Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев атап өткендей, дене шынықтыруды, бұқаралық және инклюзивті спортты дамыту, осы бағытта қажетті жағдай жасап, тиісті инфрақұрылымды қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осылайша Taldau Community елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен аталған салада жүзеге асырылып жатқан кешенді өзгерістерді дәріптеуге белсенді үлес қосып отыр.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен барлық өңірде бұқаралық спорт кеңінен дәріптеліп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді. Соның аясында дене шынықтыру мен спортты дамытуды көздейтін кешенді іс-шаралар да іске асып келеді. Игі дәстүрге айналған Taldau Run-ға алғашқы өңірлік жобамыз – Қарағанды Талдау мектебінің тыңдаушылары да қатысып отыр. Біздің бастамамыз жылдамдық пен нәтижені анықтайтын жарыс емес. Бұл – саламатты өмір салты, үйлесімді даму, жұдырықтай жұмылу, өзара қолдау, үнемі іздену сияқты құндылықтарды дәріптейтін қадам», деп М.Әшімбаев спорттық іс-шараны өткізуге қолдау көрсеткені үшін Астана қаласының әкімдігіне алғыс білдірді.
Айта кетер жайт, бұл жолы Taldau Run Талдау мектебінің бесінші легіне өтінімдер қабылдаудың басталуымен тұспа-тұс келді. Аталған жобаға қатысқысы келгендер өз өтінімдерін taldaucommunity@gmail.com поштасына жіберуге болады.
Талдау мектебі аясындағы оқу дәстүрге сәйкес келесі жылдың қаңтар айында басталып, сегіз аптаға жалғасады. Жоба мемлекеттік басқару, әлеуметтік және гуманитарлық зерттеулер, БАҚ сияқты салаларда талдау, сараптау тәсілдерін жетілдіруге арналған.