Заң • Бүгін, 16:35

Сейсмикалық қауіпті аймақтарда құрылыс талабы күшейтіледі

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжіліс Мемлекет басшысының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнаманы жүйелеу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында әзірленген жаңа Құрылыс кодексін және оның ілеспе түзетулерін екінші оқылымда қабылдады, деп жазады Egemen.kz.

Сейсмикалық қауіпті аймақтарда құрылыс талабы күшейтіледі

Фото: ku.edu.kz

Құжат бойынша сейсмикалық қауіпті аймақтардағы құрылыс талаптары күшейтіліп, қала құрылысын жоспарлау кезінде сейсмикалық микроаймақтау карталарын есепке алу міндеттеледі.

Бұл карталар сейсмикалық қауіп деңгейін ғана емес, гидрогеологиялық жағдайды, белгілі бір учаскелердегі топырақ сипатының ерекшеліктерін ескереді. 

Кодексте сейсмикалық қауіпті бағалау сынды жаңа реттеу тетігі бекітілген. Сондай-ақ құрылыс нысандарының пайдалануға жарамды не жарамсыздығын анықтауға, конструкциялардың сапасын тексеруге, нысанды тозған деп тануға, қайта жаңарту мүмкіндігіне бағытталған қолданыстағы құрылыс нысандарын паспорттау жөніндегі нормалар көзделген.

Ал нысандарды паспорттау жауапкершілігі жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.

Сонымен қатар Құрылыс кодексі бойынша қажетті инженерлік тексеру жұмысын жүргізбей тұрып жобалық құжаттаманы дайындауға, нысандарды салуға тыйым салынады.

Егер құрылыстың тығыздығы, ғимараттардың биіктігі немесе әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету нормалары бұзылса, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгеріс енгізуге болмайды.

Заң құрылыс нысанының «ескі» және «апаттық» жай-күйі, «өрт-техникалық тексеру» және «сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы автоматтандырылған тізілім» ұғымдарын да нақтылайды.