Руханият • Кеше

Құсбегілер бәсекесі

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Баянауылда әйгілі құсбегі Мәуия Әбікейұлының 125 жылдығына арналған республикалық құсбегілер сайысы өтті. Еліміздің әр өңірінен қыран құс пен тазы баптаған саятшылар қатысып, бабадан қалған өнердің биік рухын көрсетті.

Құсбегілер бәсекесі

Мәуия Әбікейұлы – XX ға­сырдың алғашқы жартысында қазақтың кәсіби құсбегілік өнерін дамытып, кейінгі ұрпаққа мирас еткен бірегей тұлға. Бала кезінен қыран баптап, тазы жүгірткен ол 30-жылдардағы ашаршылық кезеңде аңшылық бригадалар құрамында елдің азық-түлік қорын толықтыруға үлес қосқан. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жылқы зауытында еңбек етіп, майданға ат дайындаған. 1957 жылы Мәуия Әбі­кейұлына «КСРО аңшылық кәсіптің үздігі» атағы бері­ліп, есімі ел жадында қалды. Құсбегі қария шағында әйгілі режиссер Шәкен Айманов­тың «Найзатастың етегінде» фильміне түскен.

Турнирдің ашылу салтанатында Баян­ауыл ауданы әкімінің орынбасары Еркін Арыстанбеков, Павлодар об­лыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Ахмет­жанов, сондай-ақ рес­публи­калық «Құсбегілік» феде­ра­циясының вице-президенті Бағдат Мүптекеқызы мен Туризм және спорт министрлігі спорт комитетінің мемле­кеттік жаттық­тыру­шысы Базарбек Күн­туған сөз алып, ұлттық өнердің ұр­пақ жа­дында сақта­луының маңызын атап өтті.

Бүркіт, қаршыға, ител­гі, тазы жарысында қатысушылар шеберліктері сыналды. Бүркіт салудан бірінші орынды Жамбыл облысының қатысушысы Берік­болсын Бабажан иеленсе, аталған өңірдің тағы бір қатысушысы Серікболсын Жалғасұлы қар­шыға салудан топ жарды. Ал ителгіні құсқа салудан Ақмола облысынан ат терлетіп келген құсбегі Ерлан Кенжетаев ал­ғашқы орынды олжалады. Сондай-ақ арлан тазылар жарысында бірінші орын Майқайың кентінің құсбегісі Бауыржан Тілеубергеновтің Тұйғынына, қаншық тазылар жарысында Қарабай ауылынан қатысқан Секенай Шал­қарбаевтың «Көк­сиіне» бұйырды.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы

Соңғы жаңалықтар