, жеке секторды дамытуға кеңес берді. Сонымен қатар меншік құқығын қорғау жүйесін реформалау мен жекешелендіруді әділ, ашық жүргізу қажеттігін ескертті.

Мемлекет басшысы да осы мәселеге тоқталып, елімізде мем­лекеттік қатысы бар ұйымдар саны 25 мыңға жуықтап қалғанын айтты. Олардың көпшілігі тиімді жұмыс істемейді, міндеттері мен құрылымы нақты жүйеге сай емес. «Коммер­циялық емес мақсаттарды атқару үшін коммерциялық тәсілдер қолдану көбейіп, шығындар артып, артық басқару органдары құрылды. Нақты нәтиже ескерілмейді», деді Президент.

Халықаралық тәжірибе мемле­кеттің экономикалық белсенділігін шектеуді құптайды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы сарапшыларының пікірінше, мемлекеттік кәсіпорындар нарық­тың өзгерістеріне бейімсіз келеді, ал жеке сектор, керісінше, икемді – ол тез бейімделіп, инновациялар мен технологияларды белсенді енгізе алады. Әлемдік тәжірибеде мемлекеттің экономикадағы рөлін оңтайландыру көбіне «сары беттер ережесімен» (Yellow Pages Rule) түсіндіріледі. Бұл қағида бойынша мемлекет тек жеке сектор атқара алмайтын қызметтерді ғана өз қолында қалдыруға тиіс. Қазақстанда осы қағидаға негіздел­ген заң 2015 жылғы көктемде қабылданды. Заңға сай, компаниялар өз функцияларын «мемлекеттік» және «коммерциялық» деп бөліп, оларды үнемі қайта қарап, талдап отыруы керек еді.

Келер жылдың соңына дейін елімізде квазимемлекеттік сек­тордың жаңа субъектілерін құруға мораторий жарияланды. Қазірдің өзінде 922 млрд теңгенің 396 нысаны жекеге беріліп, 69 кәсіпорын таратылды немесе қайта ұйымдастырылды. Мемлекет­­тің экономикадағы үлесін қыс­қар­ту жоспары аясында құны 2 трлн теңгеден асатын 500-ге жуық компания жекешелендіріледі, IPO/SPO арқылы сатылады немесе қысқартылады. Экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссия құрылып, мемлекеттік сектордың қайта ұлғаюына жол бермейтін заңнамалық шектеулер қарастырылуда. Сонымен қатар жекешелендіруге жаңа қағидалар енгізілді: мемлекеттің нарықтағы рөлінің уақытша сипаты, жеке инвестициялардың басымдығы және жеке монополияларға жол бермеу. Бұрын кәсіпкерлікке мемлекеттің араласуын кеңейтетін Кәсіпкерлік кодекстің 192-бабы­ның 5-тармақшасы да алынып тасталды.

Halyk Finance басқарма төрағасы Мұрат Темірхановтың айтуынша, «мемлекеттік капитализм» моделі мұнайдан түскен кірістердің Ұлттық қорға жиналуы арқылы ғана іске асып отыр.

«Экономикадағы мемлекеттің басты тетігі Ұлттық қор макроэко­номикалық ортаны нашарлатты. Ал жеке сектор икемді, өзгеріс­терге жылдам бейімделіп, инно­вация мен инвестицияны белсен­ді тартады. Сондықтан Үкімет мемлекетті негізгі ойыншы ретінде емес, ақылды реттеуші және стратегиялық инвес­тор ретіндегі модельге көшуі керек», дейді ол.

Сарапшылар қазіргі жағдай болжамға сай келмейтінін айтады. Ұзақ мерзімде экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесі қысқарып жатыр. 2000 жылы жеке сектор инвестициясы мемлекеттік капиталдың 25%-ы болса, 2023 жылы төрт есе асып жығылды. Оның үстіне жеке сектордың инвестициясы мемлекеттік секторға қарағанда тез өсуде, бұл үрдіс 2025 жылдан кейін айқын байқалады. Замир Қаражановтың айтуынша, мемлекеттік меншіктің азаюы тек төтенше жағдайларда мүмкін. Мысалы, 2023 жылы Риддердегі ЖЭС қыста қатып қалғаннан кейін мемлекет меншігіне қайта­рыл­ды. Алғашқы жекешелен­діру кезеңінде индустрия­мызды ұтқыздық: Алматы мақта-мата ком­бинаты сияқты зауыттар сау­да үйлеріне айналды. Шетелдік инвесторлар негізінен шикізат секторына қызығады, ал тоқыраған кәсіпорындарды қайта іске қосуға мемлекет қана мүдделі, өйткені шағын және орта бизнес үшін бұл қиын.

Оның айтуынша, ресми түрде бәрі бақылауда, шектен тыс жағдай жоқ. Ішкі нарықтағы мемлекеттік үлесі бар компаниялар шамамен 10%-ды құрайды, алайда мемлекет квазисектор мен қаржы институттары арқылы ықпалын сақтайды. Кәсіпкерлер мемлекеттік қатысы бар компаниялардың бәсекеде басым екенін жиі айтады, бірақ үкімет мемлекеттік үлесті қыс­қартуға әзір емес.

Сарапшы Мағбат Спановтың пікірінше, Үкімет мемлекеттік мүлік заңын жаңартып, мемле­кеттің экономикадағы қатысу шегін нақты анықтамайынша өзгеріс болмайды. Елімізде мемлекет пен бизнес арасындағы шекара айқын емес, мемлекеттік компаниялардың артында кім­дердің отырғаны ашық. Қазір квазисектор заңнама, бюджет, салық, субсидиялар арқылы экономикаға ықпал етеді.

«Бәйтерек», «Даму» сияқты қаржы институттары толық мемле­кеттің бақылауында, ал жаңа ойын­шылардың нарыққа шығуы шектеулі. Квазисектор­ға шектеу қойылмай, мәселе шешілмейді, себебі дербес компаниялар да мемлекеттің ықпалында қалады. Әлемдік нарық болжамнан алшақтап барады. АҚШ пен Еуропа қарызға белшесінен батып, қамтамасыз етілмеген ақшаны көптеп шығарып отыр. Еліміз де бұған ұқсас жолды бастағанымен, дұрыс емес екенін ерте түсінді. Басқа елдердің тәжірибесін толық көшірмеу керек, өз мүмкіндіктеріміз бен әлсіздіктерімізді ескеріп, тең­дес­тірілген шешім қабылдау маңызды», дейді ол.

Мағбат Спановтың айтуынша, дағдарыс кезінде мемлекеттің үлесінің өсуі заңды, бірақ әсер ету әдістері өзгеруі керек. Еліміз бірнеше рет өтпелі кезең­ді бастан кешірді, оның ішінде 90-жыл­дары одақтағы зауыттар­дың сау­да нысандарына айналуы бел­гілі. Сарапшы банкротқа жақын кәсіпорындарды шетелдік инвесторлар сатып алады дегенге сенбеу­ге кеңес береді, себебі олар­ды қайта іске қосуға ұлттық инвес­торлардың мүмкіндігі шектеулі.

«Дамыған елдерде инвесторлар қызықпаған кәсіпорындарды арзанға сатып алып, дамытып, қайта нарыққа шығарады. Бізде бұл міндет мемлекеттің мойнында немесе келесі жекешелендіруге тәуелді. Сондықтан Үкімет жеке­ше­лендіру заңын өзгертіп, инвес­торларға осындай мүм­кіндікті беруге тиіс. Сонда ғана мемлекет үлесін азайтуға болады», дейді ол.

 

АЛМАТЫ