Облыстық сайлау комиссиясы келтірген дерекке жүгінсек, жыл басынан бері өңірдегі 53 ауылдық округ әкімі сайланыпты. Халық таңдаған әкімдердің орташа жасы 44-ті құрап отыр. Сайлауда жеңіске жеткендердің 51-і ер-азамат болса, 2 нәзікжанды азамат ауылдық округтің тізгінін қола алған. Қайта сайланған әкімдердің үлесі 58,3 пайызды құраған.
Демократиялық үрдіс негізінде өткен биылғы сайлауда Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстанбеков екінші рет халық қолдауына ие болды.
2006–2010 жылдары аудандық «Құлан таңы» газетінің бас редакторы қызметін абыроймен атқарған М.Арыстанбековті әріптесіміз деп айтсақ та болады.
«Еңбекші және Көкарық елді мекендерінен құралған Абай ауылдық округінде 2 300-ге жуық халық қоныстанған. Біздің аудан аграрлы аймақ болғандықтан, жергілікті халық та ауыл шаруашылығын өркендетуге басымдық беріп отыр. Өңір және аудан басшыларының қолдауымен ауылымызда атқарылған жүйелі жұмыс аз емес. Екі жыл бұрын көктем және күз мезгілінде тау суының тасқыны зәремізді алды. Еңбекші ауылын су басу қаупі туындады. Сол кезде табиғи апаттың алдын алу үшін 3,8 млн теңгеге дренаж қазылып, бұрынғы дренаж тазаланды.

Бұған қоса «Жастар» және Қаныш Сәтбаев көшелерінің бұрылысындағы электр желісі жөнделді. Еңбекші және Көкарық ауылдарына балалар ойын алаңдары салынды.
2024 жылы «Қарақатты» тоғанының құрылысы басталып, ауылға қарай жерасты құбыры тартылды. Оның жобалық құны шамамен 1 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта 200 гектарға жуық егістік алқабы мен ауылдағы жеке қосалқы шаруашылықтардың жерлері тұрақты түрде суарылатынын айта кеткен жоқ. Билік басындағы азаматтардың ықпалымен ауылымыздағы өзекті мәселенің уақтылы шешілгеніне жергілікті тұрғындар дән риза.
Ауылдағы орталық саябақты абаттандыру және Екінші дүниежүзілік соғысқа арналған ескерткіш үшін 3 млн 389 мың теңге қаражат бөлініп, 2,8 млн теңгеге «Есіркепова» жеке кәсіпкерлігі толығымен жобалық-сметалық құжатқа сәйкес абаттандырылды», дейді Мұратбек Дәкенұлы.
Жалпы, Абай ауылының халқы ауылдағы мектеп, амбулатория секілді өзге де әлеуметтік нысандарда еңбек етумен қатар, төрт түлік бағып, нәпақасын айырып отырғаны мәлім. Әкім келтірген дерекке жүгінсек, егістік алқап аумағы 4 мың гектардан асады. Сондай-ақ 25 мың гектардан аса жайылым бар. Күре жолдың бойында орналасқан ауылдың халқы мал шаруашылығын дамытып, оның ішінде мал бордақылаумен айналысады.
«Қазіргі кезде Абай ауылдық округінде 20 шағын және орта бизнес нысаны халыққа қызмет көрсетіп отыр. Елді мекендегі наубайханада тәулігіне 2 мың нан пісіріледі. Сондай-ақ күніне 5–10 тонна аралығында құрама жем өндіретін кәсіпорнымыз үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Бұған қоса ауылда жүн және тері қабылдайтын бір нысанымыз бар. Сонымен қатар күніне 1 000 шаршы метр профнастил дайындайтын цехымыздың да жұмысы тоқтаған емес», деді әкім.
Ауыл әкімінің айтуынша, «Қайрат» және «Нұрасыл» дүкендерінің иелері игілікті істен ешқашан бас тартқан емес. Олар апта сайын 70 нанды тегін таратады. М.Арыстанбеков ауыл тізгінін ұстаған жылдары облыс бойынша «Үлгілі ауыл» атанған Абай ауылдық округінде шынында да жан сүйсінтетін жұмыс аз емес. Оның айтуынша, абайлық жастар ауылды көгалдандыру, асхана салу, ашық бейіттерді қоршау жұмыстарына қай кезде де құлшына кіріседі екен.
Кейінгі жылдары Абай ауылы да өзге бірнеше елді мекен секілді мемлекеттік қолдаудың, түрлі бағдарламаның шарапатын көріп отыр. Әсіресе «Ауыл аманаты» бағдарламасымен іс бастаған кәсіпкерлердің жұмысы жандана түскен.

«Жеке кәсіпкер Гүлнұр Атханова қазіргі уақытта кәсібінен нәсібін тауып отыр. «Атханова» жеке кәсіпкерлігін ашқан ол Еңбекші ауылынан макарон шығаратын цех салып, ауданымызға, Тараз, Алматы қалаларына өнімдерін өткізіп жатыр. Ол өз ісін 50 млн теңге жеке қаражаты есебінен, сондай-ақ 17 млн теңге несие алу арқылы бастаған еді. Жоғарыда ауылымызда профнастил шығарылып жатқанын айттым. Оңтүстік Корея елінде білімін шыңдаған Ғани Шындалиев «Ауыл аманаты» бағдарламасының 5 бағыты бойынша жаңа істі қолға алды. Бір емес, екі бірдей жобаны бастаған азаматтың жұмысы бір жүйеге түскен. Ғани Бейбітбекұлы осы цех аумағында шатыр жабуға қажетті жабынқыш шығаруды да іске асырмақ. Ол үшін тиісті құрал-жабдықтар әкелініп, дайындық жұмысы басталып кетті. Бұған қоса жеке кәсіпкер Жапсар Әлібек «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 10 бие алса, қазір оның санын 15-ке жеткізді», дейді М.Арыстанбек.
Нақты дерекке жүгінсек, ауылдық округтегі ауыл шаруашылығы техникалары жеткілікті. 25 трактор, 6 комбайн, 15 жүк көлігі, 15 тұқым сепкіш құрылғы, 9 соқа, 10 тырма бар. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2 трактор, 2 соқа, 1 дән сепкіш құрылғы, 1 тыңайтқыш себетін техника алынған. 52 ауылшаруашылық құрылымдары тіркелген. Тұрақты жұмыс істейтін ұжымдар саны – 52.
«Қазір ауылда мал бордақылаумен айналысатын тұрғындар саны артты. Бір ғана «Сүйін» шаруа қожалығының 4 мал бордақылау алаңында 100 мүйізді ірі-қара, 90 жылқы, 200 ұсақ мал, барлығы 390 мал бордақыланып жатса, 30 бас жылқыдан қымыз сауылмақ. Басқа мал бордақылау алаңдарында 50 мүйізді ірі-қара, 30 жылқы, 110 ұсақ мал бордақыланып жатыр. Жалпы, ауылдағы мал бордақылау алаңдарында аптасына 6 тоннадан асатын ет дайындалады», дейді ауыл әкімі.
Абай ауылында атқарылған жұмыс аз емес. Ең бастысы, елді мекенде халыққа қажетті әлеуметтік нысандар жеткілікті. Демеушілер есебінен де біраз жұмыс тындырылған. Облыстық автомобиль жолдары басқармасы арқылы ауылға 6 жерден жаяу жүргіншілер жолағы мен жасанды бұдырлық орнатылған. Қазіргі уақытта ауылішілік көшелердің барлығы қатты жабынмен қапталып (асфальт), жарықтандыру жұмысы аяқталған. Су мен газ желілері тартылған.
Төрт жыл шамасында аудандық газетті басқарған әріптесіміз әкімдік қызметте ашықтық қағидатын ұстанады. Әр істің басында өзі жүретін Мұратбек Дәкенұлы бірер жыл бұрын «Үздік ауыл әкімі» байқауының облыстық кезеңінде топ жарды. Республикалық додада үздік үштіктен көрінді. «Үздік әлеуметтік-экономикалық жоба» аталымының иегері атанды. Ал өзі басқаратын ауыл «Үлгілі ауыл» байқауында екінші тұғырдан көрініп, 4 млн теңге сыйақыға ие болды. Сондай-ақ Абай ауылы 2021 жылы Республикалық рухани жаңғыру орталығы мен тәуелсіз медиа құрылымдар ұйымдастырған «Тәуелсіздіктің үздік 30 ауылы» жобасында үлгілі ауылдар санатына еніп, арнайы сыйлыққа ие болған еді.
Абай ауылында дүниеге келген, бүгінде ел намысын абыроймен қорғап жүрген саңлақтар аз емес. Олардың көшін грек-рим күресінен әлемдік додада олжа салған Ержет Жарылқасын бастап тұр. Енді бұл ауылға спорт кешені салынса, Ержеттің ізін басқан чемпиондар көбірек шығады деп үміттенеміз. Ауылда спорт кешені жоқ демесек, басқа мәселенің бәрі шешілген.
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы,
Абай ауылы