Фото: Ашық дереккөзден
Астана қаласы әкімдігінің мәліметінше, қазір Астанадағы барлық емхана, оның ішінде балаларға арналған фильтрлік кабинеттерде жұмыс тәртібі күшейтілген режимге көшкен. Онда жүгінушілер қатары күн сайын қалыңдап келеді.
Осыған байланысты №3 көпбейінді қалалық Балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Абайхайдар Талантұлы балада ауру белгілері байқалса қандай әрекет жасау керек екенін айтып берді.
Дәрігердің айтуынша, балалар ауырса, алдымен тез арада фильтрлік кабинетке жүгіну керек. Себебі аурудың алғашқы белгілеріне бей-жай қарау, үйде ұзақ емдеу ауруды асқындыруы ықтимал.
«Ата-аналар, көбіне дене қызуын түсіретін дәрілерді дұрыс мөлшерде бермейді. Мұндай дәрілер баланың жасына және салмағына сәйкес есептелуі қажет. Дозаның көп немесе аз болуы ағзаға қосымша салмақ түсіреді. Дәрілер әр алты сағат сайын ғана берілуі тиіс. Ал температураны 38,5°-қа жеткенде ғана түсіру керек. Оған дейін ағза вируспен өздігінен күреседі. Тек тырысу синдромы бар балаларда бұл көрсеткіш 37,5°-тан аспауы тиіс. Аталған топтағы балалар ерекше бақылауды қажет етеді», деді Абайхайдар Талантұлы.
№3 көпбейінді қалалық Балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Астанадағы ЖРВИ ахуалы бақылауда болғанымен, қауіп толық сейілмегенін де ескертті.