Қоғам • Кеше

Мүмкіндігі шектеулі, қарымы шексіз мамандар

0 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлемді көзбен көрмесе де жүрекпен сезетін әр оқырманның өзіндік тарихы мен тағдыры бар. Қанша сынақ көрсе де, өмірден сынбай, он екі мүшесі сау азаматтарға мотивация беретін оқырмандарымыздың біз үшін орны бөлек.

Мүмкіндігі шектеулі, қарымы шексіз мамандар

Осы кітапханаға келгеннен бастап, мен зағип жандармен етене араласып, олардың ішкі әлемін, қызығушылықтарын терең түсінуге мүмкіндік алдым.      

Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қазіргі замандағы қажетті ақпаратты іздеуге, тәжірбиелік қызметті пайдалануға бағыттау және әлеуметтік мәдени өмірге бейімдеу. Кітапхана өз жұмысын инклюзивті бағытта жүзеге асырып, әрбір оқырманға жеке көзқарас пен ерекше қызмет көрсетуге ұмтылады.

Өңірде 1 облыстық арнайы кітапхана және аудандық орталықтандырылған кітапханаларда 9 аудандық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған бөлімдер бар. Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында 4 бөлім, 1 сектор жұмыс істеп тұр. Біздегі оқырман саны – 3000, оның ішінде зағиптар саны – 935. Кітап қоры – 40558, оның ішінде мемлекеттік тілде 19672 дана кітап бар.

Кітапхана жұмысын инклюзивті бағытта ұйымдастыру үшін бірнеше маңызды жобалар жүзеге асырылды. Осы жобалардың нәтижесінде, кітапхана қызметі мүгедектігі бар адамдарға қажетті білім беру мен мәдениетті игеру үшін кең мүмкіндіктер ұсыну мақсатында инклюзия бағытындағы 13 жоба 2 үйірме жұмыс істейді. «Тифломузей», «Қауіпсіздікті сақтайық», «Kenes time», «Tiflo-асхана», секілді өзге де жобалардың біз үшін маңызы зор.  

«TIFLO-АСХАНА» жобасы аясында «Анама арналған ақ дастархан» облыстық байқауы өткізілді. «Инклюзия және театр» жобасы аясында «Жүрекпен оқыған шығармам» атты алғашқы инклюзивтік театр байқауы ұйымдастырылды. Оған өңіріміздің зағип балалары мен жасөспірімдер қатысты.

«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Біз жеңістің ұрпақтарымыз» атты Брайль жүйесінде эссе жазудан республикалық байқауы өтті. Байқауда Қазақстанның әр аймағынан, нақтырақ айтсақ, Жамбыл облысы, Алматы, Павлодар, Астана, Шымкент қалаларынан 50-ден астам зағип қатысушыларының жұмыстары ұсынылып, жеңімпаз атанған қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды, нәтижесінде 200 оқырман қатысып, 70 кітап ұсынылды.

 Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» акциясы аясында жыл басынан 4 мыңға жуық оқырманның қатысуымен мемлекеттік мерекелерге, айтулы күндерге, жазушылардың, ақындар мен қоғам қайраткерлерінің мерейтойларына арналған 122 іс-шара өткізілді. Кеш қонақтарының еңбектерін насихаттау мақсатында зағиптарға арналған Брайль қарпіндегі аудармалары және аудиотаспа кітаптары шығарылып отырады.

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға шексіз мүмкіндіктер ұсынып, олардың болашаққа деген сенімін нығайту үшін аянбай еңбек етіп жүр. Бізде мүмкіндігі шектеулі 4 қызметкер жұмыс істейді. Олардың ішінде 2011 жылдан бері жүйелі жұмыс атқарып жүрген тифология бөлімінің меңгерушісі Ербол Аққайұлының қызметіне көпшілік дән риза.

Ербол Аққайұлының еңбекқорлығы мен кәсібилігіне сөз жоқ. Алғашында кітапхана оқырманы болып жүрген азамат, кітапхнадан Брайль қарпін үйреніп бастады. Кейін өзі секілді көз жанарынан айырылып, тағдыр тауқыметін тартқан жандарға білгенін үйретуге кірісті. Алғашында зағип балаларға арналған мектеп оқулықтарын Брайль қарпіне аударудан бастаған ол  кітапхана оқырмандарының сұранысына қарай кейін 2 мыңға жуық кітапты тәржімалады.

Ербол Аққайұлының кәсіби шеберлігі мен жұмысына деген сүйіспеншілігі оны саладағы үздік мамандардың біріне айналдырды. Ол зағип жандарға Брайль қарпінде кітаптар аударып қана қоймай, оларға компьютерлік сауаттылықты үйретіп, әрбір оқырманмен жеке жұмыс істеп, оның рухани қажеттіліктерін түсінуге тырысады. Осылайша, ол әлеуметтік инклюзияны ілгерілетуге өз үлесін қосып жүр. Ол 2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай «Облысқа сіңген еңбегі үшін» төсбелгісін, 2021 жылы Ұлттық Академиялық  кітапханасының «Кітапхана ісінің  үздігі» төс белгісін, «Рухани қазына – 2021» фестивалінде «Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері» номинациясын, 2024 жылы Қазақстан Республикасының «Алтын жұлдыз» төсбелгісін иеленді.

   Әріптесім, үшінші топ мүгедегі Шоира Миршарипованың да жұмысы көңіл тоғайтады. Алғашында кітапхана редакторы болып қызмет атқарған ол оқырмандармен тез тіл табысып, жұмысты жандандырды. Кейін оның кәсіби және адами қасиеттері жоғары бағаланып, абонемент бөліміне оқырмандарға қызмет көрсету үшін ауыстырылды. Кітапханашы ретінде Шоираның ең басты қасиеттерінің бірі – эмпатия. Зағип жандар күнделікті өмірде көптеген қиындықтарға тап болады, сондықтан олармен жұмыс істегенде, кітапханашы олардың ішкі күйін түсініп, қажетті қолдау көрсетуі керек. Шоира өз қызметінде осы қасиетті жоғары деңгейде ұстанып, әр оқырманға жан тәнімен көмектеседі.

Оның жұмысына тән ерекшеліктердің бірі – оң қолынан айырылғанына қарамастан ол өз жұмысын кәсіби тұрғыда атқарып отыр. Шоираның бұл жұмысына деген адалдығы, кісілігі бізді тәнті етпей қоймайды. Ол да бірнеше үлкен марапатқа ие болды.

Қалай десек те бізде өз ісіне адал мамандар аз емес. Мүмкіндігі шектеулі болса да, қарымы шексіз азаматтардың жанкештілігі кімге де болса үлгі деп пайымдаймыз.

Толқын Күзенова, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары.

Тараз