Қоғам • Кеше

ЖИ камералары тәртіпке жәрдемші

20 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жетісу облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында цифрлық технологияларды енгізу кейінгі жылдары айтарлықтай жанданды. Өңірдің полиция департаменті заманауи талаптарға сай ақпараттық жүйелерді кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Бүгінде құқық қорғау саласындағы жұмыстарды жеделдететін құралдар іске қосылып жатыр.

ЖИ камералары тәртіпке жәрдемші

Суретті түсірген – Жеңіс ЫСҚАБАЙ

Бұл өзгерістер тек тех­никалық жаңашыл­дық емес, ең алдымен, тұр­ғындардың қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған жүйелі реформа екенін уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Жетісу аумағына орна­тылған бейнебақылау жүйе­сі – өңірдегі қылмыстың алдын алудың негізгі тіректерінің бірі. Бүгінде Жедел басқару орталығында 20 200 бейнекамера жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 1 234 камераны аталған департамент өз қаражаты есебінен орнатқан.

«Камералар Талдықорғаннан бастап Текеліге, Панфиловтан Қаратал мен Ескелді аудандарына дейін орналасты. Бұл құрылғылар көшелер мен қоғамдық орын­дардағы қозғалысты тәулік бойы бақылап, құқық бұзушылыққа қатысты ақпаратты жедел жет­кізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыс әкімдігі мен про­куратураның қолдауымен ен­гізілген «Target AI» платформасы бейнебақылаудың мүмкіндігін еселеп арттырды. Интеллектуалды камералардың көмегімен бет әлпетті тану функциясы тиімді жұмыс істей бастады. Жедел басқару орталығына орнатылған 87 жаңа интеллектуалды камера іздеуде жүрген азаматтарды автоматты түрде анықтап, дер кезінде полицияға ескерту жібереді», дейді жергілікті полиция қызмет басқармасының басшысы Қайсар Мұхметов.

Осы жүйенің нәтижесінде кейінгі уақытта іздеуде жүрген 6 адам анықталып, құрықталған. Жасанды интеллект қылмыстың алдын алуда ғана емес, жедел әрекет ету уақытын қысқартуда да маңызды рөл атқарып отыр. Алдағы уақытта облыста қосымша 165 жаңа камера орнату жоспарда тұр. Оның 145-і – ойын-сауық орындарына, 20-сы стихиялық қоқыс шығатын аймақтарды бақылауға бағытталады. Бұл – қоғам­дық тәртіпті сақтауға бағыт­талған кешенді саясаттың өзекті бөлігі.

Қоғамдық қауіпсіздіктің ең әлсіз тұстарының бірі – білім беру ұйымдарының қорғалуы. Қазір өңірдегі 321 мектептің 279-ы террористік қауіптің екінші және үшінші санаттарына сәйкес бейнебақылау жүйелерімен толық жарақтандырылған. Барлық мектепте камералар орнатылып қана қоймай, дабыл түймелері іске қосылған. Бұл жүйе күмәнді жағдай туындаған кезде дереу әрекет етуге жағдай жасайды. Департамент өкілдері мектеп басшыларымен бірнеше кездесу өткізіп, қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Білім беру мекемелерінде ор­натылған цифрлық бақылау – бала­лардың өміріне төнетін қауіптің алдын алатын ең сенімді жолы.

«Облыс тұрғындарынан келіп түсетін өтініштерді жедел қабылдау мақсатында омниканалды жүйе толық іске қосылды. Талдықорған қаласында «102» қосымшасын қабылдайтын үш операторлық орын ашылды, ал аудандық бөлімшелерде интернетке қосылған заманауи жабдықталған 9 жұмыс орны жұмыс істейді. Азаматтар өз өтінішін «EgovMobile», Kaspi.kz, Halyk Bank мобильді қосым­шалары және ID «102» арқылы жолдай алады. Бұл – полиция мен тұрғындар арасындағы байланыс­ты жеңілдетіп қана қоймай, уақыт жоғалтпай нақты әрекет етуге мүмкіндік беретін тиімді формат. Бүгінге дейін осы жүйе арқылы 308 өтініш қабылданып, олардың барлығы жауапты тұлғаларға бекітіліп, қаралуда. Омниканалды жүйенің артықшылығы – кез келген азаматтың оқиға орнына бармай-ақ қолындағы мобильді қосымша арқылы құқық қорғау органдарына жедел хабарласа алуы», дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әлімбек Смайлов.

Полиция департаментінің цифрлық шешімдері – өңірдегі тәртіп пен қауіпсіздікті нығай­тудың негізгі бағдары. Бейне­бақылаудың кеңеюі, жасанды интеллектінің енгізілуі, мектептердегі қауіпсіздік жүйе­лерінің жаңартылуы және тұрғындарға арналған жедел арна­лардың ашылуы – бір мақсатқа біріктірілген кешенді іс-шаралар. Мұнда облыс тұрғындарының қауіпсіздігін барынша нығайту, құқық бұзушылықтың алдын алу және заң үстемдігін қамтамасыз ету басты назарда тұр.

Цифрлық технологияларды шебер қолдану – құқық қор­ғау органдарының күнделікті қызметін жеңілдетіп қана қоймай, қоғамда тәртіп пен сенім атмосферасын қалыптастыруға жол ашады. Жетісу өңірінің бұл бағыттағы тәжірибесі еліміздің басқа аймақтарынан кем емес. Полиция департаменті заманауи технологияларға сүйене отырып, «Заң және тәртіп» қағидатын нақты істе жүзеге асыруға негіз­делген кешенді цифрлық реформаларды кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Әрбір тұрғын үшін қауіпсіз орта құруды көздеген бұл бастамалар бүгінде өңірдегі құқық қорғау саласының ажырамас бөлігіне айналды.

«2024 жылы Талдықорған мен аудандарда «SOS» дабыл батырмалары орнатылып, қоғамдық орындарда қалыптасуы мүмкін кез келген төтенше жағдай кезінде полицияның жедел әрекет ету мүмкіндігі айтарлықтай күшейді. Қала орталығындағы шабуыл, тонау, келушілер арасындағы жанжал немесе денсаулыққа қауіп төнген сәтте тұрғындар бір батырманы басу арқылы көмек шақыра алады. Қазір облыс бойынша 16 нүктеге дабыл құрылғысы қойылса, 2025 жылдың соңына дейін адамдар көп жиналатын жерлерге тағы 8 батырма орнату жоспарланып отыр. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігін бұрынғыдан да толық қамтуға бағыт­талған нақты қадам», дейді Ә.Смайлов.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сервистік полиция моделіне көшу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде аудандық деңгейде Кіші Жедел басқару орталықтарын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Былтыр қанатқақты жоба ретінде Қаратал ауданында алғашқы орталық іске қосылған. Бұл орталықтар «102» арқылы келіп түсетін хабарламаларды автоматты тіркеу, полиция нарядтарының жұмысын бақы­лау және қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында құрылған. Облыс әкімдігінің қол­дауымен тағы 8 ауданда осындай орталықтар ашылмақ. Бұл – полиция қызметінің ашықтығын, жеделдігін және қоғаммен байланысын күшейтетін маңызды реформа.

Ал жол қауіпсіздігі – өңірдегі цифрландыру бағытындағы ең ірі жобалардың бірі. Бүгінде облыс аумағында автоматты тіркеу жүйесімен жабдықталған 92 бекет жұмыс істейді. «Мерген», «Сергек», «Зерек» және «Видар» жүйелері арқылы жалпы 500 камера жол қозғалысын тәулік бойы бақылап, ереже бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді. 2024 жылы республикалық маңызы бар жолдар мен Талдықорған қаласында қосымша 34 стансаға 216 камерасы бар «Сергек» жүйесі іске қосылды. Бұл – көлік қозғалысы ағыны көп аймақтарда қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттырды.

«Жолдағы тәртіпті күшейту мақсатында «Қорғау» мобильді қосымшасы енгізілді. Жүйе полиция қызметкерлерінің планшеттеріне орнатылып, автоматты тіркеу жүйелерімен бір орталыққа біріктірілген. Бұл жалған нөмірлерді, жүргізушілік құқығынан айырылғандарды, іздеудегі көліктерді, тіпті жоғары қауіп төндіруі мүмкін авто­көліктерді анықтауға мүмкіндік береді. Полицияның мобильді патрульдері үшін қосымша бақылау көзі ретінде «EKIN Patrol G2» мобильді кешендері де сатып алынды. Олар жолда жүріп-ақ ереже бұзушылықты автоматты тіркейтін заманауи құрылғы», дейді Қ.Мұхметов.

Жалпы, жол-көлік оқиғала­рының алдын алуда «TOR» цифрлық жүйесінің рөлі ерекше. Бұл жүйе облыс аумағындағы барлық камералардан келіп түсетін ақпаратты бір орталыққа біріктіріп, жолдағы жағдайды нақты уақыт режімінде талдайды. Апатты аймақтарды алдын ала анықтап, тәуекелдерді болжауға мүмкіндік береді.

Қараңыз, қоғамдық тәртіпті сақтау барысында бақылау тетік­терін күшейту мақсатында 150 электрондық бақылау құралы (браслеттер) енгізілген. Бұл – шартты түрде сотталғандарды, күдіктілер мен айыпталушыларды қадағалауда аса ма­ңызды рөл атқаратын заманауи әдіс. Олардың қозғалысы, белгіленген шектеулерді орындауы онлайн түрде бақыланып, құқық бұзушылықтың қайта­лануына тосқауыл қойылады.

«Полиция қызметінің ашық­тығы мен қоғам сенімін арттыру бағытында аса маңызды жаңашылдық – смарт бейнежетондар. Бұл құрылғылар қыз­меткердің әрекетін бейне­тіркеумен қатар, жеке тұлғаны сәйкестендіру, екі факторлы рұқсат беру, төтенше жағдай кезінде жедел ақпарат жолдау сынды бірнеше функция­ны қатар орындайды. Облыста 676 смарт-бейнежетонды үш жыл мерзімге жалға алу жөнінде келісім жасалып, қазір серверлік инфрақұрылымды орнату жұ­мыстары жүріп жатыр. Бұл – полиция мен халық арасындағы ашық диалогті күшейтіп, заң үстемдігіне деген сенімді нығай­тады», дейді Ә.Смайлов.

Жетісу облысында цифрлық қауіпсіздік жүйелерінің осылай жүйелі түрде енгізілуі – өңірдің құқық қорғау саласындағы жаңа дәуірі деуге болады. Заманауи технологиямен жарақтанған полиция – қылмыспен күресте, жол қауіпсіздігін сақтауда, тө­тенше жағдайларды жедел бас­қаруда бұрынғыдан да тиімді. Бастысы, бұл өзгерістердің бәрі өңір халқының қауіпсіздігіне, тыныштығына және құқықтық сеніміне қызмет етеді.

 

Жетісу облысы