Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Әлия Бекешеваның айтуынша, тұмау жұқтырғандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Маусымдық тұмаудың зертханалық расталған 17 жағдайы анықталып отыр. Осы кезге дейін 58 мыңнан астам адам вакцина салдырған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев емханаларға тұмау симптомымен бір тәулікте 154 адам қабылдауға жүгінгенін айтты.
«Стационарларда 209 науқас жатыр. Ем қабылдаушылардың арасында 126 бала мен 45 жүкті әйел бар. Осыған байланысты өңірде қосымша шара қабылданды. Тұрғындардан тұмау белгілері байқалса, бірден медициналық көмекке жүгінгені абзал», дейді Қайсар Абдалиев.
Атырау облысындағы медициналық мекемелерде 381 инфекциялық төсектік орын бар. Емханалардағы фильтр кабинеті сағат 08:00-20:00 аралығында жұмыс істейді. Ал мобильді бригадалардың жұмыс уақыты 22:00-ге дейін ұзартылып отыр. Сондай-ақ облыстық инфекциялық ауруханада қосымша бір дәрігерлік бекет ашылды.
Атырау облысы